Бүгінгі тыныс-тіршілігіміздің ұстанымына айналған «сананы тұрмыс билейді» ұғымы қоғамның ақпараттық кеңістігін де жаулап алды. Бұл тасқын медиа-бизнес деген терминнің пәрменділігін арттырып қана қоймай, отандық БАҚ арасында бәсекелестік қалыптастырды. Алайда біздегі бұл бәсеке журналистің кәсіби мамандығы алдындағы адалдығымен, оның қызметке деген махаббатымен, ақпаратты көпшілікке ұсынудағы объективтілігімен өлшенудің орнына БАҚ өнімінің өтімділігімен ғана таразыланатын болды. Қазақстандағы жалпыхалықтық аудиторияның мемлекеттік тілдегі ақпарат өнімдеріне деген сұранысының күштілігін ескерсек, нарықтық қоғам алып келген медиа-бизнес кеңістігіндегі қазақтілді БАҚ-тың салмағы қаншалықты? «Қазақтілді БАҚ-тың медиа-бизнеске айнала алмай отыр» деген бүгінгі тұжырым қаншалықты ақиқатқа сай келеді? Оның себебі мен салдарын қайдан іздейміз? Бұл пікірмен сіз келісесіз бе?
Елеусіз МҰРАТ, шолушы, журналист:
иә
– Иә, қазақтілді БАҚ әлі медиа-бизнеске айнала алмай келеді. Оған себеп көп. Мен солардың біразын сізге таратып айтайын. Қазақ тілінде жарық көретін ұлт басылымдарының нарық заманындағы ауыр халі төңірегіндегі бұрыннан айтыла-айтыла тәтті ауыздың дәмін кетірген ащы шындықты қанша жерден тігісін жатыстырып бүркемелегенімізбен, бәрібір ол жыртығы көрініп тұрғаны ақиқат. «Түлкінің соры қызылдығында» дегендей, ұлт басылымдарының аяғына тұсау салып отырған кедергінің бірі – қазақ тілінің Ата заңымызда орыс тілімен тең дәрежеде қолданылатындығы.
Әйтпесе қазақ тіліндегі басылымдарда көтеріліп жүрген мәселелердің орысша газет-журналдардағы айтылып, жазылып жүрген әңгімелерден салмағы ешбір кем емес. Тек оны ұлт тілінде оқып, қабылдайтын сана аз. Сауатын орыс тілімен ашып, ойын сонымен қорытындылауға дағдыланған түрі қазақ, жан дүниесі мүлде бөлек шенеунікке қазақ тіліндегі басылымға деген қажеттілік жоқ. Алайда олар саясат үшін қазақ тілін өркендетудің қажеттігін биік мінберлерден айтып, шын жаны ашитын адамның кейпін танытып, сахнада рөлдерін сәтті орындаудан еш уақытта да жаңылысқан емес. 90-жылдардың бас кезінде ондай «ойындарға» құлдық ұрып, құлай сенетін қарапайым халық қазір оған иланбайды. Тыңдайды, түңіледі, бас шайқап, күрсінеді. Себебі жоғары жақтағы ұлықтардың өзі орыс тілін жан-тәнімен қолдап, қуаттап отырғанда ұлт басылымдарының мәртебесі бүгін, ертең көтеріліп, көсегесі көгереді деп айтудың өзі қиын.
Ойындағы нәрсесін ашық жаза алмай, жалтақтау қазақтілді басылымдарда жұрттың аузынан ақ май ақты деп дәріптеп жүрген одақтың заманында болған. Ол кездері оқырманға жол тартатын әрбір басылымды цензуралық қатаң тексеруден өткізіп, қатал бақылап отыру үркердей ғана ұлт басылымдарын осындай мүсәпірлік халге жеткізді. Рас, қазір ондай жазған-тергеніңді қадағалап отыратын қатал цензура жоқ, есесіне қаржының аздығынан қалт-құлт етіп күн кешіп, жоғарыдағы құзырлы мекемелер өткізетін тендерлерге тәуелді. Қазір осы жүйе қазақ басылымдарын мықтап тұсап тастаған. Осындай жағдайлардан кейін қазақтілді БАҚ медиабизнеске айналып кетті деп қалай айтасың?!
