Мектеп — мемлекеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме. Алайда мемлекеттен қаржыландыра тұра, оқушылардан қосымша ақша жинауға әлі күнге тыйым салынбай отыр. Бір кездері ашықтан-ашық оқушылардың күнделігіне керекті ақшаны сынып жетекшілері жазып беріп жіберетін болса, қазір ата-аналар комитеті арқылы ақша жинау қолға алынған. Бірлі-жарым ата-ананың көмектескісі келген ниеті бүгінде жалпылық сипат алып барады. Өз кезегінде бұл «қайырымдылық» әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларының қалтасына күш түсірмей қоймайды. Ұстаздар осылайша «өзгенің қолымен от көсеу» арқылы оқушылардан ақша жинауды тыймай отыр. Осы орайда «ата-аналардың ерікті ақша жинауына заңдық тұрғыдан тыйым салу қажет пе?» деген сұрақтың туындауы заңды. Бұған кім, не дейді...
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Біздің Ата Заңымызда «ұстаздар мектепке ақша әкеліп берсін немесе көмектессін» деп жазылмаған. Керісінше, әрбір адамның тегін орта білім алуы міндетті әрі заңды болып есептеледі. Және мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан, мемлекет тарапынан толық қаржыландырылуы тиіс. Бұл орайда ата-аналардың ерікті немесе еріксіз ақша жинап беруі заңсыз. Бір ата-ананың бас болып, барша ата-ананың атынан сөйлеуі – қалған ата-аналардың құқына тікелей қол сұғушылық. Себебі халықтың әл-ауқаты әртүрлі. Осының салдарынан кейбір ата-ананың ақша жинауға жағдайы келе бермейді. Өз кезегінде бұл оқушылардың арасында теңсіздіктің болуына әкеліп соғады. Себебі бала көңілі қатарынан қалғысы келмейді. Ата-анасында ақша бар болсын, мейлі жоқ болсын, оны түсінуге санасы жетпейді. Ол үшін қатарынан, сыныптасынан қалмай, керекті нәрсені апарып берсе болғаны.
Тіпті кейбір отбасылардың мектеп жасындағы бес-алты баласы болуы мүмкін. Осы орайда ата-анасы тауып бере алмай қалса, бала ата-анасына ренжиді. Мұның соңы тіпті сорақы жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан алдымен үлкендер, ата-аналар мұндай жағдайға жол бермеуі керек. Бір қынжылтатын жағдай – бұл үрдіс қазір жалпы республикалық сипат алып жатыр. Мектептегі ата-аналардың ерікті болсын, еріксіз болсын, ақша жинауына, мектепке көмектесуіне тыйым салу қажет. Сондай-ақ мектептердің мұндай ақша жинауы оқушы мен ата-ананың білім ордасына деген көзқарасын да өзгертуі мүмкін.
Ата-аналардың бәрі бірдей емес, тіпті кейде «алмақтың да салмағы бар» деген оймен мектепке қамқорлық жасау арқылы баласының оқу үлгерімін дұрыстауды да ойлауы мүмкін. Мұғалімдер де өз кезегінде «жеген ауыз ұялар» деген сыңай танытуы ғажап емес. Сондықтан ата-ананың өз еркімен болсын мектепке ақша беруіне тыйым салу қажет.
Қазір Үкімет мектепке аз ақша бөліп жатқан жоқ. Егер жыл сайын бөлінетін ақшаны мектеп басшысы ретімен жұмсай білсе, көп нәрсеге жетер еді. Мемлекеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемеге сынып қоры тіпті керек емес. Бұл – тек қолдан ойлап табылған, ебін тауып ата-аналардан ақша жинаудың тәсілі. Әлі де болса ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қандай да болсын ақша жинауға тыйым салыну қажет.
Аягүл Миразова, Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры:
Жоқ
– Біздің мектебімізде сынып жетекшілеріне оқушылардан ақша жинауға үзілді-кесілді тыйым салынған. Мектепте ақша жинамау туралы бұйрық та мектептің кіреберісінде ілулі тұр.
