Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі тиімді болады деп ойлайсыз ба?

«Баланы ұлша тәрбиелесең ұл, құлша тәрбиелесең құл болмақ». Болашақтың сенімді кепілі байлық та емес, дүние мен мал да емес, ұрпақ саулығы екенін түсінсек, сол ұрпақ қазір қандай білім алуда? Білім ала алмай, жоғары оқу орнына түсе алмай қалып жатқан жас жеткіншектер қаншама.
Солардың бағын ашу үшін, жалпы, ешбір бала білімсіз қалмауы үшін, мүмкін, бізге мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесін енгізу керек шығар? Яғни ата-ана қамсыз қалмай, ертеңгі күні баласының оқуына деп қаржы қарастыруына бұл мемлекет тарапынан жасалған көмек болар ма еді... Осы мәселені таразылап көрсек.


Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымының докторы, профессор:
иә
–  Меніңше, бұл – тиімді ұсыныс. Не­ге? Бір мысал келтірейін, Ресей бүгінде демографиялық жағдайды, сол арқылы жалпы ұрпақтың бола­ша­ғын, білімін, қауіпсіздігін қам­та­масыз ететін жүйелі бағдарламасын қа­былдады. Өздеріңіз де көріп-біліп жүр­сіздер, ол елде өмірге жаңа кел­ген сәбиге қомақты қаржы бөлінеді жә­не әр бала сайын оның көлемі де артып отырады. Ең қызығы, ата-ана ол ақшаны дүкенге, басқаға жұмсай ал­майды, тек баласына қажет дәрі-дәр­мек, тамағына ала алады, со­нымен ол ақша баланың оқуына да жи­налады. Міне, көрдіңіз бе, мақ­сатты ақша жинау, баланың бола­ша­ғын қамтамасыз етуге деген елдің қамқорлығы. Ата-ана да, мемлекет те жаңа туған баланың болашағына қам жа­сап жатыр. Ал бізде қалай?
Жаңа туған сәбиге бір реттік жөргекпұл ретінде ақша беруін береді, бірақ біздің қазақтың әйелдері ол ақшаны алады да, балаға емес, қарызына төлейді, одан қал­са, тойға, басқаға жұмсайды да, баланың қажеттілігіне келгенде жерге қарайды. Бала өсіп, білім алатын кез туралы бұл ретте сөз айтудың өзі артық. Ал біздің елімізде балаға деп бөлінген қа­ражат тіпті талан-тараж болып, қайда қал­ғаны да белгісіз боп жатыр. Бұл, бір жа­ғынан, қоғамның қамсыздығы да.  Ата-ананың да бұл жерде кінәсі бар. Өз бала­сының болашағына ата-ана алаңдамаса, со­ған қор жинамаса, онда ешкімге өкпе ар­татын жөні де жоқ. Амал жоқ, өзі қам­дамаған ата-ананы осылай мемлекеттік жүйе арқылы жұмылдырса, бәлкім, өз нәтижесін берер. Яғни әр ай сайын, мүмкін, ай­лы­ғының белгілі бір мөлшері алынып отырар. Мысалы, зейнеткерлік жи­нақ қорына алынғандай, есесіне ол білін­бей жинала береді де, ертеңгі күні ба­ласы өскенде құдды бір Құдай ойламаған жерден жеткізгендей баланың оқуына қар­жы дайын тұрады. Баласы грантқа түссе құба-құп, ал егер түсе алмай қалған жағдайда дәл бүгінгідей өкінішті жағда­й­лар орын алмас еді. Әйтпесе бүгінде қан­шама оғаш оқиғалар орын алып жатыр, жоғары оқу орнына түсе алмаған балалар тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Себебі олардың көбі мектепте сабақты жақсы оқып, бітірген соң оқуға түсетініне сенімді болған оқушылар. Бірақ бір түсініксіз жағдай, олар балы жетпей оқуға түсе алмай қалады. Оқушының өзі де аң-таң, ата-ана, ұстазы да. Мен жа­қын­да осындай жағдаймен ұшырастым. Бір түлек ҰБТ тапсырып, оқуға түсетін межеге небары 1 ұпай жетпей қалған. Әлгі баланың ата-анасы жылап алдыма келген соң, мен министрлікке дейін барып ара түстім. Неге? Себебі тест сұрақтарына небір сұрақтар кел­ген, айталық «Абылай хан­ның сүйегін қазып алғанда, оның аузында неше тісі бол­ған?» немесе «Шоқан қай жылы, қай күні, ненің үстінде туды» деген сияқты. Арбаның үс­тінде келе жатып туыпты-мыс деген сияқты болмашы, яғни күмәнді нәрсені дерек деп қабылдап, оны түлектердің оқуға түсетін ҰБТ-ға қосуға бола ма? Бұл деген тіпті түлектің тағдырымен ойнау ғой? Себебі соған бола өмірін қыршыннан қиып жатқан да балалар бар. Бұл жағдай, мүмкін, бастапқы тақырыптан ауытқып кеткен шығармын, бірақ осы ретте, бірін­шіден, тестіні дұрыс­тау керек, сауатты, кәдімгі нақты деректерді енгізу керек, екіншіден, баласының ұпай саны жетпей қалғанда ата-ана оған сондай ашумен қарап, сенімді ақтамады деп жазғырудан абайлауы керек. Осы ретте оның есеп­шо­тында бала­сын оқытуға жетерлік қаражаты болса, бала мен ата-ананың арақатынасына сызат түспес пе еді? Қайткен күнде де, бұл бала­лары­мыз­дың болашағын ойлаудың тиімді жолы, білім берудің жинақтау жүйе­сін мен сон­дықтан қолдаймын.


