Полиция қызметкерлеріне ескертусіз оқ ату құқын беру дұрыс деп ойлайсыз ба?
Болашақта еліміздің полицейлері қаруды ескертусіз қолдануы мүмкін. Қазірде «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң аясында арнайы осындай бөлім енгізу қарастырылуда. Аталмыш заңның жаңа редакциясын Мәжіліске таныстыруға келген Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Ерлік Кененбаевтың мәлімдеуінше, жаңа заң бойынша полиция қызметкерлеріне қару-жарақты адамдарға қарсы ескертусіз қолдана беруге мүмкіндік беретін жаңа бап пайда болмақ. Демек, заң қолданысқа енер болса, полицей өзіне қарсы шыққан адамға ескертусіз-ақ оқ атуға (газ, электрлі қару) болады. Мұның астарында халықтың қауіпсіздік мәселесі жатқандықтан, қазірде бұқара бұл жаңашылдыққа алаңдаушылық білдіруде. Осы тұста біз де «Полиция қызметкерлеріне ескертусіз оқ ату құқын беру дұрыс па, әлде бұрыс па?» деген сауалды талқыға салдық...
Орынғали ЕСЕНҒАЗИЕВ, Алматы қалалық ішкі Істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник:
иә
– Өз басым мұны қолдаймын, дұрыс деп есептеймін. Себебі қазірде полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төну үрдісі жиілеп барады. Негізінде, мұндай тәжірибе әлемдік қолданыста бар. Сондықтан біздің де осы мәселеге назар аударатын кезіміз жетті. Полиция қызметкерлеріне ескертусіз оқ ату құқын беру олардың қауіпсіздігін күшейтіп, қоғам алдындағы жауапкершілігін одан әрі нықтайды. Қылмыспен күресте өз өмірлерін сәт сайын қауіпке байлап, от пен оқтың ортасында жүретін полицейлерге қоғамда әлі де болса оң көзқарас қалыптаспай отыр. Қазірде полицей өмірінің қауіпсіздігін ойлаудан бұрын, полицейдің өзін кінәлау фактілері жиілеп кетті.
Бұған қоса, жыл сайын қызметтік жұмыс барысында полицейлердің өлім көрсеткіші де жоғарылап барады. Полицей өліміне себепкер болатындардың қатары жылма-жыл толығып, көрсеткіш одан әрі ұлғайып кетпесін десек, біз жаңа заң аясында полицейлерге ескертусіз оқ ату құқын беруіміз керек. Әрине, бұл жерде полицейлерге қаруды өздерінің өміріне қауіп төнген кезде қолдануға рұқсат етілетіні; алдында қауіпті қылмыскер немесе қарулы топ тұрса, ескертусіз қару қолдану мүмкіндігі бар екені жайында арнайы хаттама толтыртылып, оның мән-мағынасы жіті түсіндірілуі тиіс. Қазірде шын мәнінде ішкі істер органының қызметкерлеріне қауіп төніп тұр. Мұны ескерместен біздің қоғам кей сәттері полицияның әрекетін орынды-орынсыз сынға алып жатады. Ал енді біз сол полицейлерге, шынымен де, көңіл көншітерліктей жағдай жасай алып отырмыз ба? Олардың баспанамен қамтылуы, әлеуметтік жағдайларының үйлестірілуі оңды шешімін тапқан ба? Міне, нақ қазір біз үшін осы мәселелерді де назардан тыс қалдырмау керек. Жалпы, қоғамда тәртіп орнасын десек, құқықтық саланы мемлекеттік қолдау, бұл сала қызметкерлерін бақылау-қадағалау істері күн сайын жетіліп отырғаны абзал. Құқықтық тәртіп орнатамыз десек, алдымен сол құқық саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін елеп-ескеру, олардың материалдық базасын нығайту, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау бірінші кезекте қарастырылғаны жөн. Бұл салада қордаланып жатқан талай мәселелер бар. Қаруды ескертусіз пайдаланып, өз өміріне төнген қауіпті сейілту – соның бір парасы ғана. Егер біз сала қызметкерлерінің өмірін қорғаймыз, қауіпсіздікті сейілтеміз десек, бұл бастаманы қолдау керек.