Сейітқазы МАТАЕВ, ҚР Журналистер одағының төрағасы:
жоқ
– Меніңше, қазақ баспасөзі нарыққа дайын, ол бұрын да нарыққа дайын болған. «Қазақтілді БАҚ нарыққа дайын емес, өз бетінше өмір сүре алмайды» деген пікірді мен бұрын да еститінмін. Ол сөз қазір де қалмай келеді. Рас, бұдан бірнеше жылдар бұрын біраз газеттердің бас редакторлары бірігіп «бізге мемлекет көмектеспесе, мүлдем жабыламыз, өз бетімізше күн көре алмаймыз» деп айтқан. Міне, 20 жыл болды, мен бүкіл қазақ газетін білемін, өз бетінше шығып жатыр. Оның ішінде «Алаш айнасы», «Жас қазақ», «Жас алаш» сияқты тағы басқа да көптеген газеттер бар.
Шымкентте де өз бетінше ақша тауып, өзіне табыс түсіріп шығып жатқан газет-журналдар көп. Рас, енді қазір нарықтық дағдарыс кезінде мемлекет отандық журналистикаға көмектеспесе, болмайды. Мен мұның бәрі уақытша нәрсе деп ойлаймын. Ертең бұл кезең де өтеді. Дағдарыс бітеді. Қазақтілді газеттер дәл бүгінгі таңда өте жақсы дамып келе жатыр. Бұл жерде менің айтар бір-ақ кеңесім бар: қазақ газеттері жедел түрде интернет кеңістігіне көшуі керек. Түпкілікті қағаз нұсқаны қою керек деген сөз емес бұл. Бұл – соның интернет нұсқасын жасау керек деген сөз. Өйткені шеттегі ағайындардың барлығы қазір Қазақстандағы журналистиканың тынысын осы интернет желілері арқылы ғана бақылап отыр. Қағаз нұсқалар да өмір сүре береді. Бірақ ғаламтор – біздің болашағымыз. Себебі бізде халық саны аз болғанымен, жер көлеміміз өте кең. Ол қағаз нұсқалар елді аралап барып, сонау шет аймақтарға жеткенше, ол ақпараттардың бәрі ескіріп, бірнеше күнде басқаша сипат алып кетеді. Міне, осы жағынан қазақ газеттері кенжелеп жатыр. Тарату жұмыстары – мемлекет тарапынан жолға қойылуы тиіс шаруа. Қазір бізге керегі – осы сайттарды дамыту. Бізде менталитет басқа. Қазір жаңа буын келе жатыр. Олар интернетсіз өмір сүре алмайды. Тағы бір мәселе – жарнама. Қазақ газеттерінде жарнама орыс басылымдарына қарағанда кенжелеп жатыр. Бірақ ол да ақырындап жолға қойыла бастады. Қазір жарнамасы жоқ қазақ газеттері санаулы ғана. Мұның бәрінің толықтай реттеліп кетуіне біраз уақыт керек. Оны уақыт шешеді. Сатылым, таралым ісін жандандыруға жұмыс істесек, біздің қазақтілді БАҚ өте жақын арада-ақ бәсекеге қабілетті, нарыққа бейімделген сала болып шыға келеді. Бұрын «кино пайда болғанда театр жойылады» деген. Қазір енді интернет дамып кеткеніне қарап, көпшілік «ойбай, 2030 жылдары бізде қағаз газеттер қалмайды» деп жүр. Ол, меніңше, дұрыс емес. Бәлкім, азаяр, бірақ жойылмайды. Оны шетелдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Оларда интернет баяғыда дамып кетті. Бірақ оларда қағаз газеттер әлі де пәрменді. Күнделікті газеттері сауданың көрігін қыздырып-ақ тұр. Сондықтан біздің журналистика нарыққа бейімделе алмады деу – бекер сөз.
Түйін
БАҚ медианың бизнеске айналуынан көптеген зиялы «олар ақша тауып, оқырман жинау мақсатында кетсе, жалған ақпаратқа ұрынады, артық сенсация қуып кетеді, біреудің ар-намысына тиеді» деген қауіп қылып отыр. Осындай қауіптерді негізге алып, құзырлы орындар арнайы заңдар да қабылдай бастады. Ендеше, екі ортадан жол тауып, қазіргі заманға бейім, бәсекеге қабілетті басылым жасау басшыға да байланысты.