Өлім жазасы тақырыбы жүздеген жылдар бойы бүкіл әлем халқын толғандыруда. Біреулер елде өлім жазасының жоқтығы – сол елдің өркениеттілігінің көрсеткіші десе, кейбіреулер керісінше, оларда өлім жазасы тағайындалатын рақымсыз, қатыгез қылмыстардың болмауы деп санайды. Біздің елімізде өлім жазасының баламасы ретінде қылмыскерді өмір бойғы бас бостандығынан айыру көзделген. Ал бұрынғы заң жобасы бойынша, өлім жазасына геноцид, мемлекетке опасыздық және әскери қылмыс жасағандар тартылатын. Өткен аптада 2003 жылы Елбасы мораторий жариялаған «Өлім жазасына кесу туралы» Заңын талқыға салып, соғыс уақытында қылмыс жасағандарды өлім жазасына кесуді қалдыруды қарастырып жатқан депутаттар қосымша «бала өліміне себепші болғандарға да осындай жаза тағайындау керек» деген ұсыныс білдірді. Пікір қайшылығына ұшыраған мәселе мамандарымыздың арасында да әрқилы пікір тудыруда.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, адвокат:
Иә
– Қазіргі уақытта өлім жазасының қайта қаралып жатуының өзі оның қоғам үшін маңыздылығының көрсеткіші. Ата-бабаларымыздың өзі «қанға – қан, жанға – жан» деген қанды кек қағидасы бойынша жазалауды пайдаланған. Адам бірдеңеден қорықса ғана одан сескеніп, тәртіпке келеді. Көбінесе өлім жазасына кесілген жандар өлім жазасын өмірлік түрмеде отыру жазасымен ауыстыруды өтініп, Елбасыға хат жазып жатады. Бұл – олардың аталмыш ауыр жазадан қорыққанының айғағы. Әсіресе, қорғансыз, бейкүнә жандарды қасақана өлтірушілерге өлім жазасынан артық жаза жоқ. Мысалы, Астананың Шұбар ауданында болған жантүршігерлік жағдайда бейкүнә сәбилерді қырып салған қылмыскерге өлім жазасынан артық жаза жоқ. Қылмыскер де біреудің өмірін қиды ғой, енді неге оған өлімге өліммен жауап бермеске?
Рас, бұл заңнаманың қабылдануы үшін Ата Заңға өзгеріс енгізу қажет. Алайда ел қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығы үшін Ата Заңға өзгеріс енгізуден қашпау керек. Қоғамда қылмыс саны артып жатқан кезеңде өлім жазасына мораторий жариялауымыздың өзі қателік еді. Қандай қылмыс жасаса да, өзін өлтірмейтінін білген қылмыскерлер тіпті тайраңдап кетті. Заңның әлсіздігі бүгінгі қоғамдағы түрлі қылмыс түрлерінің артуына тікелей себеп болуда. Заң қатайса ғана тәртіп болады. Еуропалық Кеңеске кіреміз деп даурыққанша, алдымен халықтың қауіпсіздігін ойлаған жөн. Бұл заңның жұмыс істеуі арқылы, бәлкім, дәрігерлердің де өз ісіне деген жауапкершілігін арттыруымыз мүмкін. Әйтпесе дәрігерлердің жауапсыздығы мен өз ісіне салғырттығы да бала өлімінің көбеюіне соқтырып отырған жайлар аз емес.
Әр елде жүргізілген әлеуметтанушылық сұраулар көрсеткеніндей, халықтың көпшілігі бұл жаза түрін қолдайды. Біздің елде де сұрау салынғандардың 70 пайызға жуығы өлім жазасын қалдыруды жақтаған. Өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айырумен алмастыру мемлекет бюджетіне де қымбатқа соғады. Халықаралық түрме реформасының (PRI) есебі бойынша түзету мекемесінде тұтқындалғанның халықаралық стандарттарға толық жауап беретін бір орнының құны жылына 20 мың АҚШ долларын құрайды екен. Ал ауыр жазалы қылмыскерді сонша ақшамен мемлекеттің бағуы әділеттілік пе? Сондықтан еліміз үшін өлім жазасының қажеттілігі зор.
