«Қазақтілді оқулықтардың сапасы сын көтермейді» деген пікірмен келісесіз бе?

Білімнің сапасы оқулықтың деңгейімен өлшенетіні белгілі. Өткен қиын кезеңдерде де Алаш арыстары өздері оқулық жазып, бүгінгі бір баспаның ісін атқарғаны да мәлім. Ал қазір автор да көп, баспалар да дамыған, мемлекеттік қолдау да артқан заман. Сөйте тұра, оқулық жазу, әсіресе, қазақтілді оқу құралдарын дайындау әлі ақсап келеді. Білім мекемесінің басшылары «бұл соңғы бір-екі жылдың емес, он шақты жылдың көлемінде шоғырланған күрделі жағдай» дейді. Сондықтан да болар, сенген баспаларымыз оқулық шығаруда орынды сындарға да ұшырап жатыр. Ал баспагерлер болса, «сынды да оңды-солды бората бермей, алды-артты бажайлап алып сөйлеген дұрыс» дейді.

Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:
Иә

– Қазіргі уақытта мектеп оқулықтары­ның сапасы — жиі сөзге ілігіп жүрген қиын да, қүрделі мәселе. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның ұрпақ тәрбиелеудегі қадамы ауыз толтырарлықтай емес деуге батылың бар­майды, бірақ шындықтан айналып кете алмайсың. Айталық, енді ғана «Әліппені» тауысып, әріптерді кеше ғана қосып үй­рен­ген балдырғанға олар түгілі, ересек ба­лаларға қиын түсетін мәтіндердің, жат­таулардың берілуі ақылға сыймайды.
1-сыныптан бастап 3-сыныпқа де­йін­­гі жеңіл сөздермен берілуі тиісті мате­риал­­дар қазақ тілінің қойнауында жатқан күрделі сөз орамдарымен беріледі. Әу бас­­тан ойын сатылай дамытып, жүйелі бі­лім алмаған баладан сауатты азамат шы­­ғады деу қиындау... Қалай айтсақ та, «ә» дегеннен бала түгілі, үлкен адамның тіл күрмеуіне келмейтін күрделі ұйқаспен құ­рылған өлеңдерді оқып-жаттауы қай баланың болсын оқуға, білім алуға деген қызығушылығын емес, жиіркенішін тудыра­ды.
Бір сөзбен айтқанда, мұндай оқу­лықтар – ұрпақ алдындағы қылмыс, бо­­­­­­ла­­­шағымызға төнген қауіп-қатер... Мә­селен, 1-сыныптың «Ана тілінде» ды­­­­­­­­­быс­­тардың дауысты, дауыссыз, жуан, жі­ңішке түрлерін оқыту, сөз таптары мен сөйлемдегі сөздердің байланысы сияқты күрделі грамматикалық тақырыптардың берілуі жас ерекшелігін ескермегендік бо­лып табылады. Ал оқулық тақырыптары қазақ зоологиясының мамандарын дайын­­­­дауға бағытталған оқу құралы ма деген ойға қалдырады. Сөзім жалаң бол­мау үшін 1-сыныпқа арналған «Ана тілі» оқулығынан бір мысал келтірейін: «Жыл­қы – ер қанаты, ол – суыққа төзімді, се­зім­тал, талғампаз жануар. Жылқыда өт жоқ, сондықтан ол күйіс қайтармайды». Осын­дағы «күйіс қайтару» деген сөзді үлкен­дердің ішінде түсінетіндері некен-саяқ. Ары қарай «төрт түліктің ішіндегі момыны қойдың сүйсініп жейтін азығы – изен, жу­­­­­сан, азырық» дейді. Осының ішіндегі «азы­рық» деген шөпті білгенді қойып, атын естімеген адамдар бар.
Бір қарағанда, жеңіл көрінетін Сапар­ғали Бегалиннің «Құлыншақ» деп аталған өлеңіне мән беріңізші (31-бет). Ал тап­сырмаларына назар аударыңыз: мәтіндер тек төрт түлік малға арналған: қой, жылқы, сиыр, түйе, боз бие, ақ бұзау, төрт түлік малдың атасы, қозы, өрісте, жайлау, ешкі, малдың төлін сүюі, малды құрметтеу, ар­ғымақ, тауық, қаз, төлді қалай ша­қырады, т.б кете береді.
Ал оқулықтағы (28-бет) «Жылқы» мәтінін оқып көріңіздер де, балаға түсін­діріп беріңізші... Ол ол ма?  «Менің атым – Бөлтірік», «Досболдың тап­қыр­лығы»  немесе «Махамбеттің тап­қыр­лы­ғы» деген бір жарым беттен тұратын мәтінді түсініп оқудың өзі 1-сынып ба­ла­сының психо­ло­гиясына  зорлық жасаумен бірдей. Ал енді 2-сыныптың «Қазақ тілі» оқулы­ғындағы қыс­қаша түсіндірмелі сөз­дікке көз са­лыңыз:
Үлек – нар түйенің таза тұқымды бу­ра­сы.
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқталмай тартып шығуға,
Қос үлектен туған кәтепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Бұл – Махамбет Өтемісұлының жыр­лары­нан үзінді. Неткен керемет түсініктеме! Басқасын былай қояйық. Мұндағы «үлек» сөзін түсінетін кім бар екен?  2-сыныптың оқулығы  төрт түлік малды қойып,  енді оның тұқымдарына тереңінен жан-жақты сипаттама беруге кірісіпті.
Осылардың бәріне көз жүгірте отырып, «қазақ мектебіне тек ауыл балалары ба­рар, ол бейшаралар малдан басқа не көрді, болашақта мал бағатын да адамдар керек емес пе» деген ниетпен жазылған оқулық сияқты деген ойға келесіз. Есесіне төрт жыл бойы қазақ мектебінің балалары ауа райын болжауды, шөптің түрлерін, мал бағу жайын егжей-тегжейлі үйреніп шы­ғуы­на арналған таптырмас әдістемелік құрал. Бір қызығы, балаларымыз  кітапты өз бетінше оқи алмай, мұғалімдерге тә­уелді болып  өседі. Барлық қазақ бала­ларын, олардың танымын тек ауыл өмірі­мен, ертедегі қазақтардың ұғымымен бір­­жақ­ты тәрбиелеуді, қа­зақ тілінде сауат ашуды ұлт өмірінің тари­хы­мен, ескі салт-дәстүрлерімен ғана бай­ланыстырып түсін­діруді мақсат еткендей. Осыдан барып қазақ мектебінің мұғалім­дері нашар, ал оқу­шыларының сана-сезімі орыс сынып­тарынан әлдеқайда төмен деген тұ­жырымға келіп, көптеген ата-аналар бала­ла­рын орыс мектептеріне ауыстыруға мә­ж­­­­­­бүр болады.
Бүгіндегі оқулық мәселесін қайта қолға алып, түбегейлі қарау – кезек күттір­мейтін мәселе.

Жұмабай ҚАЙРАНБАЙ, «Атамұра» баспасының жетекші редакторы:
Жоқ

– Қазақ тілді оқулықтың сапасына сын айта­тындар көбіне мәтіннің ауырлығы мен ондағы көне сөздерді алға тартады. Бірақ ол үшін оқулықтың бәрін сапасыз деп айтуға келмейді. Егер осыдан 30 жыл бұрынғы бала болса, оның түсінігі, ескі өмірге жа­қын­дығы бар болар еді. Не айтылып жат­қанын қиындықсыз түсінер еді. Ал қазіргі балаларға бұның белгілі мөлшерде қиын­дық келтіретіні рас. Ал енді қиындық келті­реді екен деп, күнделікті қолданыстағы сөздерді ғана беретін болсақ, оқушының қазақы сөздік қорынан мақұрым қалатыны да рас. Сондықтан мейлі оқулықта болсын, мейлі сыныпта болсын, ұлттық нақыштағы сөз­дерді аз-аздан беріп тұрмасақ, олардың тілі жетім қалады. Оқулық дайындаған кез­де, авторлар кейде сөзді сұрыптай алмай қа­лады. Олар мәтінді оқушыға бейімдеп, же­ңілдетуді ойламайды емес. Бірақ ақын-жазу­шылар біздің жазып қойған алтын дүниеміздің быт-шытын шығарыпты деп айтуы да мүмкін ғой.
Сөйтіп, оқулық авторлары екі ұдай күйде алаңдайды да, мәтінді бейім­деместен беріп жібереді. Ал оның ішінде балаға ауыр бес-алты сөз қатар келіп қал­са, ол оқырманға, ата-анаға түрпідей тие­тіні түсінікті. Сонымен бірге бұл оқу­лықтар осыдан 13 жыл бұрынғы бағ­дарлама не­гізінде жазылды.  12 жыл­дық­қа өтеміз де­ген әңгіме шыққан соң, 11 жылдыққа на­зар аударылмай қал­ды. Ал сын айтушыны біреулер айтақтады ғой дейін десек, оны көзбен көріп тұр­маған соң, аузымыз бар­майды. Егер алдағы уақытта стан­дартты, оқулыққа қойылар талапты өз­гертіп жатса, онда ба­ғыт та өзгереді. Онда оқулықтар бір­шама же­ңілдейді. Ал жа­райды, сына­дық, бәрі жаңа, жеңіл болды. Енді бай тілдік қоры­мызды ба­лаларға қалай игертеміз? Өзі үйрене ме, болмаса жоғары оқу орын­да­рына фи­лология факуль­теттеріне бар­ған­да дұрыс­тап ала ма, ал техникалық оқу ор­нын­дағылары сол сөз­дік қоры жұтаң күйінде кете бере ме? Ал мал атау­ларына келетін болсақ, қазақтың өткен өмірі мал­мен тығыз байланысты. Оның әде­биеті, мәде­ниеті, жеткен жетістігі – бәрі мал­ға қатысты. Соны бағып-күту үшін ауа райын зерттеп, бүкіл астроно­мия­лық бол­жау­ларды жасап шыққан ха­лық емес пе едік?! Ал енді қазір мал аты­нан үркіп, кей­біреу­леріміз ет жемейтін­дей бо­ла қалдық. Бірақ қазанға біреу ет асып, дайындап берсе, рақ­метімізді айтып, жеп аламыз. Жарайды, арбаны да, шананы да керек емес дедік, киіз үйді де жек көріп қалдық. Бірақ ол бәлен ғасыр бойы ата-баба­мыздың ең қолайлы баспанасы болған жоқ па?! Соны мына ұрпаққа айтпаймыз десек, ата-ба­бамызға жасаған қылмыспен бірдей көрі­неді. Архаизм сөздер, мал шаруа­шы­лығына байланысты атаулар, өсім­діктің аттары – ол кімге болса да ке­рек, танымдық дүниелер. Тек соны жеңілдетіп берейік деген сөз көңілге қонады. Ал «ондай ұғым­дардың бәрін бірдей берудің керегі жоқ, мысалға, бүркітті ғана айтайық, ителгі мен қаршығаның керегі жоқ, күйкентай мен сұңқарды да айтпай-ақ қояйық, балаға ауыр болып кетеді» десек, ұшып бара жатқан құстың не құс екенін білмейтін ұрпақ тәрбиелеп шықпаймыз ба? Бала­ларымыз түсінбейді дейді. Ол – рас. Баласы қалада тұрады, қаладан шық­пайды. Мұн­дайды тіпті ол баланың бала­бақшадағы тәрбиешісі, тіпті мұғалімі де білмейді. Олар­дың бәрі білмейді екен деп, тарихи-этно­графиялық ұғымдардың бәрін шеттете берсек, тіліміз жұтаңданады, өткенімізді ұмытамыз, сондықтан әр нәрсеге кішкене болса да байыппен қарағанымыз дұрыс болар еді.

Бейтарап пікір
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, білім және ғылым министрі
– Оқулық мәселесі – тек қана орта білім са­ласы үшін ғана емес, кәсіптік-тех­ни­калық, жоғары білім саласы үшін де өте маңызды мәселе. Бұл іспен біз ар­найы айналысудамыз. Көптеген шара­лар қол­дандық. Экспорттық комис­сия­лар құ­рып, барлық пәндер бойынша жұмыс іс­тедік.
Өкінішке қарай, осы кезеңге дейін жазылған оқулықтардың жалпы саны­ның ішінде сапасыз жазылғандар жет­кілікті болып отыр. 1-11 сыныптар ара­­сында, өздеріңіз білетіндей, балама оқу­­­­­лық­тар жазылуда. Осыған орай 1200-ден астам оқулықты тоқтатып, қай­та­дан жұмыс істеп жатырмыз.  Бұл жағ­дайдың негізгі түбіне үңілсек, өт­кендегі қалып­тасу кезеңінің кейбір белгілерін бай­қаймыз. Сосын жұмыс істейтін нағыз ма­мандардың жеткілік­сіздігі мен олар алатын жалақының мардымсыздығы сияқты факторлар жиналып келіп, бар­лығы сапаға әсер етті. Кеңестік ке­зең­де оқулықтың бәрі Мәскеуден дайын­далғаны белгілі. Тек «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» оқулығы ғана өзі­міз­ден шығатын.  Ал егемендік алып, өз еркіміз өзімізге тиіп, оқулық жаза қоя­йық дегенде, біздің ғалымдарымыз бен авторларымыз осындай жағдайға жо­лығып отыр. Олармен арнайы өзім жо­лықтым. Тіпті 300-ден аса оқулықты өзім де қарап шықтым. Өкінішке қарай, биылғы шы­ғатын оқулықтарды да тоқ­татып отыр­мын. Әлі қол қойылған жоқ. Өйткені қатаң шара қолданбасақ, бол­майтын түрі бар. Себебі бір реткі оқулық шыққан кезде оған қойылған министрдің қолы төрт жылға жарайды. Сондықтан жыл сайын бұйрыққа қол қоя берудің қажеті жоқ. Арнайы уақыт беріп, авторлармен жиналыс өткізіп, әрбір сала бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста