Мүгедектердің қоғамдық көлік жүргізуіне рұқсат берілуі керек пе?

Ата заңымыз бойынша мемлекетіміздегі әр тұрғынның құқықтары тең. Заң мен адамгершілік қағидаттар шеңберінде ешкім қоғамнан шеттетілмеуі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, мүмкіндігі шектеулі жандардың да өздерін қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде сезінуіне бар жағдай жасалуы қажет. Тіпті мүгедектер мемлекетке масыл болмай, барлық азаматпен бірге еңбек етіп, қоғамның дамуына бірге атсалысуы қажет деп жатамыз. Алайда тән кемтарлығына байланысты ғаріптердің қайнаған өмірден шет қалып жататыны да – ақиқат. Жалпы, мүгедек жандар жайлы қарама-қайшылықты пікір көп. Соның бірі – мұндай азаматтарға қоғамға қызмет етуді, айталық, қоғамдық көлікті жүргізуге араластыру туралы. Қоғам мүшелері бұл жөнінде не дейді?

Әлия БЕЙСЕНБАЕВА, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары:
Иә
– Мүгедек жандар қарапайым адамдар сияқты кез келген көлікті оңай игере алады. Әрине, ол үшін көлікке қолмен басқаратын жүйені, қосымша рычагтарды орналастыру қажет. Кейбіреулер «мүгедек жандардың қоғамдық көлікті жүргізгені қауіпті» дейді. Мен бұл пікірге қосылмаймын. Бұған менің мүгедектігім себеп емес, біріншіден мүмкіндігі шектеулі жандар көлікті өте сақ, барлық жол ережелерін сақтап жүргізеді, екіншіден, егер мұндай көліктерді жүргіземін дейтін мүгедек болса, неге оның талабын орындамасқа?! Мүмкіндігі шектеулі жандар тағдырдың тауқыметін туа тартқан жоқ, олардың көбі жол-көлік апатынан осындай күйге ұшырады. Олардың арасында көлік апатына тап болғанға дейін бірнеше жыл рульге отырған, әлі де темір тұлпарды сол қалпында басқаратын адамдар бар. Көлікке ұшақ деп қарайтын жас балалардан гөрі олардың қасында отырған әлдеқайда қауіпсіз. Өзімнің астымда шетел автокөлігі бар.
 Оны жиған-терген ақшаға өзім сатып алғанмын. Қаланың тар көшелерінде жиі болып, кейде қарапайым бұрылатын белгілерін қоспайтын жүргізушілерді көремін. Оларға не дауа айтуға болады, аяқ-қолы сау болғаннан кейін көлікті оңды-солды жүргізе беруге болмайды ғой. Пайда үшін бір-бірімен жарысып, аялдамаға асығыс тоқтап, көлікті тұрақтарға дұрыс орналастырмайтын қоғамдық көлік жүргізушілерін өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз. Әсіресе, автобустар жол үстінде өздерін «король» сезінеді, ешкімге жол бергісі келмейді. Олар қауіпсіздіктен бұрын, ақша ойлап бара жататын болу керек. Ал оларға қалай өз өміріңді сеніп тапсырасың. Кейбір азаматтар ыңғайлы болғаннан кейін бе, жоқ, әлде мүгедектерді сыйламағаннан ба, мүгедектерге арналған тұрақтарға өз көліктерін қойып қояды. Осыдан бірнеше ай бұрын мен АҚШ-тың Вашингтон штатында болдым, онда мені таңғалдырып, қызықтырғаны: мүгедектерге жолдарда да, қоғамдық орындарда да барлық жағдай жасалған екен. Тіпті 14-18 орындық микроавтобустармен жолаушы тасып, ақша тауып жүрген азаматтар да бар. Вашингтонда көлікті қолмен басқаруға арналған техника шығаратын зауыт бар. Жәрдемақы жоғары болғаннан кейін оны сатып алуға америкалық мүгедектердің жағдайы жетеді. Мұндай бір техника 1000-1500 еуро көлемінде тұрады. Егер осындай техника сатып алып, қоғамдық көліктерге орналастырса, оны шамасы жеткен кез келген мүгедек жүргізе алады. Өкінішке қарай, ондай мүмкіндік бізде жоқ. Тіпті қарапайым қолмен басқаратын жүйелерді үйрететін орталықты таппайсың. Алматыда автомектептерді әрбір қадамыңда көруге болады. Бірақ оларға хабарлассаң, мүгедектерді оқытуға жағдайымыз жоқ деген жауап естисің. Кейбір адамдар амалы жоғынан қосымша рычагтарды қолдан жасап алады. Ол –өте қауіпті. Жуырда Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында көлікті мәнерлеп жүргізуден сайыс өтті. Оның мақсаты – мүгедек адамдарды қоғамға бейімдеу және олардың жайына жұртшылық назарын аудару. Жарысқа 20 жүргізуші қатысып, өздерінің көлік игеру шеберлігін көрсетті. Ұйымдастырушылар мен әділқазылар барлық қатысушыға жоғары баға берді. Бақ сынағандардың арасында бұған дейін көлік жүргізгендер де, жаңадан темір тұлпардың тізгінін ұстағандар да болды. Менің бір байқағаным, олардың арасында қоғамдық көліктерді оңай басқарып кететіндер де бар. Қазір көлік жүргізетін әйелдердің саны артып келеді. Егер Алматы бойынша 300 мүгедек әйел бар болса, олардың  10-15-і рульге отырған.

