«Нәрестеге төленетін жәрдемақыны анасы жұмысқа шыққанда да тоқтатпау керек» деген ұсыныспен келісесіз бе?
Биыл елімізде тұңғыш рет Отбасы күні тойланды. Осы атаулы күнде ұйымдастырылған биліктегі бірнеше басқосуда ана мен бала мәселесі де қозғалған болатын. Сол жиындардың бірінде қызметке, билікке қызу араласып кеткен бүгінгінің жұмысбасты әйелдері үшін отбасын құру мүмкіндігін берер жолдар да қарастырылды. Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетованың айтуынша, декреттік демалыстағы әйелдерге жалақысының 40 пайызынан бөлек, қосымша жәрдемақы төленуі тиіс. Зейнетақы аударымдарының да толық сақталғаны жөн. «Жұмыс істейтін әйелдер бір жыл үйде отырғанда олар қоғамнан шығып қалады. Сондықтан оның зейнетақысына аударым түсуі керек. Бірақ оның жалақысынан 40 емес, 100 пайыз. Оны Елбасы да түсінді, ұсынды», – деді С.Жалмағамбетова. Ал әйелдер қауымы «аналарға жағдай жасау отбасының беріктігін нығайтумен тең» дегенді алға тартады. Осы тұста «Нәрестеге төленетін жәрдемақыны анасы жұмысқа шыққанда да тоқтатпау керек пе?» деген сауалды мамандардың қызу талқысына салып көруді жөн санадық.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының әлеуметтанушысы:
иә
– Өз басым баласын өмірге әкелген ана нәрестесі бір жасқа толмастан жұмысқа шыққан жағдайда әлеуметтік төлемақыны төлеуді тоқтатуды жөн санамаймын. Әрине, нәрестеге төленетін жәрдемақыны анасы жұмысқа шыққанда да тоқтатпау керек. Себебі біздің елде нәрестенің күтімі үшін төленетін жәрдемақы тым аз. Қазіргі таңда ең жоғары деген жәрдемақының көлемі 40 мың теңгеден аспайды. Оның өзін тек жоғары жалақыға жұмыс істеген аналар ғана алады. Ал кейбір уәкілетті органдардың мамандары жұмысы бар әйелдерге жәрдемақы төлеуді мемлекеттің қаржысын ысырап ету деп түсінеді.
Қазақстанның экономикасы және жалпы әлеуметтік жағдайы ана мен балаға жұмыссыз әйелдерге төленетін жәрдемақымен қоса, жалақы төлейтіндей қабілеті бар. Көп жағдайда біздің елдегі әлеуметтік бағыттағы заңнамаларды көршілес елдермен, әсіресе Ресеймен салыстыруға шеберміз. Бірақ олардың ана мен балаға жасап отырған жағдайы өте жоғары деңгейде. Тіпті біздің елдегі төленетін жәрдемақының мөлшерін олардыкімен салыстыру орынсыз. Айырмашылығы жер мен көктей. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бұл мәселе қаралып, аздап өзгертулер енгізілген болатын. Жәрдемақы мәселесі оңтайландырылып, нәрестеге төленетін әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі де біршама көтерілді. Бірақ сол 2005-2006 жылдардан кейін бұл проблема зерттеліп, толықтырылып, алға басқан емес, сол күйінде, бір орында қалды. Біз қалайша бұл жәрдемақы нәрестеге төленеді деп анасын жұмыссыз қалдырамыз? Егер жәрдемақының көлемі жалақының көлеміндей болса бір сәрі. Кейбір отбасылардың асыраушысы – әйел адам. Егер бұл жердегі мәселе баланың денсаулығы мен тәрбиесінде болса, оған мемлекет қажетті жағдайдың барлығын жасасын. Нәресте бір жасқа толмастан жұмысқа шыққан аналарға пайдақор немесе ақшаға құнығушылық деп қарамауымыз қажет. Егер әлеуметтік жағдайы мүмкіндік берсе кез келген ана баласының күтімімен бір жыл үйінде айналысар еді деп ойлаймын. Егер бұл мәселе шын мәнінде мемлекеттік деңгейде қозғалып, шешімін табар болса, бұл тек ана мен бала денсаулығына ғана емес, еліміздің демографиялық өсіміне де оң ықпалын тигізеріне сенімдімін.