Марғұлан ШЫНЫБЕКОВ, заңгер:
жоқ
– Мен мұндай бастамашылдыққа қарсымын. Құқық жағынан алып қарасақ та, азаматтық тұрғыдан алып қарасақ та, бұл дұрыс емес. Өткенде шетелдік полицейлердің бірі өзінің ескертуін тыңдамаған студентті атып тастады. Тексеру нәтижелері анықтағандай, оққа ұшқан студентке оқ 20 жерден тиген. Бұл не сонда?! Мұны қалай түсінуге болады?! Ережеге сәйкес полицей бірінші кезекте оқты ескерту ретінде аспанға атуы керек. Содан кейін барып тіпті өміріне қауіпті болып бара жатса, амалсыз қару қолдануы мүмкін. Ал енді бірден ескертусіз қару қолдануға құқық беруді тым орынсыз деп санаймын. Осы жайтқа қоғам болып назар аудару керек.
Бір қарағанда, алабұртып шапқындайтындай еш нәрсе жоқ тәрізді болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұның астарында қарапайым қоғам өкілдерінің қауіпсіздігі, қоғам тыныштығы, жекелеген адамдардың өмірі тұр. Сондықтан мұндай жаңашылдықтарды қолдай алмаймын. Бұған қатысты бір нықтап айтарым, бұл бейберекетсіздікке апаруы да мүмкін. «Күні ертең ескертусіз оқ атуды желеу етіп науқаншыл полицейлердің бір парасы мұны асыра пайдаланып кетпес пе екен» деген қауіп те жоқ емес. Ішкі тұрақтылыққа бұлай қол жеткіземіз десек, ол – жаңсақ пікір. Рас, бірқатар дамушы және дамыған елдерде мұндай тәжірибе қолданыста бар. Бірақ біздің материалдық базамыз сол дамыған елдердің деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Әрине, қай салаға болсын, реформа керек. Ішкі істер саласындағы қызметкерлеріміз, расымен де, үнемі қыл үстінде жүреді. Бұған дейін де қанша реформалар орын алды. Жалпы, осы реформаларды әбден зерттеп-зерделеп алып барып қолданысқа енгізсек жөн болар еді. Жасыратыны жоқ, бізде талдап-таразыланбай жатып қолданысқа еніп кететін бастамалар да баршылық. Полиция қызметкерлері елдің тыныштығын, бірлігін нығайтуға, қылмысқа жүген салуға қызмет ететін болғандықтан, бұл ретте әр нәрсені салмақпен таразылау керек. Егер полиция қызметкерлеріне ескертусіз қару қолдану құқын бергеннен қылмыс азайып, тыныштық нығая түседі деп ойласақ, қателесеміз. Сондықтан мұны қолдауға қарсымын...
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Арман Нұрасылов, сарапшы маман:
– Ертең «ескертусіз мылтық қолдану арқылы тәртіпті мықтаймыз» деп отырғанда қарапайым, жазықсыз қоғам өкілдерінің қауіпсіздігіне қара бұлт үйіріліп жүрмей ме?! Осы арада мұны да ойлау керек тәрізді. Сондықтан өз басым мұны аса қолдай қоймаймын. Әрине, өмірлерін оққа байлап жүрген полицей қызметкерлеріне жағдай жасалуы тиіс. Олардың қоғам алдындағы беделін көтеру керек. Бірақ оны «мылтық қолданумен емес, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы ойластырған жөн» деген ойдамын. Жалпы, кез келген мемлекеттің құқықтық саласының іргетасы мықты болуы қажет. Ол үшін осы салаға мемлекеттік қадағалау мен бақылауды күшейткен дұрыс.