Мәжілістің Үкімет сағатында Қазақстан футболы туралы сөз қозғаған туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов ел футболын УЕФА-дан шығарып алып, қайта Азия футбол конфедерациясына қосу туралы айтып қалды. Сол-ақ екен, қоғам екіге бөлініп, бірі мұны құп көрсе, екіншілері министр қозғаған әлгі мәселені қолдамайтындықтарын білдіріп жатты. Осы орайда білікті мамандарымызды ой-көкпарымызға шақырған едік.
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ауыл спорты бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, жазушы:
Иә
– Естеріңізде ме, тоғыз жыл бұрын Қазақстан футболы Азия футбол қауымдастығынан шығып, УЕФА құрамына енгенде шырылдап қарсы болғандардың бірі мен болғанмын. Сол туралы талай адаммен дауласып, талай мәрте мақала да жазғанмын. Мен оның бәрін Еуропаны жек көргендіктен жазған жоқпын. Көп нәрсеге сүйеніп, көп нәрсенің бетін ашып, дәлелдеп жаздым. Ең біріншіден, біз Азия мемлекетіміз. Өзіміз секілді азиялықтармен бірге доп тебуіміз керек. Кезінде «қазақ жерінің 14 пайызы Еуропада жатыр» дегенді желеу еткендер сол кезде мәселе көтеріп, ел футболын УЕФА-ға қосып тынған. 14 пайызымыз Еуропада жатқанымен, 86 пайыз территориямыз Азияда жатқан жоқ па?! Екіншіден, біздің Ұлттық олимпиада комитетіміз Азияға қарайды. Біз Азия ойындарына, Азия жарыстарына қатысамыз. Еуропа додаларына қатыспаймыз.
Сонда қарап тұрсақ, Ұлттық олимпиада комитетіміз – Азияда да, футболымыз – Еуропада. Мұны қалай түсінеміз? Бір аяғымыз жерде, екіншісі аспанда дегенге сая ма?
Бір нәрсе айтайын. 1992 жылы тұңғыш рет Азия ойындарына қатысқанымызда бізді әуежайдан тосып алған Жапония журналистері бірден: «Сіздер Азия мемлекетісіздер. Неліктен құрамдарыңызда еуропалық нәсілдің өкілдері көп?» – деп сұрақ қойды. Ол кезде, шынымен де, Қазақстан құрамасының сапында өзге нәсілдің өкілдері көп болатын. Сол үшін Азия елдерінің бізге деген көзқарастары нашар болды. Менің ойымша, сол кездегі футбол басшыларының қазақ аяқдобын УЕФА-ға қосуының себебі осы болса керек.
Иә, негізі, кезінде УЕФА құрамына өтпеу керек еді. Енді ақылды адамдар, ел басқарған азаматтар ел футболын Еуропадан қайтарып, Азияға қайта қосу туралы мәселе қозғап жатса, мұның барлығы тегін емес. Өйткені қандай ұлттық құраманың болса да, қандай федерацияның болса да, алдына қоятын бірінші мақсаты – әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысу. Сөйтіп, елін футбол арқылы әлемге насихаттау. Бұл жерде мен әлем чемпионы атануды айтып отырған жоқпын. Әлем чемпионатына қатысқанның өзінде Қазақ елін айтарлықтай дәрежеде насихаттай алар едік. Біздің футбол федерациямыздың алдында да осы мақсат тұр. Ал Еуропа арқылы біз бұл мақсатымызға, арманымызға алдағы 100, 150-200 жылда да жете алмаймыз. Яғни бірнеше ғасырға дейін біздің әлем чемпионатына барар жолымыз жабық деген сөз. Ал Азия футбол конфедерациясы арқылы біз бұл мақсатымызға көп ұзамай жетер едік. Өйткені біз Азиядағы Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, Иран секілді елдермен бір деңгейде ойнай аламыз.
Әрине, бүгінгі таңдағы жанкүйерлердің пікірін тыңдап отырсаң, Еуропада ойнағанымыз дұрыс әрі қызықты. Дұрысы, УЕФА – өте бай ұйым. Ол бізге кезең сайын қаржы беріп, футболымызды дамытуға көмектесіп тұрады. Ал қарапайым жанкүйер Еуропаның үздік ойыншыларын көруді қызық көреді. Бірақ біз осыған бола УЕФА-ға қызығар болсақ, онда өмір бойы теңбіл доптың соңынан салпақтап, барған жерімізде бестен, оннан қақпамызға доп толтырып жүреміз. Бұл намысыңа тие ме? Тиеді! Жігеріңді жасыта ма? Жасытады! Еліңнің атына сөз келтіре ме? Келтіреді! Өткен жылы Астанадағы Қазақстан – Германия ойынынан кейін «Еуропада нең бар еді, құлыным» деп кішкентай ғана мақала жазғанмын. Сол айтқандай, Еуропада біздің шаруамыз жоқ. Тіпті Еуропаға қызыққанның өзінде біз Азия мемлекеті емеспіз бе?! Соны неге түсінбейміз? Қазақ «мұрының сыймаған жерге басыңды тықпа» деп айтпаушы ма еді! Ал біздің шамамыз мынау, ойынымыз анау, соған қарамастан, Еуропада тайталасқымыз келеді. Армандасақ та, шамамызға қарап армандайық. Сондықтан Темірхан Мыңайдарұлы қазақ футболын қайта Азия футбол конфедерациясына қайтару туралы мәселе көтерсе, ол осы мәселені тегін айтып отырған жоқ. Күйінгендіктен айтып отыр. Мен де ол кісінің бұл ойын қолдаймын.
Болат ЕСМАҒАМБЕТОВ, білікті футбол маманы, ардагер:
Жоқ
– Мен бұл ұсынысқа мүлде қарсымын. Неменеге бұл мәселені көтеріп отырғанын да түсінбедім. Бізге УЕФА-да қала берген дұрыс. Неліктен дейсіз бе? Себептерін айтайын. Тәуелсіздігімізді алғаш алған жылдары географиялық орнымызды ескерген УЕФА бізді өздерінің құрамына шақырды. Біз Азия футбол қауымдастығын таңдадық. Ақыры Азиядан абырой таппаған соң, өтініш білдіріп, 2002 жылы УЕФА-ға ауыстық. Енді қайтадан Азияға бет бұрар болсақ, басқа елдер қалай қабылдар екен? Мазақ етіп күлмей ме! УЕФА, АФК және ФИФА да мұнымызды қолдай қоймас. Тәуекел етіп, Еуропаға аяқ басқан екенбіз, енді кері шегінуге болмайды. Оның үстіне УЕФА қай футбол қауымдастығынан болсын мың есе артық. Африка, Азия, Америка футбол қауымдастықтары қарамағындағыларға УЕФА берген нәрсені бере алмайды.
Мәселен, жаттықтырушыларымыз Еуропада біліктілігін арттырып жүр. Футболшыларымызға «Кәртамыс құрлықтың» командаларында ойнауға мүмкіндіктер көбейді. Клубтарымыз Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды додаларда бақтарын сынауда. Ұлттық құрамамыз әлемнің азулы құрамаларымен бірге доп тебеді. Тағы бір айта кетерлігі, сырттан келіп жатқан мықты легионерлердің көбі елімізге Қазақстанның УЕФА-ға мүше болғандығы үшін ғана келетіні жасырын емес. Ал ең бастысы, УЕФА ақыл-кеңес жөнінен болсын, қаржылай жағынан болсын, басқа да қажеттіліктер тұрғысында болсын, көмектерін аямайды. «Егер біз бүгінге дейін Азия футбол қауымдастығының құрамында болғанымызда футболымыз қарыштап дамып кетер еді» деп ойлау мүлдем қате. Шынын айтсақ, біздің УЕФА-ға мүше болғанымызға Азиядағы көптеген ел қызыға да, қызғана да қарап отыр. Көрші жатқан өзбектердің өздері де кездескен сайын «сендерге жақсы, Англия, Германия, Португалия сынды мықтылармен ойнап жүрсіңдер» деп қызығып отырады. УЕФА-ға өзгелер қол жеткізе алмай отырғанда, біздің бұдан бас тартқанымыз қай сасқанымыз? Одан да кінәні УЕФА-дан іздемей, футболымызды дұрыс жолға қоюымыз керек.
Жалпы, өз басым Азия қауымдастығында болсақ, қарсыластарымыздың барлығын қоғадай жапыратынымызға сенбеймін. Мұнда да желпініп тұрған командалар аз емес. Ұлттық құрамалар арасындағы соңғы Азия чемпионатын көрдіңіз бе? Оңтүстік Корея қалай ойнады?! Австралия азулы екендігін білдірді. Иран да футболының дамығанын дәлелдеді. Жапония тіпті Азия чемпионы атанды. Оны айтасыз, көрші өзбектердің өздері де бүгінде оңай шағылар жаңғақ емес. Бұлар қазір УЕФА құрамында болса, Англия, Испания, Германия сынды азуын айға білеген құрамаларға шамалары жетпесе де, басқа командалармен терезесі тең өнер көрсете алады. Сондықтан дәл қазір біз Азияда алдыңғы орында болар едік деп айта алмас едім. Ал енді сол мемлекеттердің футболы АФК құрамында болғандығы үшін дамып кетті деп ойлайсыз ба? Жоқ, олай емес. Олар Еуропадан әлдеқайда алшақ жатса да, солардан тәжірибе жинай білді. Футболға байланысты мемлекеттік бағдарламалар жасап, солар бойынша жұмыстар атқарды. Балалар футболына дейін көзқарастарын өзгертті. Бір сөзбен айтқанда, инфрақұрылымдарын дұрыстады. Футболдың әлемдегі нөмірі бірінші спорт екендігін мойындап, спорттың осы түріне барлық жағдайды жасауға кірісті. Міне, сондықтан олардың футболы уақыт санап дамып келеді. Ал біз, Аллаға шүкір, УЕФА құрамындамыз. Ол елдерге қарағанда футболды дамыту жөнінен бізде мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Олар Германия секілді елдермен тек жолдастық кездесулерде ғана кездесе алса, біз ресми ойындарда бірге доп теуіп, тәжірибе алмаса аламыз. Тек инфрақұрылымымызды дұрыстап, футболға деген көзқарасымызды түзесек болғаны. Армения, Грузия құрамаларының соңғы кездесулерін көрген шығарсыз. Біріншісі Ресеймен тең ойнаса, екіншісі Хорватияны тізе бүктірді. Міне, бізге солардан үлгі алу керек. Соңғы кездері бұл елдердің футболы дұрыс жолға қойылып келеді. Ал Азияға қайта ауысу туралы ойымызға кіріп те шықпасын.
Түйін
Әлбетте, сіздікі дұрыс, сіздікі бұрыс деп айта алмадық. Басымызды изеп, үнсіз тыңдап отыра бердік. Дегенмен көкейімізде «кезінде өзіміз керек қылмай тастап шыққан Азия футбол конфедерациясына қайта оралуымызды басқалар қалай қабылдар екен, ә» деген ой сайрап жатты. Жеңілтек қыздар секілді бір жерден екінші жерге секіре бермей, ел футболының дамуына тосқауыл болып отырған басқа тетіктерді жамағанымыз әлдеқайда дұрыстау емес пе?!