Қазақстан Тәуелсіз ел болған соң жат елдің босағасында жүрген исі қазақ өз Отанына ағыла бастады. Оларға «оралман» деген ат берілді. Бірақ осы атауға шеттен келген ағайынның разы болмай жүргені белгілі. Өйткені олардың арасында ғасырлар бойы сол отырған жерлерін мекен еткен қауым да бар еді. Осыны ескерген Елбасы «оралман» атауын өзгертуге тапсырма берген болатын. Бірақ олай да, былай да тартқылағанмен, тартымды атау табыла қояр емес. Айтылған атауға біреу келіссе, біреу келіспейтінін білдіруде.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты:
Иә
— Қоғамда көптен бері ой тудырып жүрген мәселенің бірі – осы оралман сөзі. Оны біз бұрын репатриант ұғымы ретінде пайдаланып жүрдік. Кейін біраз жылдар өткен соң оралман сөзінің мазмұны өзгерді. Әйтпесе уақытында оларды қашып кетіп, жағдай түзелген соң қайтып келушілер деген жағымсыз түсінік етек алды. Тіпті оларға моңғол, қытай, өзбек деген жанама аттар да қойды. Айналып келгенде, бұл адамдар арасындағы түсініспеушілікті туғызды. Осыған орай Елбасымыз оралман сөзіне басқаша балама қарастыру туралы тапсырма берді. Болашақта бұл сөздің қолданыстан шығуына байланысты 41 заңға өзгеріс енгізілуі тиіс болады. Яғни ондағы оралман сөзінің бәрін жаңа атаумен ауыстыруымыз керек қой. Өткен жолы осы мәселеге байланысты жиын өтіп, көптеген пікірлер айтылды. Рас, қазақтың тілі бай. Бірақ соған қарамастан, ол заңның тілі болуы қажет.
Қазақстанда 130-дан астам ұлттың өкілдері тұрады. Егер этникалық қазақтар дейтін болсақ, әртүрлі халықаралық ұйымдардың тарапынан түсінбеушілік тууы мүмкін. Сондықтан осындай кедергілерге жолықпас үшін мен «этникалық отандастар» деген сөзді ұсынып отырмын. Себебі отандастар деген бәріне ортақ. Кешегі Қазақстаннан кеткендердің бәрі сол санатқа кіреді. Бірақ этникалық деген сөзді осыған қосып айтатын болсақ, ол тек қазаққа ғана тән болады. Бір кезде кетіп қалған орыс та, неміс те келе берсін, бірақ этникалық қазақтарға көрсетілетін жәрдем басқаша, өз алдына. Ол тек этникалық қазақтарға ғана көрсетіледі. Бізді алаңдатып отырған ассимиляцияның әсерімен ұлт ретінде жоғалып кетуге шақ тұрған Қытайдағы және Өзбекстандағы қазақтардың жағдайы. Сондықтан оларды елге тарту – біз үшін үлкен міндет. Ал этникалық отандастар атауына келетін болсақ, бұл жердегі этникалық атауы жанама айтылады да, отандастар сөзі ақырын қалыптасып кетеді. Құлаққа сіңісті болады. Сөйтіп, оралман деген түрпідей сөз біртіндеп ұмытылып кетеді. Атау көп дегенмен, жоғарыда айтқанымдай, ол заңның тіліне келу керек. Мысалға, бауырластар деп алуға болады. Әйтсе де қазақ өзбекті де, қырғызды да, тіпті алты алаштың бәрін бауырлас деп айта береді. Үкімет заң жобасын жасаған кезде осыны ескеретін шығар деп ойлаймын. Менің ойымша, этникалық отандастар деген сөз жағымды және заңды өткізу кезінде өте тиімді болады деп есептеймін. Жалғыз мен ғана емес, көптеген адамдар осыны қолдап отыр. Бұған өре түрегеліп, қарсы болып жүргендер де бар. Олардың уәжі «неге қазақ деген сөзді қоспаймыз?» дейді. Қоғамда басқа да ұлт өкілдері болғаннан кейін біз осы мәселеге жіңішкелікпен қарағанымыз жөн.