Совет-Хан ҒАББАСОВ, жазушы:
жоқ
– Жоқ, бұл ешқандай да білім жү­йе­сін реттейтін жол бола алмайды. Бі­ріншіден, біздің елімізде жинақтау жү­йесі деген ел сенімін 100 пайыз ақ­тап жатқан жоқ. Жинақтаушы зей­нет­ақы қорына деп алынып жатқан ақ­ша­ның қайда, неге жұмсалып, ертеңгі кү­ні өзінің қарттығын қам­та­масыз ете­тіндігіне ешкім се­нім­ді емес. Екін­ші­ден, енді бұл тә­жі­ри­бені білімге әкеліп қол­данатын бол­сақ, онда болашақта ел­де ақы­сыз ештеңе де болмайды де­ген сөз. Яғни әр ата-ананың баласын оқы­туын сол ата-ананың өзіне артып, он­сыз да алып жа­рытып жатпаған ай­лы­ғының ше­тінен жырып, жинақтауға мәж­бүр­лейді деген сөз. Үшіншіден, а­қылы оқу болған жерде білім бол­май­ды. Талай жайды өз көзімізбен көріп жүр­міз.
Және ешкім де оны қадағалап, «білім алсаңшы» деп бас ауыртпайды да, оқу орнының басшылығы, оқытушысына, әйтеуір, айлығы төленіп жатса, бала оқу ақысын төлеп жатса болды.
Қазір біреудің біреуге жаны ашы­май­тын заман болып кетті ғой. Қоғамның да өсіп келе жатқан баланың не ден­саулығы, не білімімен шаруасы жоқ. Қаншама үріп ауызға салғандай жас қыз­дарымыз кафе-мейрамхана­ларда даяшы, болмаса дүкенде жай сатушы болып тамағын айы­рып, жанын бағып жүр. Сол се­кілді қаншама тепсе темір үзетін қазақ жігіттері базарда арба сүйреп, нәпақасын тауып жүр. Солардың тіпті бірша­ма­сының дипломы да бар. Ал біразы оқи алмаған, се­бебі білім жүйесі бізде дұ­рыс емес. Қазақтың ұлт ретінде қазір денсаулығы жоқ, білімі таяз­да­нып барады. Себебі оқып, білім ала­тындар қаланың, байдың балалары. Білім саласы қазір өте жайсыз жағдайда. Кезінде дұрыс реформа жүргізілмегендігінің сал­да­рынан қазір енді құрдымға кетіп бара жатқан білімді жандалбасалап бірдеңе­лерді ойлап тауып, құтқаруға ұмтылып жатыр. Мынау жинақтау жүйесін мен сол жанталастан туған ой, яғни «енді не істей­міз?» деп басшылық жағадан алғанда, «мі­не, былай етсек қайтеді?» деп қысыл­таяң­да ұсына салған әлдебір идея деп түсінемін. Әйтпесе бұл ешқандай да еш­кімге де тиімді жол емес. Жалпы, ақылы оқы­ту дегенді тоқтату керек. Балаларымыз­дың білімін мектептен қадағалауымыз ке­рек, оқуға ақшалыны емес, шын білімдіні қабылдасын.