Гүлсара АЛТЫНБЕКОВА, Алматы қалалық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары:
жоқ
– ҚР заңнамалық актілеріне және биыл енгізілген өзгерістерге сәйкес, бала бір жасқа толғанша оның анасы жұмыс істемесе республикалық бюджеттен, ал жұмыс істесе жұмыс орнынан жәрдемақы төленетіні көрсетілген. Ал әлеуметтік сақтандыру қорынан, яғни мемлекеттен төленетін жәрдемақыны алу үшін аналарымыздың қолында бір жылға дейін декреттік демалыста екені, демек, жұмыссыз екені жөнінде құжаты болуы міндетті. Төлемдер тек сол құжаттардың негізінде ғана жүргізіледі. Ал егер азаматша жеке кәсіпкерлікпен айналысса, ол кәсібін бір жылға дейін тоқтатуы керек.
Оны дәлелдейтін құжаттамалардың қатарында салық органдарынан берілетін растама құжаттар бар. Үкімет мұндай саясатты қандай оймен жүргізіп отыр? Әрине, ана баласына бір жыл көлемінде күтім көрсетіп, денсаулығы мықты перзентті адам қатарына қоссын деген мақсатта. Егер әйел адам нәрестесі бір жасқа толмастан жұмысқа шығып кетер болса, оған әлеуметтік аударымдар, мысалы зейнетақы аударымы, аударылады және мамандар мұндай аударымдарды байқаған сәтте жәрдемақы төлеуді тоқтатады, бұл заңға сәйкес әрекет. Біз бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек, ол – жәрдемақының қандай мақсатта төленетіні. Үкімет жәрдемақыны анаға емес, нәрестеге төлеп отыр және заң талаптарына сәйкес, бұл төлемақыны алатын ана жұмыссыз болуы тиіс. Демек, үйде, нәрестесінің жанында болуға міндетті. Егер нәрестеге төленетін жәрдемақыны анасы жұмысқа шыққанда да төлейтін болсақ, әйелдердің тең жартысынан көбі нәрестесін бір жасқа дейін үйінде бақпастан, қазақта сөз бар ғой, «уызға жарытпай» жұмысына шыға беретін болса, мына бүгінгі денсаулығы әлсіз жастарды қайдан шықты деп сұрамайтын да шығармыз. Әрине, әр ананың құқығы өзінде. Егер баласын дүниеге әкелген ана бірден бар жағдайын таразыға салып өлшеп, қарап, өз шешімін жұмысқа шығумен қабылдаса өз еркі. Бірақ таразының бір басында баланың денсаулығы, екінші басында табыс табу мен жеке басының жоспарлары тағы да басқалар тұрады. Қайсысын таңдайды, оған ешкім тыйым салып, шектеу қоя алмайды.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Анна ҚҰДИЯРОВА, Қазақстан Ұлттық психоанализ қауымдастығының президенті:
– Нәрестеге төленетін жәрдемақы анасы жұмысқа шыққанда да төленсе ананың психикасы ақшаға ауып, баланың денсаулығы жайлы мүлдем ұмытылады деу әйел затына деген сенімнің толықтай жойылғандығын көрсетеді. Біз еліміздің демографиясын өсіреміз, ана мен бала денсаулығын жақсартамыз десек, ең алдымен әйелдердің жағдайын жасауымыз керек. Еліміздің экономикасы мықты, байлығы шексіз. Үкімет ана мен баланың денсаулығына қатысты проблеманың шешіміне келгенде еш аянып қалмауы тиіс. Жақсы ана жақсы ана болып, жаман ана жаман ана болып қала береді. Ал жақсы ананы ақшаға сатып ала алмаймыз!