Марат СӘРСЕНБАЕВ, заң ғылымының докторы:
Жоқ
– Халықаралық тенденция елімізде өлім жазасын болдырмауды талап етіп отыр. Кеңес Одағы кезінде елімізде өлім жазасы көп орындалды, бірақ бәрібір елдегі қылмыстың көрсеткіші азаймады. Бұл – өлім жазасын тағайындау қылмыс санын азайта алмайтындығының айқын дәлелі. Өлім жазасының негізгі мақсаты – қылмыскерлерді жазалау арқылы қылмыстың алдын алу, басқаларды қылмыс жасаған жағдайда солай жазаланатындығымен қорқыту. Бірақ белгілеген межеден өзін көрсете алмаса, ол жаза не үшін қажет? Өлім жазасын қолданумен қылмыс саны азаймады. Себебі қылмыскерлердің көбісі қылмыс жасар алдында өзінің жазаланатынын ойлай бермейді. Сондықтан өлім жазасы өзінің профилактикалық қызметін де атқара алмай отыр.
Қасақана бала өлтіргендерді де өлім жазасына кесу арқылы бұл мәселенің алдын ала алмаймыз. Мысалы, қылмыскердің кішкентай, жазықсыз, бейкүнә баладан ала алмай жүрген қандай ақысы болуы мүмкін?! Сондықтан адамдарды өлім жазасымен қорқытқаннан гөрі, басқа іс-шараларды қарастырған жөн. Жауапкершілік жүгі «қасақана қылмыс жасау» және «абайсызда қылмыс жасау» түрлеріне байланысты анықталады. Қазіргідей дәрігерлердің салғырттығына байланысты бала өлімі көбейген тұста баланың өміріне қауіп төндіргені үшін дәрігерлер қауымы да осы жазамен қатаң айыптала қояды деп ойламаймын. Көптеген Еуропа елдерінде мұндай ауыр жаза қолданылмайды. Ол елдердің қылмыс санында да өсу көрсеткіші байқалмайды. Сол елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қылмыскерді жедел іздестіру шарасы ең бірінші кезекте жүзеге асады. Тәжірибелі ізкесушілер қылмыскерді тез құрықтайды. Қылмыскерлер қылмыс жасағанының өзінде тез қолға түсетінін біліп, қылмыстан аяқ тартады. Ал бізде болары болып, бояуы сіңіп, қылмыскер әбден ізін жасырған соң ғана іздестірілу шаралары басталатын кез аз емес. Осындай заң орындарының кәсіби шеберлігінің төмендігіне қоса, жабдықталу деңгейі де мәз емес. Мысалы, «Мерседеспен» қашқан қылмыскерді «Жигулимен» қуып ұстай аламыз ба? Осы орайда қылмыскер құтылып кетпестей етіп құқық қорғау орындарына жағдай жасауымыз қажет. Мысалы, шетелде қашқын қылмыскерді құрықтау үшін машинасы да, бейне бақылау құралдары да, керек десеңіз, тікұшағы да дайын тұрады. Ал бізде ондай мүмкіншілік атымен жоқ. Талай қылмыскерлеріміздің шекара асып қашып кетіп отырғаны да осыдан. Қылмыскердің психологиясы жазаланудан бұрын, ұсталып қалудан қорқады. Егер біздің құқық қорғау орындары кәсіби және материалдық тұрғыдан мықты болса, қылмыскер көбеймес еді. Сондықтан өлім жазасынан гөрі, қылмыскердің қолға түсіп, жазалану жағын күшейткен жөн. Әлем бойынша өлім жазасын алып тастау қажет. Себебі Алланың берген өміріне адамның шешім шығаруы дұрыс емес.
Түйін
Таяқтың қашанда екі ұшы бар. Қасақана бала өлтіргендерге өлім жазасын тағайындай отырып, дәрігер қауымының жазықсыз жаланың құрбаны болуына жол ашып бермейміз бе? Бәлкім, бұл заң өмір есігін ашпай жатып, жазықсыз құрбан болған, үлкендер тарапынан зорлық-зомбылық тіпті еріксіз порнографиялық фильмдерге түсірілген балалар құқығының қорғалуына жол аша ма? Бала құқығы, адам құқығы, жалпы, сіз бен біздің құқығымыз сөз болып жатқанда, оқырмандар да үнсіз қалмайды деп ойлаймыз...