Мешіттерге кісі атын беру мәселесі талай рет талқыланған болатын. Алайда жуырда бұл мәселе қайта көтеріліп, дау бола бастады. Өткен аптада «Мегаполис» газеті Дін істері агенттігінің «діни басқармаға қарайтын мешіттердің атауынан адам есімдерін алып тастауды талап еткенін», «бұл талапты орындамаған мешіттерді, жаңа дін туралы заңға сәйкес, қайта тіркемей отырғанын» жазған еді. Артынша Дін істері агенттігі «Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына қарайтын мешіттерді агенттік қайта тіркеуден өткізбей қойды» деген ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен ҚМДБ қарауында жоқ мешіттер бұған әлі алаңдап отыр. Діни сарапшылар бұл туралы екі түрлі көзқараста...
Мұртаза БҰЛҰТАЙ, философия ғылымының кандидаты, дінтанушы:
иә
– Менің ойымша, мешіттерге кісі атын беру мүлде дұрыс емес. Сондықтан мен мешітті тұрғызған адамдарға ат қою құқығын беру керек дегенмен келісе алмаймын. Мешіт жеке адамның қаржысына салынса да, жеке адамның меншігі бола алмайды. Ол – жамағаттың бас қосып, Алла тағалаға құлшылық ететін орны. Ол жерде ағартушылық сұхбаттар болады, дәріс оқылады, ғибадат жасалады. Мешіт адамдарды ізгілікке, игілікке шақырады. Қысқасы, ең киелі орын. Ал сондай киелі орынға адам атын шегелеп қою дұрыс емес, мейлі, ол қандай адам болса да, дұрыс емес. Себебі Құранда да «мешіт – Жаратушының үйі, сондықтан ол мешіттерге басқаларды шақырушы болмаңдар» деген аят бар.
Бізде қазір бұл мәселе шектен шығып кетті. Кім көрінгеннің ойына келген атаулары қойыла бастады. Кез келген адам – пенде. Есімі мешітке берілген адамға наразы болып жүргендердің пікірін қайда қоямыз?! Адам болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. Ол адам біреулердің көңілін қалдырған болуы мүмкін. Сол адамға көңілі қалып жүрген адам мешітке қалай аяқ басады?! Сондықтан мешітке ондай кірді, күдік-күмәнді жолатпау керек.
Сонымен қатар қазір мешіттерге ұлттардың атауын беретіндер бар. Мысалы, татар мешіті, ұйғыр, дүнген мешіті деген сияқты атаулар кездеседі. Бұл да үлкен қателік дер едім. Қысқасы, діни түсінікті тұрмыстық мәселеге айналдырып жіберуде. Бұл пендешілікке жатады.
Дін істер агенттігі тарапынан мешіттерге Алланың 99 есімін беруге болады деген пікір айтылды. Меніңше, бұл дұрыс. Егер мешітке атау қою міндетті болса, оны елді мекеннің атауымен атағанды жөн көрер едім. Мысалы, бір шағын ауыл болса, мешітке сол ауылдың аты берілсін. Іздеп табуға да, есте сақтауға да ыңғайлы.
Кейбір адамдар атасының атын беру үшін ғана мешіт салады. Қарапайым тілмен айтқанда, жарнама. Мұндай ниетті адамдарға мұның дұрыс емес екенін алдын ала ескерту керек, уағыз, насихат айту керек. Ал егер келіспесе, онда оның әу бастағы ниетінің өзі дұрыс болмағаны. Ондай мешіт тұрғызғаннан тұрғызбай-ақ қойғаны жақсы.
Жалпы, осы мешіттердің атауын қадағалайтын бір орталықтың болғаны дұрыс. Егер бұл мәселені қазір Дін істер агенттігі қолға алып жатса, заңды тұрғыдан сондай құзыр берілген болса, әбден дұрыс бастама дер едім.
Досай КЕНЖЕТАЙ, Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы:
жоқ
– Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама шариф өз қызметіне алғаш отырған кездегі тұжырымдамасында осы мәселені көтеріп еді. Мен бұған қатысты талай сын айттым. Қазір осыған қатысты қайтадан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Жалпы, мешітті адам атымен атау бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Оны жаңалық ретінде көрсетуге болмайды. Бұрындары агенттік төрағасы мешіттерді адам атымен атау шариғатқа сай емес дегенді айтатын еді. Бірақ олай емес. Әлем тарихында да, еліміздің тарихында да талай мешіт адам атымен аталған. Түркияда Сұлтан Ахмет, Махмұт Сұлтан мешіті бар, сол сияқты өзімізде Құнанбай мешіті бар.
Сондықтан ғұлама адамның, дінге, адамзатқа еңбегі сіңген адамның атымен аталатын мешіттер шариғатқа тіпті де қарсы емес.
Әрине, кейбір қалталы адамдар мешітті салуын салып алып, оған әжесінің, атасының атын бергісі келетіндер де кездеседі. Бірақ мұны Дін істері агенттігі емес, жергілікті билік органдары реттеуі керек. Жалпы, Дін істер агенттігінің мешіттердің атауында шаруасы болмауы керек. Оны жергілікті билік органдары өзі реттеуге тиіс. Егер біреу атасының есімін бергісі келетін болса, сол ауылдың ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері ол адамның лайық тұлға екенін жергілікті билікке жеткізсін. Мысалы, мешіт салынарда оған жер бөліп беретін, оған рұқсат беретін жергілікті билік қой. Сондықтан мешіт тұрғызылмай жатып, келісіп алу керек. Дегенмен мұндай адамдар бар екен деп, мешіттерді адам атымен атауға мүлде тыйым салып тастауға болмайды. Мысалы, мынадай жағдайлар кездеседі. Шағын бір ауыл мешіт тұрғызбақ болды. Тұрғызылған мешітке сол ауылға еңбегі сіңген бір адамның атын қойғысы келеді. Ол адам республикалық деңгейде, тіпті облыс, аудан деңгейінде танымал болмауы мүмкін, бірақ сол ауылға еңбегі сіңген. Ал енді мешіттің атын сол адамның құрметіне атауға Дін істері агенттігі не үшін кедергі болуы керек?! Оның қандай қатысы бар? Сол ауылдың ақсақалдары, мешітті салуға қаржы қосқан адамдар бас қосып жергілікті биліктің атынан сөйлейтін болса, Дін істер агенттігінің тіркеуге рұқсат бермей қоюға заңды тұрғыдан да құқығы жоқ. Айналып келгенде, шариғат, фикх дегеніміздің өзі жергілікті биліктен басталады. Жергілікті билік сол аймақтың рухани мәселесіне қызмет еткен адамның есімін сақтап қалуға құқылы. Мешітті қарапайым адамның қалтасынан ақша шығарып салуға құқығы бар, зекет арқылы, садақа арқылы сол мешітті сақтап тұруға құқығы бар. Ендеше оған ат беруге де үлес қоса алуы керек.
Түйін
Мешіттерге кісі атын беруге болмайды деген пікірді «Мегаполис» таратқан қауесет деп қабылдайық. Әйтпесе Қазақстандағы 2300-ге жуық мешіттің арасында кісі атауы берілген мешіттердің барлығының атауын өзгерту алуан түрлі пікірталастарға әкелуі мүмкін екені анық. Оның үстіне қазақта мешітке ғұламалардың есімін беру ежелден бар үрдіс екені белгілі. Ал баз біреулердің аталарының есімінің мешіт атауына айналып кетпеуін, Досай Кенжетайұлы айтпақшы, жергілікті билік өкілдері де қадағалай алар еді.