Полиция сайлау учаскесінен шығарғандардың саны 32-ге жетті
ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Qazaqstan телеарнасы өткізіп жатқан онлайн телемарафонда полиция сайлау учаскесінен шығарғандардың саны 32-ге жеткенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, қазіргі уақытта елдегі және сайлау учаскелеріндегі ахуал тұрақты. Комиссия төрағаларының актілері бойынша дер кезінде шешілген елеусіз оқиғалар орын алуда. Сайлау учаскелерінен барлығы 32 азамат шығарылды. Құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау, учаскеде бейнетүсірілім жүргізу, комиссия мүшелеріне дөрекі мінез-құлық көрсету болып табылды», - деді комитет басшысы.
Оның мәліметі бойынша, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында бюллетеньдерді бүлдірудің үш дерегі тіркелген.
«Сайлау учасесіне мас күйінде келіп, қоғамдық тәртіпті бұзудың 4 фактісі орын алды. Олар Алматы, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары бойынша. Құқық бұзушылар куәландырылды және оларға Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 444-бабымен және 434-бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция қызметкерлері штаттық режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. 506 жабық сайлау учаскесінің 4333-інде дауыс беру аяқталды», - деді Қайсар Сұлтанбаев.