Мектептегі түрлі қорларға мүлдем тыйым салмайынша, білім ордаларында заңсыз ақша жинауды тоқтата аламыз ба?
Елімізде жаңа оқу жылы басталысымен талқыға түсетін өзекті мәселе – мектептегі ақша жинау «синдромы». Естеріңізде болса, нақ осы үрдісті тоқтату мақсатында Білім және ғылым министрлігі «Білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинауға тыйым салу» туралы арнайы бұйрық та шығарған болатын. Бірақ министрлік қанша жерден шара қолданса да, еліміздегі мектептерде ата-ананың қалтасын қақшып алу тыйылмай тұр. Естуімізше, қайсыбір мектептердегі қорға ақша жинаудың құны 10-15 мың теңгеден, тіпті одан да асып жығылады. Сонда бір отбасында екі-үш баласы бірдей оқыса, ата-ана қандай әрекет жасауы керек? Мектеп әрбір ақша сұраған сайын сол мектептің әкімшілігімен заң алдында арыздасып жатуға, әрине, ата-ананың жүйкесі шыдай бермейді. Ендеше, ақша жинауды тыю үшін алдымен мектептегі түрлі қорлардың жұмысын тоқтату қажет шығар? Болмаса заңсыз ақша жинауды тоқтатудың басқа түрі бар ма? Біз бұл сауалды мамандар талқысына салдық.
Дәурен АРЫН, заңгер:
иә
– Әрине, тоқтата аламыз. Бұл жерде жалғыз мектеп қорының айналасында ғана мәселе жатқан жоқ. Мектеп қоры болсын-болмасын қаржы жинамауға немесе ебін тауып жинауға болады. Қандайда бір мектепте мектеп қоры болды делік, бірақ ата-аналар өзінің заңдық сауаттылығын көрсетіп, ол қорға бір тиын да бермей қойса, мемлекеттік мектептерге мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатқанын ата-ана үнемі дәлелдеп отырса, бұл мәселе жайында сөз қозғамас та едік. Сондықтан біз заңдық сауатымызды арттырмасақ, қанша жерден мектеп қорларына тыйым салынса да, орта мектептерде ақша жинала береді.
Білесіздер, жыл сайын әрбір облыстың, қаланың Білім басқармалары, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, ата-аналардан, оқушылар мен тәрбиеленушілерден мектептің, сыныптың қажеттіліктері үшін ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Десек те, тыйым салынып отырса да мектептерде әлі ақша жиналып келеді. Мұның барлығы – біздегі ата-аналардың өз құқығын толық пайдалана алмаудан туындап отырған індет. Бұл жерде мектеп қорларының айналасынан ғана мәселе іздеу қателік. Тұрмысты жақсартуға халықтың өзі де белсене араласуы қажет. Мысалы, Норвегия, Швеция сияқты елдерде үкімет көпбалалы отбасылардың жағдайына мықтап мән береді. Бұл елдерде жас балаларға, мүгедектерге қаржылай жақсы қамқорлық жасалған. Соған орай, қарапайым халық арасында қолданыстағы бар заңдарды бұлжытпай орындау бірінші кезекте жүзеге асырылады. Өзге елдерде біздегідей кез келген мәселені тамыр-таныстықпен шешу деген атымен жоқ. Пара беру деген – ең ауыр қылмыс болып саналады. Егер кішкене бір тәртіп бұзушылық байқалса, көрмеген болып теріс бұрылып кете бермейді, бірден құқық қорғау орындарына хабарлайды. Соттың шешімі, заңның көрсетілген баптары, үкіметтің шығарған қаулы-қарарлары бірден қаз-қалпында орындалады. Міне, егер біз мектеп қабырғасынан бастап қалтаны қағу үрдісі тыйылсын десек, ата-ана, мұғалімдер, мектеп директорлары заңды білуі керек. Мәселенің ең басты шешімі – осы. Заңдық сауаттылықты арттыру қажет. Ол үшін арнайы кеңестерге жүгінген жөн. Ерінбей-жалықпай барып, қай мектептің мектеп қоры қанша екенін, ол қаржының қайда кетіп жатқанынан бейхабар екендіктерін ата-аналар ашық жазуы керек. Шағымдану сауаттылығын арттырған жөн. Сенім телефондарын тетікке қосып, осы арқылы тиісті құзырлы органдарға хабарласуды үйренген абзал. Міне, мектеп қорларына тыйым салмай-ақ мәселені осылайша шешуге болады. Мектеп қорлары болсын, бола берсін. Оған еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ бұл жерде ол қорға кім қаржы құйып жатыр? Ол қордың жұмысы қаншалықты ашық? Осы жайы сөз болуы керек. Егер шетелдегі тәрізді ол мектеп қорларына ірі-ірі құрылыс компаниялары немесе ұлттық жекелеген компаниялар демеушілік жасап, ауқымды көмек көрсетіп жатса, онда ол жақсы. Ал ол қор тек қана қарапайым ата-ананың қаржысымен толығып отырса, ол ата-ана еркінен тыс қорға қаржы құйып отырса, онда бұл жерде заңдық сауаттылықты меңгеру керек. Кез келген ортада заңды қатайтса, сол заңның орындалуын талап етсе, мәселе шешімін табады. Демек, мектеп қорларының жұмысына мүлдем тыйым салуды ойлағаннан бұрын алдымен халықтың құқықтық-заңдылық сауаты артуы қажет.
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры:
жоқ
– Мен «алдымен елдің заңдық сауатын арттыру керек, сенім телефондарын тетікке қосу қажет, шағымдану сауаттылығымызды арттыру қажет» деген пікірлермен келіспеймін. Бірінші кезекте мектептегі заңсыз ақша жинауды тоқтату үшін мектеп қорларына мүлде тыйым салынуы қажет. Кез келген мемлекеттік мектепте мектеп қорына ақша жинау деген мүлде болмағаны жөн. Себебі ол мектеп – мемлекеттік. Мектеп мемлекеттік болғаннан кейін оны қаржыландыру мемлекеттік бюджеттің есебінен жүреді. Қазірде мектептерді қаржыландыру үшін ел бюджетінен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Осыны ескерместен мектеп қорларына ата-аналардан қаржы жинау – нағыз заңсыздық.
Егер нақ қазір қандайда бір мектептің директоры «мектеп қоры болмасын, ақша жиналмасын» деп бір ауыз сөз айтса, ол мектепте ешқандай ақша жинау болмайды. Себебі мектеп қорларының болуы, оған ақша жиналуы мектеп директорларына өте тиімді. Бұл қор директордың мүддесі үшін жұмыс істеуі де әбден мүмкін. Қазірде нақ осы мектеп қорына қаржы жинаудың машақаты мен әбден асқынып кеткен індет екендігі турасында небір оқиғаларды естіп, көріп-біліп жүрміз. Бұл ұстаз деген атаққа жақсы марапат па?! Егер өзін «нағыз ұстазбын, шәкірт тәрбиелеп отырған тұлғамын» деп есептейтін болса, директор мен мұғалім ақшаға сатылмас еді. Мектеп қоры дегеніңіз – бұл – 90-жылдары еліміз алғаш Тәуелсіздік алған тұстағы тоқырауда мектептердің ісін тұралатып алмау үшін қажет болды. Ол кездері қиын кезеңді бастан өткергендіктен, мемлекеттік мектептерге бұқара тарапынан көмек керек еді. Ал енді одан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Қазір экономикамыз өсіп, өркениетті елдермен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті болғымыз келеді. Осы тұста, біз әлі де ата-анадан ақша жинау үрдісін тоқтатпай тұрып, түрлі-түрлі қорларға ақша алып беделімізді арттыра аламыз ба?! Міне, нақ қазір бізге осыны ойлаған абзал. Егер сапалы, білікті, тәрбиелі мамандар легін жасақтауды ойласақ, тәрбиені бірінші мектептен бастаған жөн. Ол үшін мектептен бастап баланы «алым-берімге», яғни пара беруге үйретпеу керек. Сол үшін ең бірінші кезекте мектеп қорларының жұмысын тоқтату қажет. Жоғарыдан бір мықты пәрмен беріліп, қордың жұмысын тоқтату турасында нақты айтылуы тиіс. Сонда ғана мектептегі заңсыз ақша жинау тыйылады. Заңсыздық пен түсініспеушілікке бірден-бір мұрындық болып отырған осы мектеп қорлары екені даусыз. Ендеше, мектеп қорларына тыйым салу – заңсыздықты жояды, түсініспеушіліктің алдын алады. Сондықтан өз басым «мектептегі түрлі қорларға мүлдем тыйым салу керек» деп есептеймін. Мектеп қорларының қажеті жоқ. Заңсыз ақша жинаудың басы сол қорға ақша жинаудан басталып отыр. Демек, бұған тыйым болғаны жөн.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
– Өздеріңіз білесіздер, бізде мектептерде ата-аналардан, оқушылардан қаржы жинамау туралы бекітілген арнайы қаулы бар. Ал «ол қаулыны кім жұмыс істете алмай отыр» дегенде, әрине, алдымен тіліміздің ұшына ілінетіні мектеп директорлары емес пе?! Ендеше, Білім және ғылым министрлігінің арнайы қаулысын жұмыс істете алмай отырған, сол қаулыны елеусіз етіп ескермей отырған мектеп басшыларына арнайы қатаң жаза қолдану керек. Міне, сонда қаулы жүзеге асып, заңсыздық та тыйылады деп ойлаймын.