Бүгінде білім саласын болсын, ден­саулық саласын болсын тізгінін ұстап отыр­ған­дардың еш қауқары жоқ. Болмаса ҰБТ-ның сорақылығын барлығы көріп-біліп отыр, бірақ бірде-бірі тоқтата алмай отыр. Оның барлығына кінәлі – қоғамдық жүйе. Ешкім осы жүйеге қарсы ештеңе жасай алмайды. Әркім өз орнынан айырылып қалу­дан қорқады да, бұрысты бұрыс деп айта алмайды.
Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі деген – ғылыми жүйеленбеген дү­ние. Ал ғылыми жүйеленбеген нәрседе еш уа­қытта қорытынды болмайды, одан са­палы дүние алу мүмкін емес. Қазіргі білім мен денсаулық саласы соның нақты мы­салы. Халықта қазір денсаулық та жоқ, са­палы білім де жоқ. Жалған дүние мен елік­теу­шілік. Әлемдік стандарт деген түсініксіз ұғым бар, барлығымыз сол әлемдік стан­дарттың соңынан еріп барамыз. Ол не, түбі неге апарады, оны жете түсінбейміз де. Әйтпесе Малайзия, Сингапур, Жапония, Қытайды алыңыз, ешқайсысы АҚШ пен Еуропаны үлгі қылып алып, әлемдік стан­дарт дегенге елең етіп жатқан да жоқ. Осы­ның салдарынан, бағана жоғарыда айт­қандай, базардағы арба сүйреген қа­зақ жастары өсіп шығып жатыр. Қалай дерсіз? Ауылда қара су мен қара нан жеп отырған ата-ананың баласы өз білімімен оқуға түсе алмайды, ал байдың балалары сол әлемдік стандарттың соңынан ілесіп, еш­кімге пысқырып та қарамайтын, жарлы­ны адам деп санамайтын жағдайға жетіп оты­р­мыз.

Түйін
«Алдағы күніңді ойласаң – күріш ек, он жылыңды ойласаң – ағаш ек, ал болашағыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген шығыс даналығына сүйенсек, ұрпақ тәрбиелеудің бірден бір негізі – сапалы білім беру. Ал қайткенде сапалы білім бере аламыз? Қаржы жинақтағанда ма, яғни баланың біліміне ең бірінші ата-ана ақша жинауы қажет пе? Болмаса оны ел болып басқаша жолын қарастыру керек пе? Әйтеуір, қайткен күнде де жай білімді ғана емес, ертеңгі күні ата-ана, қоғамы мен ұлтына қайырлы, мейірімді ұрпақ болуға тиіс қой. Әйтпесе білімі бар, бірақ оны қай мақсатта жұмсарын білмейтін, солайша қолына қанжар ұстаған сәби секілді күй кешпесіне кім кепіл?..

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста