Балалардың науқасқа шалдығуының басты себептерінің бірі – нашар тамақтану. Сондықтан мектеп пен балабақшадағы балалардың сапалы тамақтануының маңызы зор. Әсіресе мектептерде оқушыларды бір мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз ете бастағалы көптеген ата-ананың көңілі жайланғандай болған еді. Алайда сол күнделікті балаларға беріліп жүрген тамақ еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен нормативіне қаншалықты сәйкес екендігі назардан тыс қалып отырғаны жасырын емес. Оған дәлел – кейбір өңірлердегі балаларымыздың өте төмен бағада тамақтандырылуы, тіпті кейбір өңірде тамақтандыруды мойнына алған кәсіпкерлердің оқу жылының аяғына жетпей балаларды «аш» қалдырып, тайып тұруы «балаларды тамақтандыруды тендерсіз жүзеге асыру» жайлы ұсыныс айтуға итермелеп отыр. Алайда «тендерсіз азық-түлікті мектеп басшылығына беріп қою да оның талан-таражға түсуіне мұрындық болады» деп, бұл ұсынысқа қарсы пікір айтушылар да баршылық. Сондықтан мәселеге қатысты мамандар пікірін тұрақты айдарымызда таразылап көрген едік.
Аягүл МИРАЗОВА, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
иә
– Мен тендерге үзілді-кесілді қарсы адаммын. Біздегі тендер өткізудің басты талабы бойынша ең арзан қызмет түрін ұсынғандар жеңіске жетеді. Ал арзанның сорпасы татымайтыны қашан да белгілі. Әсіресе балаларды арзан азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету өте қауіпті. Сондықтан балабақшалар мен мектептердегі балаларды тамақтандыруды тендерсіз жүзеге асырудың жолдарын қарастыруымыз керек. Мәселен, соңғы кездері мектептердегі балаларды тамақтандыруды орталықтандыру жайы көп сөз болуда. Кеңес Одағы кезінде мұндай жүйе бар болатын.
Ол кездерде мектептерде үлкен тоңазытқышта балаларды тамақтандыруға арналған азық-түлік қоры сақталатын. Әйтсе де ол азық-түліктер уақытына жетпей іріп-шіри бастайтын. Жақында теледидардан Германиядағы осындай жағдайды көрсетті. Орталықтандырылған азық-түлік қорында сақталған өнімдерді жеген балалар уланып қалған. Демек, балаларды тамақтандыруды орталықтандырылған жүйеге көшірсек те, опық жеп қалуымыз мүмкін.
Айта кетер жайт, тендердің арқасында тұтас бір ауданның мектебіндегі балаларды тамақтандыруды бір кәсіпкер мойнына алған жайттар кездесуде. Ал ол бәрін бірдей уақтылы қамтамасыз етіп үлгере алмай жатыр. Сол сияқты тендер арқылы ең төменгі баға – 100 теңгемен балаларды тамақтандыруды ұтып алған кәсіпкерлер оқу жылының соңына қарай қаржысы жетпегендіктен, тастап қашып кетуде. Кейін кәсіпкер ұсталып, жазаға да тартылар. Бірақ сол уақытта мектепте аш жүрген балалардың мәселесіне сонда кім бас ауыртуы керек? Тіпті 100 теңгемен қалай сапалы тамақтануға болатынының өзі ақылға сыйымсыз. Мектеп асханасын да тендерге салуға қарсымын. Балаларды тамақтандыруды мойнына алған кәсіпкерге тамақтандырудың технологиясын қаншалықты меңгергендігі, қауіпсіздік технологиясын сақтауы да негізгі талаптар ретінде кіруі қажет. Мұның бәрі – тендердің қателігі мен шикілігінен орын алып отырған жайттар. Сондықтан тендерден басқа жолдарды қарастыруымыз керек.
Шыны керек, қазір мектеп басшысының балаларға берілетін тамақтың қай жақтікі болуын да талап етуге құқығы жоқ. Мәселен, біз мынау қытайдікі емес, өзіміздікі болсын деп талап қоя алмаймыз. Бұл да – тендердің талабы. Бәлкім, мемлекет тарапынан балаларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны тікелей мектеп, балабақша басшылығына беру керек шығар. Балаларды қаншалықты сапалы тағаммен тамақтандырып отырғанына да сол басшылар жауап берсе, бәлкім, жөнсіздіктер тыйылуы мүмкін деп ойлаймын.
