Мектеп қабырғасындағы репетиторлық қызмет директордың бизнесіне айналып кеткен жоқ па?
Әрбір оқушының Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алғысы келетіні белгілі. Сондай-ақ оқушының жоғарғы көрсеткішке қол жеткізуі мұғалім үшін де, мектеп директоры үшін де маңызды. Өйткені егер оқушылары ҰБТ-да төмен көрсеткіш көрсетсе, мектеп директорының басына таяқ тиері сөзсіз. Сондықтан да мектеп басшылығы ҰБТ-да ұятқа қалмаудың жолдарын қарастырып, бар амал-шараны жасап бағады. Сондай шараның бірі – мектеп мұғалімдерінің оқу ордасы қабырғасында ақылы репетиторлық қызмет көрсетуі. Алайда «бұл қызметтің мақсаты – оқушының білімін шыңдау емес, ол мектеп директорының бизнесі» деген пікір айтылып жүр. Әрине, мұнымен келіспейтіндер де бар. Осыған орай, «Мектеп қабырғасындағы репетиторлық қызмет директордың бизнесіне айналып кеткен жоқ па?» деген сауалды мамандардың талқысына салып көрген едік.
Бақытжан ДҮЙСЕНБАЕВ, Қызылорда қалалық №264 мектеп-лицей директоры:
иә
– Бизнес деген не? Бір сөзбен айтқанда, бизнес дегеніміз – ақша табу. Демек, мектеп қабырғасында ақылы репетиторлық қызмет көрсетіліп, мұғалім сол арқылы ақша тауып жатса, ол бизнес жасап жатыр деген сөз. Әңгіме ақшаның мөлшерінде не кімнің ақша тауып жатқанында емес, әңгіме мектеп қабырғасында бизнес жасалып жатқанында. Мен оны нақты директордың немесе мұғалімнің бизнесі деп айта алмаймын. Бәлкім, мұғалім мен ата-ана өзара келісіп жасайтын шығар. Егер мұғалім ақылы репетиторлық қызметті мектеп қабырғасынан тыс жерде жасап жүрсе және ол оның кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтірмесе, оған ешкімнің қарсылығы жоқ.
Ол үшін мектеп директоры жауап та бермейді. Ал енді мұғалімдер мектеп қабырғасында ақылы репетиторлық қызмет жасап жүрсе, оған ең бірінші жауапты адам – мектеп директоры. Бұл, ең алдымен, мектептің, сонан соң мектеп директорының атына сөз келтіреді. Сондықтан мектеп директоры білім ордасының және басшысының атына мін болып жармасатын іске жол бермеуі керек. Мәселен, мен өз мектебімде мұғалімнің ақылы репетиторлық қызмет көрсетуіне рұқсат бермеймін. Егер ата-ана «баламның білімін шыңдаймын, репетитор жалдаймын» десе, қазір ондай қызмет көрсететін орталықтар, арнайы мамандар баршылық. Бізде де бітіруші сынып оқушылары репетиторлардың көмегіне жүгініп жатады. Бірақ мектеп қабырғасында емес, арнайы орталыққа барады. Ал «ақылы репетиторлық қызмет жасаймын» деген мұғалімдер жазғы демалыс кезінде сондай орталықтарға барып жұмыс істеуіне болады.
Басқа жақтарда қалай екенін білмеймін, бірақ біздегі репетиторлық орталықтың жұмысына менің көңілім толмайды. Өйткені сол орталықта білімін шыңдап, жақсы нәтижеге қол жеткізген баланы көре алмадым. Мектепте оқушылардың білім деңгейін, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын тексеру үшін сынақ өткізіп отырамыз. Сол кезде байқағаным, репетиторлық орталыққа барып жүрген оқушылар бұрынғы көрсеткіштен жоғары балл жинай алып жүрген жоқ. Сонда ол орталықтан не пайда? Сондықтан да мен ата-аналарға «репетиторлық орталыққа босқа ақша бергенше, балаларыңыздың сабақтан бос уақытта мектепке қосымша сабаққа келуін қадағалаңыздар. Қажет болса, мектепке қолынан жетектеп келіңіздер» деймін.
Мектепте қосымша сабақ тегін өткізіледі. Оған қоса, бала өзінің бұрыннан дәріс алып келген мұғалімімен жақсы түсініседі. Ал бала репетиторлық орталықтағы мұғалімнің тәсілін ұғынғанша да біршама уақыт өткізіп алады. Жалпы, оқушының білімін шыңдап, біліктілігін арттырып жатса, ондай репетиторлық орталықтарға қарсылығым жоқ. Бірақ мектеп қабырғасында мұғалімдердің ақылы репетиторлық қызмет көрсетуін қолдамаймын.
Әбдімәжит ӨТЕШ, Алматы қалалық №178 лицейдің директоры:
жоқ
– Мектеп қабырғасындағы ақылы репетиторлық қызмет көрсетуді мектеп директорының бизнесі дегенмен келіспеймін. Тіпті соны бизнес деп айтудың өзі артық. Бұл – мұғалім мен ата-ананың арасында келісіп, жасалып жүрген шаруа. Ондай мұғалімдер де көп емес. Ақылы репетиторлық қызметті өзіне сенетін, білімі мен біліктілігі жоғары мұғалімдер ғана жасай алады. Өйткені ақы төлеген соң, ата-ана ол қызметтен оң нәтиже күтеді. Яғни мұғалім өз ісіне жауап береді. Бізде мәселенің байыбына бармай жатып, «ой, ол мектеп директорының істеп жүргені ғой» деп, сырттай топшылай береді. Әрине, мектеп қабырғасында болып жатқан әр істі мектеп директоры бақылап отырады және соған жауапты.
Мәселен, директорлар мұғалімдердің мектеп қабырғасында ақылы репетиторлық қызмет көрсететінін біледі. Бірақ оған мектеп директоры араласпайды және оған шектеу қоймайды. Оның қажеті де жоқ деп ойлаймын. Себебі бұдан ешкім зәбір көріп отырған жоқ. Ата-ана да бұл іске ерікті түрде барып отыр. Қала берді, бұл бәріне бірдей тиімді. Мысалы, оқушылар ҰБТ-да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жатса, ол ең алдымен бала мен ата-ана үшін қуаныш, сонан соң оны дайындаған мұғалім үшін абырой, әрине, бұл мектептің де, мектеп директорының да беделін арттырары анық. Егер сондай оң нәтиже беріп жатса, ондайдан неге бас тартуымыз керек?
Әрине, мұның заңға да қайшы тұстары бар шығар. Бірақ мұны заңдастыру қиын, тіпті мүмкін емес. Мұғалімнің мерзімдік, сабақтан бос уақытында тапқан 15-20 мың теңгесін заңдастыр деу адамилық тұрғыдан да дұрыс болмас. Ал бұлай істеме, заңдастыр деп тыйым салар болсаңыз, білікті мұғалімнен айырыласыз. Қазір жекеменшік мектептер білікті мұғалімдерді өздеріне тартып, үгіттеп жүреді. Оған қоса, жекеменшік мектептерде жалақы да жоғары. Содан соң тағы бір айта кетер жайт, мектеп мұғалімдерінің қызметі қымбат та емес. Мұғалім ата-аналардың жағдайын ескере отырып ауызекі келіседі. Сондай-ақ ол ақша мұғалімнің қолына бірден түспейді. Бір ата-ана сол сәтінде берсе, енді бірі тапқан кезінде береді. Ал репетиторлық орталықтардың, жеке репетиторлардың қызмет ақысы өте қымбат. Мұғалімнің қолына нақты тиіп отырмаған, тиер-тимесі беймәлім болмашы ақшаны бизнес деп атау және оған мектеп директоры серіктесіп отыр деген тіптен қисынға келмейді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– «Таяқтың екі ұшы болады» дегендей, бұл мәселенің де екі жағы бар. Егер заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ, әрине, бұл дұрыс емес. Заңға сәйкес, егер азамат ақылы қызмет көрсететін болса, онда ол кәсіпкер болып табылады. Демек, ол салық органына кәсіпкер ретінде тіркелуі керек не болмаса сол қызметіне патент алып, мемлекетке тиісті салығын төлеп жұмыс істеуі керек. Ал бұл жұмыстың мерзімдік екенін және табысының да шамалы екенін ескерсек, заңдастыру деген қисынсыз сияқты. Егер мектеп қабырғасындағы репетиторлыққа тыйым салсақ, онда ата-ана өзара келісіп, мұғалім қосымша сабақты үйінде жүргізуі мүмкін. Ал бұл екінші бір заңбұзушылыққа әкеледі. Мұны мектеп басшылары реттей алмайды. Сондықтан мектеп қабырғасындағы ақылы репетиторлық қызметті Үкімет деңгейінде сараптап, қажет болса заңдастыру керек.