Қазақтың саяткерлік өнерін қысқы спорт түріне жатқызуға бола ма?

Негізі, Халықаралық олимпиада комитетінің талабы бойынша қысқы спорт түрлері тек қана не қардың, не мұздың үстінде өтуі тиіс. Былай қарасаңыз, қазақтың саяткерлік өнері де қардың үстінде өтеді. Сондықтан «қазақтың саяткерлік өнерін қысқы спорт түрлеріне жатқызу керек» сияқты. Алайда мұнымен келіспейтіндер де бар екен. Бүгін осы ойды ой-көкпардың талқысына салып көрген едік.

Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫ, «Қыран» федерациясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
Иә

– Әрине, саятшылықты қысқы спорт түріне жатқызуға әбден болады. Бұл ретте әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов: «Саятшылық – ұлттық спортымыздың биік шыңы», – деп атап өткен болатын. Ақ қардың үстінде, күні бойы ат үстінде, қолында – Алатау мен Алтайдың ақ иық қыраны, соңында құмай тазысын ерткен шымыр денелі, қыстың қатал мінезінен қаймықпаған дала перзенті — құсбегіні нағыз спортшы деуге неге болмасын?! Мысалы, ат спорты да Олимпиада ойындарына енген. Енді атты спорт түріне жатқызып тұрып, қырандарымызды, өзіміздің ұлттық өнерімізді оған неге енгізе алмасқа? Мәселен, атты баптайды, бағып-күтеді, сосын жарысқа қосады. Құс та дәл осылай бапталады, үйретіледі, сосын барып аң-құсқа саласың. Егер талап бойынша жануарлар спорт түріне жатқызылмайды десе, онда әңгіме басқа.
Бұл жерде ат спорты Олимпиадаға енгеннен кейін құсбегілікті де қысқы спорт түріне жатқызуға тиіспіз. Сондықтан тиіс­ті органдар ұлттық өнерге мұрын шүйі­ре қарамай, осы мәселеге баса назар аударуы міндет. Бірақ, өкінішке қарай, шенеу­ніктеріміздің арасында ұлттық өнерге жа­­ны ашитындары өте аз. Соның салдарынан құсбегілік өнеріміз өз деңгейінде дамымай отыр.
Әлемдегі халықтардың өзіне тән, еш­бір елде кездесе бермейтін сирек өнері бар десек, қазақ үшін саяткерліктің орны ерек­ше, сол үшін де әлемде алғашқы болып, оны спорт түріне енгіздік. Келешекте қысқы Азия ойындарына, одан әрі олимпиадалық ойындар қатарына қосса, әлемде теңдесі жоқ ғажаптың бірі болар еді ғой! Арман ғой, арман...
Ол емес, бүгінде осынау ерекше мақ­танып көрсететін дүниемізді жүз жылда бір рет сәті түсетін әлемдік оқиға, Азия ойындары кезінде тым болмаса қонақтарға да көрсете алмадық. Қазір елімізге шетелден қаншама қонақтар келіп жатыр. Оларды ең болмаса өзіміздің ұлттық өнерімізбен күтіп ала алмай отырмыз. Неге Астанаға құсбегілерімізді шақырып, шетелден келген қонақтарға өз өнерімізді паш етпеске? Бұл қазақ деген ұлттың кім екендігін, тегінің қандай екендігін көрсететін үлкен мүмкіндік еді. Алайда ұлттық құнды­лық­та­рымыздан алшақтап кеткен, кейбір жалтақ шенеуніктеріміз «ой, қыран түлкіге түс­кенде жер-көктің бәрі қан болып, шетелдіктерден ыңғайсыз болады» деп бағ­дарламаға енгізбей қойды. Қалай десек те, биыл 20 жыл­дығымызды тойлағалы отырған тәуел­сіз еліміздің көк туында қанат қаққан қы­ран­ның әлемдік айтулы оқиғада қанатын жаза алмағаны — елдігімізге сын. Сон­дықтан ұлттық спорт туралы заң қабылдау керек. Бұл туралы сіздердің басы­лым­дарыңыз «Қы­ран­да­ры­мызды қам­қор­лық­қа алуды арнайы заң­мен бекіту керек пе?» деп мәселе кө­тергеннен кейін Мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербаев осы жайында Үкіметке депу­тат­тық сауал жолдады. Алай­да ол да аяқсыз қалып отыр.

Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ

— Мен бұған қосылмаймын. Өйткені құс­бегілік жарыстарды өткізу үшін нақты бір бел­гіленген мерзім жоқ. Яғни құсбегілікті қыста да, жазда да, күзде де өткізе беруге болады. Бүркіт қай кезде бапталып дайын тұрса, сол уақытта аңға шыға бересің. Ал енді оны алып келіп, қысқы спорт түріне жатқызып қойсақ, онда не болады? Мысалы, арабтарда қыс деген болмайды. Олардың шейхтары кез келген уақытта аңға шығып, құмарын басады. Бізде де егер бүркіт дайын болса, кез келген уақытта аңға салуға болады. «Қан сонарда бүркітші шығады аңға...» демекші, бұрынғы ата-бабаларымыз қыста шығушы еді. Қазір бұл өнер мезгіл таңдамайды. Сондықтан құсбегілік өнерді қысқы спорт түріне жатқызудың керегі жоқ. Өйткені бүркітті тек қыста ғана алып шығу керек дегенмен ешкім келіспейді.
Мен осылай ойлаймын. Сондай-ақ «құсбегілікті халықаралық дең­гей­де өт­кізу керек пе» деген сұраққа ке­лер бол­сам, бұл өнерді әлемдік дә­ре­жеде өткізу қиын. Мәселен, ұлттық ойы­нымыз көкпарды Орта Азия дең­гейінде өткізуге болады. Себебі бұл ойын түріне қыр­ғыздар, өзбектер, моң­ғолдар т.б. елдер қатты қызығады. Мұндағы дүбірлі дода өте тартысты өтуші еді. Ал енді құсты мұндай дәрежеде өткізе алмайсың. Ол үшін арабтармен ақылдасу керек. Неге дейсіз ғой? Арабтардың ішінде құс­тың түр-түрін баптайтындар өте көп. Оларда құстың бағасы да бізге қара­ғанда қым­бат тұрады. Сондықтан мұны сол елмен ақылдаса отырып ше­шу керек. Бірақ, қанша дегенмен де, құсбегілік өнер бір-екі елде ғана да­­мыған. Бірақ бұл да – қызық өнер.

Бейтарап пікір
Амалбек ТШАН,
Республикалық спорт колледжінің директоры:
– Негізі, қазақтың құсбегілік өнері қыс кезінде өтетін болған. Егер оны қолға алатын болсақ, бұл өнерімізді қысқы спорт түріне жатқызуға болады. Мәселен, кәрістер олимпиадалық спортқа өздерінің таэквондосын кіргізді. Жапондар дзюдосын кіргізді. Неге қазақ өзінің төл өнерін қысқы спорт түріне енгізбеске? Қазір барлық ел өздерінің ұлттық өнерін халықаралық ойындарға кіргізуге талпынып жатыр. Сондықтан бұған мемлекет тарапынан оң көзқарас болып, ұлттық өнерімізді халықаралық ойындарға енгізуге талпынатын болсақ, оған қол жеткізуге болады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста