Мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін алып тастау керек пе?

Мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін алып тастау керек пе?

Мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін алып тастау туралы ұсыныс айтылуда. Әсіресе шалғай жатқан аудандар мен ауылдардағы мектеп директорларының өзінің туған-туысын мектепке жинап алуы, жүктеме бөлу кезінде де ұстаздарды алалап, заңсыздықтарға баруы, кейбір мектептерде бала санына ұстаздар санының сәйкес келмеуі, яғни бір ұстазға тиесілі жүктемені бірнеше ұстаздың бөліп алуы, жалпы, мектепке ұстаз қабылдауды директорлардың жемқорлыққа айналдырып отырғаны жоғарыдағыдай ұсыныстың айтылуына түрткі болып отырған көрінеді. Алайда мектеп директорын ақтап, «мектеп директорының жұмысқа қабылдау құқығын алып тастау басқа да мәселелердің туындауына себеп болады» деп бұл ұсынысқа қарсы пікір айтушылар да баршылық. Екі тараптың пікірін тоғыстырып, салмақтап көрген едік.


Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, Ұлттық зерттеулер институтының директоры:
иә
– Меніңше, бүгінде мектеп дирек­тор­ының қызметкерлерді жұмысқа алу құзыретін алып тастайтын уақыт жет­ті. Себебі мектеп директорына бе­ріл­ген бұл құзырет сыбайлас жемқор­лықтың өршуіне себеп болып отыр. Мектеп ди­ректоры қызметкерге қатыс­ты тәртіптік жазаны қолданып, жұ­мыстан шығару мәселесімен айналыса бер­сін. Алайда мұғалімді жұмысқа алу­мен ар­найы кадр агенттігі шұғылдануы тиіс. Мек­теп дирек­торының мек­теп­ке қа­жетті кадрларды өзінің қабылдауы мек­теп директорының туған-туысын мек­тепке жи­нап алуына мұрындық бо­лып отыр.  Мә­селен, жақын­да ғана Ақ­төбе облысы Қар­ғалы ауда­нындағы Саз­ды орта мек­те­бінің дене­шынықтыру пәні мұғалімі мек­теп­ке удай мас болып келіп, оқушылар мен әріптес­терін қорқытқан.
Артынан оның мектеп директорының інісі екені белгілі болды. Осыған дейін де осындай қылығымен бірнеше рет көзге түссе де, мектеп басшысының әпкесі болуы оны жазадан құтқарған. Директор қара­мағындағы кадры туысқаны болғаны үшін оған тиісті дәрежеде талап қоя алмайды. Ал бұл білім сапасының төмендеуіне алып келеді.
Мектеп директорының жұмысқа қабыл­дау құзыретін жемқорлыққа айнал­дырып алғанының тағы бір айғағы – қазір көптеген мектептерде ұстаз саны қалыпты мөлшерден көп. Директор парасын алып, ұстазды артығымен қабылдайды да, азғантай жүктемені қылдай қылып бөліп береді. Сондай-ақ жергілікті жерлерде әмбебап мұғалімдер де көбейген. Өз сала­сының маманы бар болса да, парасын алған ұстазды жұмысқа қабылдап, маман­дығы болмаса да жүктемесін беріп қояды. Ал ертең мұндай ұстаздардың алдын көр­ген оқушылардан қандай маман, қандай тұлға шығатынын елестетудің өзі қиын. Мектепте орын алып жатқан мұндай мәсе­лелер қоғамымыздың дамуына кері әсер етеді. Мен өзім оңтүстік өңірденмін. Оңтүстік өңірде тұратын таныстарым да көп. Олар осы мәселеге қатысты жиі нара­зы­лықтарын білдіріп жатады. Мектеп дирек­торларының ешқайсысы жаңа ұстазды парасыз жұмысқа қабылдамайтын көрінеді. Бүгінгі күні ұстаз болғың келсе, параң да дайын болуы керек екенін жас мамандар да біліп алған.
Сондықтан Білім және ғылым министр­лігінің жанынан арнайы  ұлттық кадрлық агенттік құрылуы керек. Тек министрліктің өзіне ғана бағынатын, аудандық, облыстық Білім басқармалары мен бөлімшелеріне де бағынбайтын агенттік құрылуы қажет. Кез келген маман агенттікке өзінің арызын тастап, олар келіссе ғана жұмысқа қабыл­дануы керек. Әр маманның өзінің тұратын аймағында кадрды қажет ететін білім ордасы болса, агенттік арызы арқылы әлгі маманды сонда тағайындауы қажет. Сонда ұстаз да директорға бағынышты болмай­ды. Осыдан соң бұл салаға жемқорлық та ара­ласпайды, көптеген мәселелер де туын­дамайды.


Әбдімәжит ӨТЕШ, Алматы қалалық №178 лицейдің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Құрмет орденінің иегері:
жоқ
– Жоқ, мен бұл ұсыныспен к­е­ліс­пеймін. Бүгінгі күні білім саласына бөлін­ген қаржыны біз балаларға толық­тай сапалы білім беруге жұмсап отырған жоқпыз. Мемлекет тарапынан білім саласына бөлінген қаржының барлығы осындай болмайтын тірлік­тер­дің іске асуына жұмсалып жатыр. Облыстар мен аудандарда Білім бас­қармалары мен бөлімдері аздай, бі­лім ордаларын қадағалайтын арнайы бір бөлім де аштық. Енді жетпегені мек­тепке кадр қабылдайтын агенттік ашу еді. Мұның бәрі, айналып келген­де, білім саласына бөлінген қаржыны да­лаға шашу. Одан да жаңа мектептер салып, заманауи мектептер санын кө­бейт­се ғой. Агенттіктердің де ұстаз­дар­ды жұмысқа қабылдау кезінде жем­­қорлыққа жол бермесіне кім кепіл?! 
Парасын берсе, агенттіктер мектепке мүлдем жаны ашымай, қайдағы біреуді жұмысқа қабылдай салады. Мәселен, мен біреудің тағайындап берген ұстазын жұмысқа қабылдамас едім.
Кеше аудандық білім бөлімінен маған тарих пәнінің мұғалімін жіберіпті. «Қыр­ғыз­станның астанасы қай қала?» десем, білмейді. «Айналайын-ау, Қырғызстанның астанасын білмейтін сен қандай тарихшы ұстазсың?» деп қуып жібердім. «Ұмытып қа­лыппын, көптен картаны қарамап едім, анау-мынау» дейді. Қатты ашуландым. Осы секілді ертеңгі күні маған агенттік бір ұстазды жіберсе, амал жоқ, мен оны қа­был­дап алсам, сондай ұстаздың алдын көр­ген сауатсыз оқушы үшін ертеңгі күні мен жауап беремін ғой. Сабағы күрт тө­мен­де­ген оқушыларым үшін жоғарғы жақ­тан да таяқ­ты мен жеймін. Сонда агенттік қабылдаған ондай ұстазды мен қалай ұстаймын. Осы­дан кейін мектепте кадр тұрақ­сыздығы орын алады. Бұл жерде агенттік жауапкер­шіліктен тыс қалады да, мектептегі жағдай үшін мектеп директоры жауапты болып шыға келеді. Сондықтан бұл дұрыс емес. Бүгінгі күні барлық мектеп директоры­ның жұмысқа қабылдау құзыретін жемқор­лыққа пайдаланып отыр дегенге де келіс­пей­мін. Мектебінің жақсы көрсеткіші үшін сапалы, білікті, сауатты ұстаз үшін таласып жүрген мектеп дирек­тор­лары жетерлік. Ондай ұстаз – мектепті алға сүйрейтін көш­басшы. Ал мектептің көрсеткіші, абыройы үшін мектеп дирек­то­ры толығымен жауапты болғаннан кейін олар парасынан бұрын білікті ұстазға ұм­тылады.
Негізі, мектеп абыройы жоғары болуы үшін ата-аналардың талабы, қадағалауы күш­ті болуы керек. Мәселен, менің ата-ана­ларым сондай. Тіпті мойныма мініп алған десем де болады. Маған бұл ұнай­ды. Кейде мен байқамай жатқан нәрсені ата-аналарым байқап, маған арыз жазып келеді. Ұстаздардың мүлт кеткен тұсын бай­қап, сауаттылығын да, біліктілігін де сынап отырады. Қажет десе, баласының сабағына келіп қатысады. Осыдан кейін ұс­таз­дар да ата-аналар үшін тырысып ба­ға­ды. Мұндай жағдайда мен өзімнің сауат­сыз туысымды не пара арқылы біліксіз кадр­ды жұмысқа қабылдап отыра алмай­мын ғой. Яғни ата-аналар маған талап қо­йып отыр. Мен солар үшін тырысамын. Сон­дық­тан барлық мектепте осындай жүйе қалыптастыру керек. Сонда жемқор­лық та орын алмайды, мектептердегі білім сапасы да жоғарылайды.

Бейтарап пікір
Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы:
– Мектеп директоры мен ұстаздар тіл табыса алған жағдайда ғана білім ордасы дамиды. Сондықтан мектеп директорын жұмысқа қабылдау құзыретінен айырудың қажеті жоқ. Мектеп директорын жемқорлығын бақылау, жазалау арқылы да тыюға болады ғой. Бірақ сол үшін жұмысқа қабылдау құзыретінен айырудың қажеті жоқ. Негізі, бұрын мұндай жүйе болған. Бірақ ол да мектептегі көптеген мәселенің туындауына әсер етті. Сондықтан мектептегі әрбір жағдайға мектеп директорының жауапкершілігін жоғарылатсақ, олар жемқорлықтан бұрын мектепті алға сүйреуді ойлап тұрар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста