Байқап жүрміз, күн өткен сайын Қазақстан спортында сырттан келген келімсектер көбейіп барады. Бір тәуірі, бос жүрген жоқ, шетел ареналарында еліміздің атын асқақтатуға тырысып-ақ жүр. Сөзіміз дәлелді болу үшін арыға бармай-ақ, Бейжің Олимпиадасына көз жүгіртсек жетіп жатыр. Естеріңізде болса, Ұлы Жібек елінде өткен сол додада Қазақстан құрамасы иеленген 13 медальдің төртеуін шеттен келген легионерлер әперген еді. Алайда барлық мамандардың пікірі бірдей емес екен. «Келімсектерге жағдай жасағаннан гөрі өз өрендерімізді көтерсек, олар да жарыстарда Қазақстан туын көкке көтере алады», – дейтіндер де табылды. Сол себепті біз бүгінгі ой-көкпарымызға ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Нимен 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына Қазақстан боксшыларын бастап барып, қоржынымызға екі алтын, екі күміс медаль салып берген Тұрсынғали Еділовті тартқан едік.
Алексей НИ, ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері:
Иә
— Дәл қазір Қазақстанның ауыр атлетикасы шеттен келетін спортшыларға зәру емес. Ал негізінде дұрыс пайдалана білсеңіз, легионерлер өте керек. Қандай жағдайда? Оны өзіміздің тәжірибеміз бойынша түсіндіріп берейін. Өздеріңіз білесіздер, осыдан төрт-бес жыл бұрын ауыр атлетикамыздың жағдайы мәз болған жоқ. Қалай дамытуға болатыны жөнінде күн сайын ақылдасатынбыз. Содан бір күні Ресейден Эдуард Тюкин мен Василий Ершов Қазақстан азаматтығын алып, келе қалды. Ол кезде біздің қазіргі мықты спортшыларымыз өте жас, мәселен, Илья 16-да болатын. Басында аса мән бермегенбіз, бірақ кейін қарасақ, жастар тәжірибиелі әріптес ағаларына қарап үйреніп, олардан асып түсуге тырысатын сияқты.
Дәл сол Ильиннің өзі екі мәрте әлем чемпионы атанды. Мұның нәтижесін түсініп, Ресейге ренжіп жүрген Светлана Подобедова мен Алла Важенинаға «құда түстік», Қытайдан Майя Манезаны алдырдық. Байқағандарыңыздай, мұнда да қателескен жоқпыз. Бейжің Олимпиадасында Манеза мен Ирина Некрасова арасында бәсекелестік пайда болып, нәтижесінде өзіміздің қыз күміспен күптелді.
Сонымен, айтайын дегенім, легионерлерді дұрыс қолдансақ, өз пайдамызға шешуге болады. Бұл тәжірибені Қазақстан спорты бүгінде кеңінен қолданып жүр. Мәселен, теннисте де, футболда да, хоккейде де сырттан келіп жатқан спортшылар аз емес. Мұның бәрі бүгін болмаса, ертең оң нәтижесін беретініне сенімім мол.
Тұрсынғали ЕДІЛОВ, Алматы облыстық бокс федерациясының вице-президенті:
Жоқ
– Бізге легионерлер мүлдем керек емес. Одан да өз өрендерімізге көңіл бөлгеніміз жөн. Бейжің Олимпиадасына дейінгі жазғы олимпиадаларда келімсектерсіз-ақ тәп-тәуір өнер көрсеттік қой. Тіпті Сиднейде бейресми жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрініп, әлемнің ірі спорт державалары таңдайын қаққан жоқ па?! Оның үстіне, спорттың қай түрі болмасын, қазақ бұрыннан ешкімге дес бермей келген. Найзаласу да, семсерлесу де, ат жарысы да, жұдырықтасу да, күрес те өзіміздің төл спортымыз десек болады. Оларды қойшы, тіпті жүгіру жарысы мен таэквондо да қанымызға жат емес. Келіспейсіздер ме?! Әмин Тұяқов пен Мұстафа Өзтүріктің өмірбаянына көз жүгіртіңіздер. Егер ауылдар мен мектептерді аралап іздейтін болсақ, олардың ізбасарларын өз арамыздан да табуға болады. Сондықтан бұдан былай сырттан спортшы тартатын әдетімізден арылуымыз керек. Бұл тұрғыда басқа спорт федерациялары бокстан үлгі алса деймін.
Жалпы, мен легионерлерге қарсы екенімді бұрыннан айтып келемін. Одан да соларға құртып жатқан қаражатты өзіміздің игілігімізге жұмсасақ, көптеген дарындарымызды көтеруге болар еді. Бапкерлердің айлығын көтерсек, олар да жақсы жұмыс істеуге ынталанар еді.
Бүгінде тенниске, күреске, ауыр атлетикаға тағы басқа спорт түрлеріне келімсектер көптеп келіп жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл үрдіс бүгін пайда әпергенімен, аталмыш спорт түрлерінің қуанышын ұзаққа созбайтыны белгілі. Менің ойымша, легионерлерді тарту – спортты дамыту үшін емес, сол федерациялардың президенттері өз беделдерін көтеру үшін жасалып жатқан қадам.
ТҮЙІН
Иә, біліктілігі бір-бірінен асып түсетін екі маманның да ойлары тұшымды. Дегенмен құқымды пайдаланып, екеуінің де сөзін тыңдаған журналист ретінде, мен де өз ойымды қоса кеткенім артық болмас. Қарапайым ғана мысал, базардан алма әкелген дұрыс па, әлде оның көшетін отырғызған жөн бе?! Алманы бірден жеп қоямыз, ал көшетін отырғызсақ, ертең жемісін көреміз. Демек, шетелден спортшылар тартқаннан гөрі, бапкерлер шақырсақ, олар Энвер Түркелери секілді спортшыларымызға білгенін үйретіп, белгілі бір спортымыздың іргетасын өз өрендеріміз арқылы көтеруге септігін тигізер еді.