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Жалпы, оралман сөзін басқа атауға ауыстыруға қарсы емеспін. Ал оны «этникалық отандастар» деп атау туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Меніңше, біз бұған асықпауымыз керек. Этникалық отандастар деген сөзге келетін болсақ, отандастар деген жалпы ұғым болып кетеді. Оның алдына этникалық деген сөз қосып, бір қазақты екіге бөліп алғандай қылудың қажеті шамалы секілді. Сондықтан оларды оралған қазақтар, оралатын қазақтар болмаса шеттегі қазақтар деген секілді бір ұғыммен атауымыз керек секілді. Біз шеттегі қандастарымызды атау барысында қазақ деген сөзді қолданудан қашпағанымыз жөн. Бұл қайта бізді біріктіруге, тұтастыруға жетелейтін ұғым болады. Бұл жерде жалтақтық танытуымыз орынсыз қылық саналмақ. Шеттегі қазақтардың бәрі кезінде әртүрлі тағдыр қыспағымен кетіп қалған, сол жерлерде қалып қойған өзіміздің қандас бауырларымыз.
Оларға біз неғұрлым өздеріне лайықты атау беретін болсақ, соғұрлым олардың өзімізге, Отанына деген құрметі мен сүйіспеншілігі артады. Отандастар деген атау қабылданғанына көп бола қоймаған «Нұрлы көш» бағдарламасында да бар. Ол атаудың ішіне кезінде Қазақстаннан көшіп кеткен басқа ұлттың өкілдері де кіреді. Шеттегі қазақтарға жасалып жатқан көмекке олардың да ортақтасып кетуі мүмкін. Кезінде өре түрегеліп, «қазақтар мемлекет құра алмайды, дамымайды» деп кетіп қалғандарға да отандастар деген атау беріп, жағдай жасағалы жатырмыз. Олар кезінде өз еріктерімен көшті, енді мемлекет көмек көрсетіп, жәрдемақы беріп, жағдайларын шешуге міндетті емес. Ал демографиялық жағдайымызды жақсарту үшін жүргізіп отырған саясатымыз – шетелде жүрген өзіміздің қандастарымызды туған Отанына қайтару. Мұны басқа мәселемен шатастырып алмауымыз қажет. Қазіргі ең өзекті мәселе – осы. Шетелде бір қазақ қалғанша, бұл жағдай күн тәртібінен түспеуі керек. Сосын оларды атау кезінде заң жобасын тез өткіземін деп, шетелдегі қандастарымыздың ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп алмауымыз керек. Бұл оларға өз еліне келгенде берілетін үлкен ұғымы, атауы болып отыр. Заңды мақұлдайтын депутаттар болғасын, бәрін қарайды, талдап-талқылайды, сосын дауысқа салады. Бәрінің өз тәртібі бар. Этникалық отандастар деген ұғым менің ойымша, ұзағырақ, тіпті қандастарымызды бізден бөлектеп тұратын ұғым секілді. Отандастар деген сөз түсінікті. Бұрын осында туып-өскен басқа ұлттың өкілдері де солай аталады. Ал оның алдына этникалық деген сөз қоссақ, олардың қазақ екенін білдіреді дейді, онда қазақ отандастар деп жазайық. Ал этникалық отандастар десек, басқа біреулерді айтып тұрған секілді әсерде қаласың.
Түйін
Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Мен де алғашында осы этникалық отандастар деген сөзді дұрыс болар деген едім. Бірақ отандастар деген атау жалпылама болып кететін секілді. Менің пікірімше, біз бұған асықпағанымыз жөн. Көп ойландым. Бұл атауды әлі көптің талқысына салған артық болмайды. «Оралман» сөзін кезінде Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ұсыныпты ғой. Ол кісі де бекер ұсыныс жасамаған болар. Жалпы, мен бұл мәселеде мынау дұрыс, мынау бұрыс деген сөз айта алмаймын.