Құралай БЕРКІМБАЕВА, «Нұр Отан» ХДП Түрксіб аудандық филиалы төрағасының орынбасары:
Жоқ
– Әрине, мүгедектерді кемсітуге болмайды. Олардың барлық талабын орындап, қоғамның белсенді мүшесі сезінуі үшін қолдан келген жағдайды жасау қажет. Бірақ өз басым қоғамдық көлікті мүгедек жандардың жүргізуіне рұқсат беруге қарсымын. Қалада жол апаты жиі орын алады. Жол-көлік апатынан зардап шеккендер саны соғыста қаза тапқандардың санынан асып кетті. Жол апатына түсемін деп ешкім ойламайды, ол – тосыннан болатын апат. Бұрын «смертник» деп мотоцикл жүргізетіндерге айтатын болса, қазір оны жеңіл көлік иелеріне де қадап айтса да болады. Осындай жағдайда мүгедектерге қалай адамдардың өмірін сеніп тапсыруға болады? Әсіресе, Алматы сияқты көлігі көп жерде бұл өте қауіпті. Қалада сырттан келетін көліктерді есептегенде күніне 500 мыңнан астам темір тұлпар жүреді екен. Оның ішінде қаншасы көлік құжатын сатып алғанын бір Құдайдың өзі біледі.
Кейде сау адамның өзі қоғамдық көлікті дұрыс игере алмай қалады. Бұл жерде адамның ептілігі, сергектігі, күші аса қажет. Ал мүгедектердің барлығы ондай шапшаңдыққа ие емес. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар арасында әртүрлі дәрежедегі мүгедектер бар. Олар көлікті жүргізуі үшін әртүрлі сынақтан өтеді. Ал сынақтан өтпеген адамды ынтасы бар екен деп жүргізушілікке қалай аламыз? Мүмкін ондай көліктерге жолаушылар мінетін шығар, бірақ өз басым қауіпсіздік үшін оларға рұқсат бермеу қажет деп есептеймін. Менің пікірімше, қазір бұл мәселемен айналысатын уақыт емес. Одан гөрі алдымызға «мүгедектердің жағдайын қалай жақсартуға болады» деген сауал тастауымыз керек. Бүгінде қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келген барлық көмектер көрсетіліп жатыр деп айтуға болады. Мектеп, медициналық мекеме, басқа да қоғамдық орындарда олардың оңай жүріп-тұруы үшін арнайы пандустар орналастырылуда. Жыл сайын мүгедектерге бөлінетін қаржының көлемі де ұлғайып келеді. Бұрынғыдай емес, қазір мүгедек жандар да, олардың қараушылары да мемлекеттен жәрдемақы алады. Мұндай көмектер кейбір елде осы күнге дейін енгізілмеген. Мәселен, осыған дейін мүгедектігі бар бір балаға жалғыз жәрдемақы жете бермейтін, енді оның ата-анасы ретінде қамқоршысына да белгілі бір мөлшерде ақша тағайындалады. Міне, осындай жағдай жасалып жатқан кезде, мүгедектерге жанын азаптап қоғамдық көлік жүргізудің қажеті не? Одан да мүмкіндік болса, оларға басқа жеңіл әрі ыңғайлы жұмыс тауып берген дұрыс. Ең әділ, оң шешім – осы.

Бейтарап пікір
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы:
– Біздің елде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Олар дер кезінде жәрдемақы алып отырады. Одан бөлек еңбек етуі үшін де жағдайлар жасалған. Мәселен, мүгедектерге қысқа мерзімге болса да жұмыс беріледі, олар алты күндік жұмысты бес күн істейді. Ал қоғамдық көліктерге келер болсақ, бұлар мемлекеттің қаны дер едім. Егер оны кез келген адамның қолына басқаруға бере берсек, қан тоқтайды. Бұл – еліміз үшін қауіпті. Сондықтан мүгедектердің қоғамдық көлікті жүргізуіне құқық бермеу қажет деп есептеймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста