Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл.
Әлем елдері армияларын әскери қуаты бойынша есептеп отыратын Global Firepower рейтингі дейтін бар. Бұл рейтингті құрастырушылар барлық елдердің қару-жарағының саны, экономикалық жағдайы, жағырапиялық орналасуы, табиғи байлығы, әскерге жарамды адам саны сияқты 50 шақты факторды есептейді. Иә, ол елдердің ядролық әлеуеті мен саяси-әскери басшылығының деңгейі есепке қосылмайды. Ал басқа жағдайдың бәрі - ЦРУ мәліметтері мен энциклопедиялық ресурстар, баспасөз бетіндегі ақпарлардың барлығы ескеріледі.
Міне осы рейтинг бойынша Қазақстан Қарулы Күштері 2014 жылы 80-ші орында болған. Өткен 2015 жылы 66-орынды иеленді. Ал биыл 53-орынға тұрақтапты. Құрылғанына 25 жыл толған Қазақстан Армиясының қуаттылық көрсеткіштері бір жылдың ішінде 13 сатыға жоғарылапты. Сонымен Орталық Азия елдерінің армиялары қандай күшке ие, қанша қару-жарағы бар деген сұраққа тоқталайық.
Қазақстанда: әскери қызметке жарамды адам саны-6,44 млн., жыл сайын әскер жасына жететіндердің саны-245 мың адам, әскерінің саны-110 мың жауынгер.
Қазақстан армиясында : 300 танк, 1613 БТР мен БМП, 744 бірлік жетектегі артиллерия, 285 өзі жүретін әскери қондырғы /САУ/, 393 реактивті дүркін ату жүйесі /РСЗО/, 244 әскери ұшақ, оның ішінде 103 шабуылдаушы/тосқауылшы мен 64 жүк ұшағы, 69 тікұшақ және жағалау күзетінің 12 кемесі бар. Қазақстанның қорғаныс бюджеті $ 2435 млн.
Өзбекстан армиясы: әскери қызметке жарамды адам саны-13,3 млн. , жыл сайын әскер жасына жететіндердің саны-600 мың адам, әскер саны-65 мың жауынгер.
Өзбекстан армиясында: 420 танк, 715 БТР мен БМП, 880 бірлік жетектегі артиллерия, 143 өзі жүретін әскери қондырғы /САУ/, 109 реактивті дүркін ату жүйесі /РСЗО/, 166 әскери ұшақ, оның ішінде 69 шабуылдаушы/тосқауылшы мен 50 жүк ұшағы, 69 тікұшақ бар. Өзбекстанның әскери бюджеті 70 млн.$ деген «Википедия» деректеріне күмән бар. «Ферғана» агенттігі 2014 жылы қорғаныс бюджеті 2 млрд.$ деп отыр.
Қырғызстанда: әскери қызметке жарамды адам саны-2,377 млн., жыл сайын әскер жасына жететіндердің саны-111 мың адам, әскерінің саны-16 500 жауынгер.
Қырғызстан армиясында : 150 танк, 438 БТР мен БМП, 159 бірлік жетектегі артиллерия, 30 өзі жүретін әскери қондырғы /САУ/, 21 реактивті дүркін ату жүйесі /РСЗО/, 6 әскери ұшақ, оның ішінде 4 жүк ұшағы, 6 тікұшақ бар. Қырғызстанның қорғаныс бюджеті $ 240 млн.
Тәжікстанда: әскери қызметке жарамды адам саны-3,2 млн., жыл сайын әскер жасына жететіндердің саны-152 мың адам, әскерінің саны-6000 жауынгер.
Тәжікстан армиясында : 37 танк, 46 БТР мен БМП, 10 бірлік жетектегі артиллерия, 0 өзі жүретін әскери қондырғы /САУ/, 3 реактивті дүркін ату жүйесі /РСЗО/, 25 әскери ұшақ, оның ішінде 15 жүк ұшағы, 20 тікұшақ бар. Тәжікстанның қорғаныс бюджеті $ 75 млн.
Түркіменстанда: әскери қызметке жарамды адам саны-2,255 млн., жыл сайын әскер жасына жететіндердің саны-110 мың адам, әскерінің саны-22 000 жауынгер.
Түркіменстан армиясында : 712 танк, 1941 БТР мен БМП, 269 бірлік жетектегі артиллерия, 68 өзі жүретін әскери қондырғы /САУ/, 110 реактивті дүркін ату жүйесі /РСЗО/, 63 әскери ұшақ, оның ішінде 24 шабуылдаушы/тосқауылшы және 18 жүк ұшағы, 16 тікұшақ бар. Түркіменстанның қорғаныс бюджеті $ 200 млн.
Бұл Global Firepower рейтингі бойынша жалпы тізімдегі бірінші орында АҚШ тұр. Елдегі әскерге жарамдылардың саны 145 млн-нан асады. Екінші орында – Ресей. Ресейде бұл көрсеткіш 69 млн адамға жеткен. Үштікке кірген тағы бір держава Қытайда 749 млн адам елін қорғауға әзір. Сондай-ақ алғашқы ондықта Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея және Жапония бар. Соңғы орындарға африкалық Мозамбик, Сомали және Мали республикалары жайғасқан. Айта кетерлігі, Қазақстан әскері жақында 4++ буынындағы жаңа СУ-30СМ ұшқыр ұшақтарымен толықты. Олар Талдықорғандағы авиациялық базаға әкелініп, Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге қатысты.
С. Ақынжанов