Ғарифолла ЕСІМ, Сенат депутаты:
жоқ
– Жоқ, менің ойымша, тендер – жаман жүйе емес. Тек соны өзіміз дұрыс жұмыс істете алмай отырмыз. Тендер өткізуде кететін қателіктерді біз, депутаттар, талай рет айттық. Сондықтан тендердің талабын өзгерту керек секілді. Мәселен, ең арзан қызмет түрін ұсынғандар емес, ең сапалы қызмет түрін ұсынғандар тендерде жеңіске жететіндей мүмкіндік туғызу керек. Мәселен, тамақтандыру үшін тендер өткізуде арзан қызмет түрін ұсыну дегеніміз сапасыз азық-түлікті ұсыну екені айтпаса да түсінікті. Ал мектептер мен балабақшалардағы балаларды сапасыз тамақтандыратын болсақ, болашағымыздың қандай болатынын елестету қиын.
Арзан тағамды балаларға жегізу – қылмыс. Сондықтан балаларды тамақтандыруға тендер өткізу кезінде біз, ең алдымен, оның арзанына емес, сапасына мән беруіміз керек. Сондай-ақ балабақшалар мен мектептердегі балаларды тамақтандыруға қатысты жүргізілетін тендер өте үлкен бақылауда болуы қажет. Өйткені бала – болашағымыз. Ал болашағымыз жарқын болсын десек, балалардың денсаулығына қатысты тамақтандыру мәселесі басты назарда болуы қажет. Өйткені балалардың ішкен-жегені олардың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Қайткен күнде алдағы уақытта не тендер өткізудің тәртібін өзгерту керек, не балабақша мен мектептердегі балаларды тамақтандырудың басқа бір жүйесін ойлап табу керек. Алайда өз басым тендерге баламалы жүйені көрмей тұрмын. Сондықтан тендерді қатаң бақылауда ұстаудан басқа амал жоқ секілді. Бірақ балаларымызды ең арзан азық-түлікпен тамақтандырамыз деген ұстанымымызды өзгертуіміз керек. Тендердің бір ерекшелігі: бәсекелестік тудырады. Әйтсе де ол бәсекелестік тамақтың арзандығымен емес, сапасымен өлшенуі тиіс. Айта кетер жайт, бізде бақылаушы органдар бар. Солар балабақшалар мен мектептердегі балалар тамағының талапқа сай болуын тексеріп отыруы керек. Негізі, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан балабақшалар мен мектептердегі балалардың тамақтандырылу калориясы, тағам түрлері республика бойынша бекітіліп, тендерді де сол талапқа сайлары жеңіп алса, дұрыс болар еді.
Егер біз тендерсіз мемлекеттен бөлінген қаржыны мектеп басшылығының қолына ұстата салсақ, ол қаржы қалай болса солай жұмсалып, талан-таражға түсіп кетіп, тіпті балалардың тамақтандырусыз қалуы да әбден мүмкін. Сондықтан тендер өткізуді реттесек, бұл келеңсіздіктер тыйылады деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Марат БАШИМОВ, заңгер:
– Бұл – өте күрделі мәселе. Қазір жемқорлық барлық жерде дендеп тұрғаннан кейін мектептер мен балабақшалардағы балаларды тамақтандыруды кімге сеніп тапсыруды да білмей қалдық. Тендер арқылы өткізсек, тендерден ұтып алған кәсіпкерлер қитұрқы әрекеттерге барып отыр. Балаларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны тендерсіз сол ұжымның басшысына ұстатсақ, ол жақта да талан-таражға түсіп кетуі әбден мүмкін. Жемқорлық бар жерде бұл мәселені еш шеше алмаймыз. Сондықтан әлі де болса барлық жерде барлық салада жемқорлық мәселесін шешіп алуымыз керек. Онсыз бірдеңе деп ұсыныс айту қиын.