Мемлекеттің көмегінсіз отандық туризм өз бетінше дами ала ма?
Туризмнің қай елде болмасын, экономикалық саланы дамытудың бір жолы ретінде қаралатыны рас. Біздің елде де бұл саланы дамытуға қатысты іс-шаралар кеңінен жүргізіліп, айтылып жүр. Өткен жылы ҚР экс Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда Қазақстанның туристік саласын дамыту мәселелері талқыланды. Туризм саласын дамыту жөніндегі аталмыш шаралар Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес әзірленген еді. Содан бері туризм саласына мемлекеттен көп қаржы бөлініп, көмек көрсетіле бастағаны аян. Ал «қазіргі таңда бұл салаға мемлекеттік көмек көрсетудің қажеті жоқ» деген пікір айтылып жүр. Осы пікірді мамандардың талқысына салып, «Мемлекеттің көмегінсіз отандық туризм өз бетінше дами ала ма?» деген сұрақты ортаға тастауды жөн көрдік.
Илья ФИШМАН, Қазақ географиялық қоғамы ғылыми кеңесінің мүшесі:
иә
– Жалпы, Қазақстанда туризм саласын дамытуға арналған түрлі іс-шаралар жүргізіліп, жекеменшік компаниялар мен туристік агенттіктер де бұған атсалысуда. Бірақ бұл шаралар туризмді дамытуға жетерлік деңгейде атқарылып жатыр дей алмаймын. Тіпті «туризм саласына мемлекеттен қаржы бөлінуі керек» деген пікірді де қолдамаймын. Елімізде туризмнің дұрыс дами алмай отыруы біздің бұл салада дұрыс менеджмент қалыптастырып, дұрыс жұмыс істей алмауымызда болып отыр. Әрине, «туризмді дамыту керек» деп барлық жауапкершілік пен жұмысты белгілі бір ұйымға немесе агенттіктерге итере салу дұрыс емес. Бірақ бұл саланың дұрыс дамымай отыруы дұрыс бағдарламаның жоқтығынан сияқты көрінеді.
Әлемде қаншама ел осы туризмнің арқасында күн көріп, бүкіл әлемге әйгілі болып отыр. Тағы да қайталап айтқым келеді, ол елдерде туризмді мемлекет емес, мемлекетті туризм асырап отыр. Яғни біз белгілі бір ұйымдар мен туристік салада қызмет етіп жүрген кәсіпорындарға қаржы бөліп, мемлекеттік қолдау осы деп қарап отырмауымыз керек. Шет мемлекеттер бұл саланы қалайша бүгінгі дәрежеге дейін көтергенін зерттегеніміз жөн. Солардың тәжірибесін ескерген абзал. Менің байқағаным, оларда насихат, ақпарат, жарнама жұмыстары жақсы жолға қойылған. Бірде шетелдік туристің бірімен кездесіп қалып, оның неліктен Қазақстанға келгісі келгенін сұрадым. Ол маған: «Қазақстан жайлы еш мәлімет жоқ, сол үшін өз көзіммен көріп қайтуға келдім», – деп жауап берді. Яғни біз ең алдымен туризмді дамыту жолындағы жұмыстарды ақпарат таратудан бастауымыз керек. Туризм талаптары жоғары сервисті қажет етпейтін туристермен дамиды. Олардан түскен қаражатты орынды жұмсай білсе, инфраструктура ақырындап жөнге келеді. Ғалымдар ЮНЕСКО-ның жүргізген сауалнамаларының нәтижесі бойынша туристердің 70%-ы жоғарғы сервис пен ерекше жағдайды күтпейтіндігін анықтаған. Яғни туристерге шатырлы туризмнің өзі жеткілікті. Қазақстанда туризм үшін бәрі бар. Туризмді дамыту жайлы сөз еткенде көп азаматтар сөзді үлкен қаражат талап етуден бастайды. Бірақ бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрған жоқ қой. Әрине, инфраструктураның дамуына мемлекеттің көмегі керек шығар, бірақ қит етсе қаражат сұрай беру дұрыс емес. Ал Қазақстан жайлы ақпарат тарату кез келген туристік компанияның қолынан келеді және оны олардың қалтасы да көтереді деп ойлаймын. Бұл дегеніміз, отандық туризм мемлекеттің көмегінсіз-ақ өз бетінше дами алады дегенді білдіреді емес пе?
Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы, академик:
жоқ
– Туризм шынымен-ақ, экономиканы дамытудың ең бір тиімді жолдарының бірі десе де болады. Бірақ біздің елдегі отандық туризмнің мемлекеттің көмегінсіз өз бетінше дамуы екіталай. Себебі туризм мәселесі мемлекеттік қолдауға зәру. Бұл саланы дамытуға арналған кез келген іс-шара ол туризм туралы заңның айналасында, заңның шеңберінде орындалуы тиіс. Туризм – біздің тарихи, мәдени дамуымызды, сондай-ақ бай географиялық жерімізді дүниежүзіне паш ететін сала. Бұл байлық – елдің, халықтың, мемлекеттің байлығы. Сондықтан туризм саласы мемлекеттің көзқарасынсыз, мемлекеттің саясатынсыз дами алмайды деп есептеймін.
Соңғы кездері туризм саласында жұмыс істеп жүрген кәсіпорындар мен осы саланың мамандарына қатысты неше түрлі пікір айтылып жүр. Егер мемлекет бұл саланы дамытуды қолға алса, әрине тікелей араласуы керек. Сондықтан «туризм өзін-өзі асырап, өзін-өзі қаржыландыруы тиіс» деген пікірмен келіспеймін. Мемлекет қаржыландырсын, бірақ сол қаржыны жұмсап, жұмыс істеп отырған мемлекеттік емес ұйымдардың жұмыс нәтижелері жіті назарда болсын, қоян-қолтық жұмыс жүрсін. Жобаларды да мемлекет пен жеке кәсіпорындар бірлесіп құрастырсын. Сонда ғана отандық туризмнің тасы өрге домалайды. Жалпы, туризм саласының кешегі күнмен салыстырғанда жағдайы жақсарғанға ұқсайды. Бірақ мемлекеттік жалпы кірістің 30 пайызын туризм құрайтын Түркия сынды елдермен салыстыруға әлі болмайды. Қаншама үлкен жобалар бар, бірақ олардың барлығы сәтті шыққан жоба деп айта алмаймыз. Демек, одан мемлекет еш пайда көрмейді. Сондықтан бүгінгі таңда біздің туризмнің мемлекетке көп пайда әкелмек түгіл, өз бетінше өркендеуіне де күші жетпейді деуге болады. Мысалы, жақында «Түркістанды рухани астанаға айналдыру керек» деген ұсыныс айттым. Және Түркістан мен Кентауды қосып, рухани-технологиялық кластер құру керек деген де менің идеям еді. Яғни Түркістанды рухани жағынан, Кентауды технологиялық жағынан дамыту. Бұл кластердің ішінде туризм кластері де бар. Демек, «Түркістан» кластері дегеніміз – жалғыз Түркістанға ғана емес, бүкіл Қазақстанға қатысты деген сөз. Бұл жерде Тараз да, Шарын да тағысын-тағылар болуы мүмкін. Осылайша, біз туризмді дамытып, елімізді бүкіл әлемге таныта аламыз, тек мемлекеттің қолдауымен ғана.
Бейтарап пікір
Юлия Наоменко, «Гүлнар Тур» туристік компаниясының бас маманы:
– Қазақстандағы туризм саласының аса бір биік деңгейге көтеріліп кетпегені рас. Бірақ дамып келе жатыр. Алайда еліміздегі туристік компаниялардың жұмыстары мен өзіндік тәжірибелерін де естен шығармауымыз тиіс. Десек те, Қазақстан жайлы ақпараттардың аз екені өтірік емес. Бірақ қазіргі таңдағы туризм мемлекеттің көмегіне зәру деген пікірмен келіспеймін. Тек дұрыс жұмыс істей білуіміз қажет. «Көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өте келе, бұл саланы да әлемдік деңгейге көтеретінімізге сенімдімін.