Өзбекстанның ҰҚШҰ-дан шығуы аймақтағы геосаяси тепе-теңдікке кері әсер етпей ме?
Жуырда Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Мәскеудегі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының хатшылығына нота жіберді. Онда Өзбекстанның аталған ұйымдағы өз қызметін тоқтататындығы айтылған. Бұған дейін де айтарлықтай белсенділік көрсетпеген Өзбекстанның бұл саяси шешімін сарапшылар қауымы әртүрлі талқылап жатыр. Әсіресе ресейліктер Өзбекстанды өзге күштердің жетегінде кетті деп айыптауға асығуда. Қазақстандық сарапшылардың да бұл мәселеге қатысты пікір қайшылығы жоқ емес сыңайлы.
Болат ӘУЕЛБАЕВ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
иә
– Өткен жылдың соңына қарай Минскіде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары маңызды бір құжатқа қол қойған болатын. Онда ҰҚШҰ-ға қатысы жоқ елдердің әскери базаларын орналастыру тек ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының келісімі арқылы ғана жасалады делінген. Қазіргі кезде Ауғанстаннан әскери техникалардың шығарылуы көптеген ел үшін маңызды мәселе болып отыр. Қазіргі жағдайда сол әскери техникаларды қабылдауға қабілетті ел Өзбекстан ғана болып отыр. Өйткені, біріншіден, көлік қатынасы ыңғайлы, Хайратон – Мазари-Шариф теміржол қатынасы бар. Осыған байланысты Өзбекстанның алдағы жоспары мен ҰҚШҰ-ның талаптарында сәйкессіздіктер пайда болды.
Бұған дейін Кремль сол ауыр техникаларды Ульяновскіге тасуды ұсынған болатын. Жуырда Ресей президенті Владимир Путин өз сапары барысында Өзбекстанға тоқтаған кезде Ислам Кәрімовпен арада бұл тақырып талқыланды деп ойлаймын. Нәтижесі өзіміз көріп отырғандай сәтсіз болған сыңайлы. Өзбекстанның ҰҚШҰ-дан шығуы осы жағдаймен тікелей байланысты деп ойлаймын. Енді көп ұзамай Өзбекстан НАТО-ға мүше мемлекеттердің, оның ішінде АҚШ-тың артық техникаларының қоймасын ашатындығын мәлімдейді. Әрине, мұны ресми тілде әскери база деп атай алмаймыз. Дегенмен іс жүзіне келгенде оның әскери базадан айырмашылығы шамалы. Оның ішінде әскери қару-жарақтар да, инженерлік техникалар да, түрлі бульдозерлер, құдық қазатын, канал салатын техникалар да бар. Соған қарамастан, Өзбекстан алдағы уақытта НАТО-ның стандарттарына көшеді деп айта алмаймыз. Мұны, негізінен, коммерциялық жоба деп атасақ та болатын шығар. АҚШ-та, НАТО-ның өзге мүшелері де Өзбекстанға жеткілікті деңгейде ақы төлеуге дайын. Алайда бұл экономикалық жоба болғанымен, бұл шешім Ресей мен Өзбекстанның арасын алшақтатып жібереді. Экономикалық, коммерциялық қарама-қайшылықтар ушығатын болса, геосаясаттағы қайшылықтарға алып келетіні аймақтағы геосаяси тепе-теңдікке кері әсер ететіні сөзсіз.
Сапарбай ЖҰБАЕВ, Еуразия ұлттық университетінің доценті, экономика ғылымының кандидаты:
жоқ
– Осы уақытқа дейін ҰҚШҰ-ның аймақтық деңгейде атқарып жатқан жұмыстары Өзбекстансыз-ақ жүзеге асырылып жатыр. Оның әскер саны да, әскери мүмкіндіктері де Өзбекстансыз айтылып жүр. Сондықтан Өзбекстанның ҰҚШҰ-дан шығып кетуі аталған әскери одақтың мүмкіндіктерін шектемейді. Өзбекстанның аймақтағы процестердің барысына әсері, аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз етудегі рөлі өте үлкен екені сөзсіз. Сондықтан оның ҰҚШҰ қатарында болғаны жақсы болар еді. Бірақ оның шығып кетуі әскери одақтың жұмысына кедергі болмайды.
Өзбекстанның ҰҚШҰ қатарында өз жұмысын тоқтатуына себеп көп деп ойлаймын. Біріншіден, бұл Өзбекстанның өзіндік ерекше саясатына байланысты.
Ол саясаттың негізі – ешқашан өзге елдерге, халықаралық органдарға тәуелді болмауға ұмтылуы. Мұны біз бұрыннан білеміз. Мысалы, олар кез келген одаққа, мекемеге біресе кіріп, біресе шығып жүреді. Орталық Азиялық одақты да беріліп қолдай қойған жоқ, Кедендік одақты да сырттан бақылайды, ЕурАзЭқ-ке де басыбайлы кірмейді, ҰҚШҰ қатарында да белсенділік танытқан емес. Қысқасы, тиіп-қашып жүреді. Өзбекстан, негізінен, екіжақты қарым-қатынас жүргізуге басымдық береді.
Екінші себеп Ауғанстан мәселесінен туындап отыр. Өзбекстан тарапы Ауғанстанмен экономикалық тиімді әріптестік жасағысы келеді. Қазір екі ел арасындағы теміржол қатынасын дамытып жатыр. Ал ҰҚШҰ-ның Ауғанстанға қатысты ұстанымы бұрынғы кеңестік дәуірдің үстемдік жүргізу саясатына көп жақын келеді. Бұған Өзбекстан келісе алмайды. Себебі Ауғанстанда 2 миллионға жуық өзбек бар деп есептелінеді. Сондықтан оның саясаты өзгеше.
Үшінші себеп АҚШ пен НАТО күштерінің Ауғанстандағы әскери қару-жарақ, әскери техникаларына байланысты болып отыр. АҚШ мемлекеті мен Пәкістанның арасында араздық бар. Иранның жайы айтпаса да түсінікті. Яғни ең тиімдісі солтүстік бағыттағы Өзбекстан болып отыр. АҚШ мемлекеті өзінің ең соңғы үлгілермен жасалған қару-жарақтарын қалдырып кетуге мүдделі. Себебі кері қарай қайта тасу АҚШ үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Осы заманауи қарудың біздің аймаққа келуі Өзбекстан үшін де, ҰҚШҰ-ның өзі үшін де тиімді. Өйткені Өзбекстанға тасымалданбай, АҚШ-тың өзінде қалдырылатын болса, бұл техника радикалды күштердің, тәлібтердің қолына түсуі ықтимал. Қорыта айтқанда, Өзбекстанның ҰҚШҰ-дан шығып кетуі айтарлықтай ештеңені өзгертпейді. Бұл – олардың тәуелсіздік алғалы бері ұстанып келе жатқан саясатының жалғасы.
Бейтарап пікір
Расул РЫСМАМБЕТОВ, саяси сарапшы:
– Өзбекстан ешқашан ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі болған емес. Сәйкесінше, оның кетуі де байқала қоймайды. Әдетте Өзбекстан осындай халықаралық ұйымнан шығатынын айтқан соң, оның артында соның себебін көрсететіндей мәлімдейді. Меніңше, ресми мәлімдемені күту керек сияқты. Дегенмен Өзбекстанның ҰҚШҰ-дан шығуынан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Себебі ол өзге бір әскери одақтың қатарына қосылайын деп жатқан жоқ қой. Өзбекстан көп жағдайда экономикалық мүддесіне қарай жұмыс істейді. Сондықтан оны осы шешімі үшін сынаудың қажеті жоқ.