Алайда «Бай болсаң – жұртыңа пайдаң тисін, батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін» деген мақал бар. Егер ата-ананың жағдайы келіп, өз еркімен баласы оқыған мектепке қол ұшын созғысы келсе, неге қарсы болуымaыз керек? Ата-ананың сатып әкелгені ешкімнің қалтасына кетпейді. Қайта оны жасырмай, ата-ананың көмек ретінде алып келген затының төлем қағазын бухгалтерияға өткізіп, сосын ол затты жұртшылықтың игілігі үшін барлық оқушы пайдалануы керек. Менің де мектебімде талай нәрсе ата-аналардың көмегімен жасалып, қолданып жатыр.
Рас, қазір заман талабы күннен-күнге өзгеруде.
Мәселен, Үкімет жыл сайын ақша бөліп отыр, бірақ оның ішінде мектептің терезесінің пердесін ауыстыруға жылда ақша бөле бермейді. Осындайда кейде ескіріп қалған мектептің мұндай дүниелерін ата-ана жөндегісі келіп тұрса, біз неге оған қарсы болуымыз керек?! Егер жаңартса, жақсы болатынын көре тұрып, қалайша қарсы боласың?! Бірақ ешқашанда ата-анаға өзіміз қол жаймаймыз. Өзі көмек көрсеткісі келсе, қарсы емеспіз.
Тағы бір айта кетер жайт, ата-ана көмек көрсеткісі келсе, өзі ғана көрсетуі керек, ал бір ата-ананы желеулетіп, қалған ата-ананың да құлағын көтеру – ұят нәрсе. Мен мұнымен күресудей күресіп келемін. Сынып жетекшілеріне де артық ақша жиналмауын ескертемін, ата-аналармен де арнайы жиналыстар өткізіп, «ақша жиналып жатқанын естісеңіз, тіке өзіме хабарласыңыз» деп айтып отырамын. Бірақ ерікті түрде көмек көрсеткісі келетіндерге тыйым салып қажеті жоқ.
Ақша жинау туралы сөз болғанда алдымен не үшін жиналып жатқанына мән беру керек. Мәселен, ата-ана өздігінен баласын театрға апармайды. Бала тек теледидардан көрген атыс-шабысқа толы кинолармен тәрбиеленіп жатыр. Осы орайда балаларды өз бетімізбен театрға апарып немесе балаларға арналған газет-журналдарға жазғызсақ та, «мектеп ақша жинап жатыр» деп байбалам салады. Сондай-ақ баршылық жағдайда өмір сүріп үйреніп қалған балалардан да қиындық көп. Олар мектеп бітіру кезінде бір беттік ішінде барлық мұғалімі, директоры бар суретті ұнатпайды. Олар міндетті түрде бес-алты беттік үлкен альбомды қалап отырып алады. Мұның арты артық ақшаның жиналуына әкеліп соғады. Артық ақша жиналған соң, әңгіме көбейіп, айналып келгенде мектеп кінәлі болып қалады. Сондықтан әркім өзінің ерікті түрде жасар ісін ғана білуі керек.
Түйін
Сұрау сала отырып, кейбір ата-аналардың ерікті түрде ел игілігіне жасаған істерінің бүгінде тиімді пайдаланылып жатқанының да куәсі болдық. Мәселен, бір мектеп спорт залына төселген кілемге демеуші ата-ананың көмегімен ғана жетіпті. Бүгінде боз кілемде асыр салып жаттыққан балаларды көре отырып, еріксіз сүйсінесің... Бірақ бұл игі іс «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» дегендей, тіпті сол демеушінің баласы да сезбей қалатындай болса кәнеки! Әйтпесе қатарынан қалған баланың ақша бере алмай, көңіліне қаяу түсері анық. Бәлкім, ата-аналардың мұндай көмегін мектептің бухгалтериясы арқылы куәландырып, жеке адамдардың емес, қоғамдық ұйымдардың ғана қайырымдылық жасауын қадағалау керек шығар.