Мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін алып тастау керек пе?
Мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін алып тастау туралы ұсыныс айтылуда. Әсіресе шалғай жатқан аудандар мен ауылдардағы мектеп директорларының өзінің туған-туысын мектепке жинап алуы, жүктеме бөлу кезінде де ұстаздарды алалап, заңсыздықтарға баруы, кейбір мектептерде бала санына ұстаздар санының сәйкес келмеуі, яғни бір ұстазға тиесілі жүктемені бірнеше ұстаздың бөліп алуы, жалпы, мектепке ұстаз қабылдауды директорлардың жемқорлыққа айналдырып отырғаны жоғарыдағыдай ұсыныстың айтылуына түрткі болып отырған көрінеді. Алайда мектеп директорын ақтап, «мектеп директорының жұмысқа қабылдау құқығын алып тастау басқа да мәселелердің туындауына себеп болады» деп бұл ұсынысқа қарсы пікір айтушылар да баршылық. Екі тараптың пікірін тоғыстырып, салмақтап көрген едік.
Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, Ұлттық зерттеулер институтының директоры:
иә
– Меніңше, бүгінде мектеп директорының қызметкерлерді жұмысқа алу құзыретін алып тастайтын уақыт жетті. Себебі мектеп директорына берілген бұл құзырет сыбайлас жемқорлықтың өршуіне себеп болып отыр. Мектеп директоры қызметкерге қатысты тәртіптік жазаны қолданып, жұмыстан шығару мәселесімен айналыса берсін. Алайда мұғалімді жұмысқа алумен арнайы кадр агенттігі шұғылдануы тиіс. Мектеп директорының мектепке қажетті кадрларды өзінің қабылдауы мектеп директорының туған-туысын мектепке жинап алуына мұрындық болып отыр. Мәселен, жақында ғана Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы Сазды орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі мектепке удай мас болып келіп, оқушылар мен әріптестерін қорқытқан.
Артынан оның мектеп директорының інісі екені белгілі болды. Осыған дейін де осындай қылығымен бірнеше рет көзге түссе де, мектеп басшысының әпкесі болуы оны жазадан құтқарған. Директор қарамағындағы кадры туысқаны болғаны үшін оған тиісті дәрежеде талап қоя алмайды. Ал бұл білім сапасының төмендеуіне алып келеді.
Мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін жемқорлыққа айналдырып алғанының тағы бір айғағы – қазір көптеген мектептерде ұстаз саны қалыпты мөлшерден көп. Директор парасын алып, ұстазды артығымен қабылдайды да, азғантай жүктемені қылдай қылып бөліп береді. Сондай-ақ жергілікті жерлерде әмбебап мұғалімдер де көбейген. Өз саласының маманы бар болса да, парасын алған ұстазды жұмысқа қабылдап, мамандығы болмаса да жүктемесін беріп қояды. Ал ертең мұндай ұстаздардың алдын көрген оқушылардан қандай маман, қандай тұлға шығатынын елестетудің өзі қиын. Мектепте орын алып жатқан мұндай мәселелер қоғамымыздың дамуына кері әсер етеді. Мен өзім оңтүстік өңірденмін. Оңтүстік өңірде тұратын таныстарым да көп. Олар осы мәселеге қатысты жиі наразылықтарын білдіріп жатады. Мектеп директорларының ешқайсысы жаңа ұстазды парасыз жұмысқа қабылдамайтын көрінеді. Бүгінгі күні ұстаз болғың келсе, параң да дайын болуы керек екенін жас мамандар да біліп алған.
Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің жанынан арнайы ұлттық кадрлық агенттік құрылуы керек. Тек министрліктің өзіне ғана бағынатын, аудандық, облыстық Білім басқармалары мен бөлімшелеріне де бағынбайтын агенттік құрылуы қажет. Кез келген маман агенттікке өзінің арызын тастап, олар келіссе ғана жұмысқа қабылдануы керек. Әр маманның өзінің тұратын аймағында кадрды қажет ететін білім ордасы болса, агенттік арызы арқылы әлгі маманды сонда тағайындауы қажет. Сонда ұстаз да директорға бағынышты болмайды. Осыдан соң бұл салаға жемқорлық та араласпайды, көптеген мәселелер де туындамайды.
Әбдімәжит ӨТЕШ, Алматы қалалық №178 лицейдің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Құрмет орденінің иегері:
жоқ
– Жоқ, мен бұл ұсыныспен келіспеймін. Бүгінгі күні білім саласына бөлінген қаржыны біз балаларға толықтай сапалы білім беруге жұмсап отырған жоқпыз. Мемлекет тарапынан білім саласына бөлінген қаржының барлығы осындай болмайтын тірліктердің іске асуына жұмсалып жатыр. Облыстар мен аудандарда Білім басқармалары мен бөлімдері аздай, білім ордаларын қадағалайтын арнайы бір бөлім де аштық. Енді жетпегені мектепке кадр қабылдайтын агенттік ашу еді. Мұның бәрі, айналып келгенде, білім саласына бөлінген қаржыны далаға шашу. Одан да жаңа мектептер салып, заманауи мектептер санын көбейтсе ғой. Агенттіктердің де ұстаздарды жұмысқа қабылдау кезінде жемқорлыққа жол бермесіне кім кепіл?!
Парасын берсе, агенттіктер мектепке мүлдем жаны ашымай, қайдағы біреуді жұмысқа қабылдай салады. Мәселен, мен біреудің тағайындап берген ұстазын жұмысқа қабылдамас едім.
Кеше аудандық білім бөлімінен маған тарих пәнінің мұғалімін жіберіпті. «Қырғызстанның астанасы қай қала?» десем, білмейді. «Айналайын-ау, Қырғызстанның астанасын білмейтін сен қандай тарихшы ұстазсың?» деп қуып жібердім. «Ұмытып қалыппын, көптен картаны қарамап едім, анау-мынау» дейді. Қатты ашуландым. Осы секілді ертеңгі күні маған агенттік бір ұстазды жіберсе, амал жоқ, мен оны қабылдап алсам, сондай ұстаздың алдын көрген сауатсыз оқушы үшін ертеңгі күні мен жауап беремін ғой. Сабағы күрт төмендеген оқушыларым үшін жоғарғы жақтан да таяқты мен жеймін. Сонда агенттік қабылдаған ондай ұстазды мен қалай ұстаймын. Осыдан кейін мектепте кадр тұрақсыздығы орын алады. Бұл жерде агенттік жауапкершіліктен тыс қалады да, мектептегі жағдай үшін мектеп директоры жауапты болып шыға келеді. Сондықтан бұл дұрыс емес. Бүгінгі күні барлық мектеп директорының жұмысқа қабылдау құзыретін жемқорлыққа пайдаланып отыр дегенге де келіспеймін. Мектебінің жақсы көрсеткіші үшін сапалы, білікті, сауатты ұстаз үшін таласып жүрген мектеп директорлары жетерлік. Ондай ұстаз – мектепті алға сүйрейтін көшбасшы. Ал мектептің көрсеткіші, абыройы үшін мектеп директоры толығымен жауапты болғаннан кейін олар парасынан бұрын білікті ұстазға ұмтылады.
Негізі, мектеп абыройы жоғары болуы үшін ата-аналардың талабы, қадағалауы күшті болуы керек. Мәселен, менің ата-аналарым сондай. Тіпті мойныма мініп алған десем де болады. Маған бұл ұнайды. Кейде мен байқамай жатқан нәрсені ата-аналарым байқап, маған арыз жазып келеді. Ұстаздардың мүлт кеткен тұсын байқап, сауаттылығын да, біліктілігін де сынап отырады. Қажет десе, баласының сабағына келіп қатысады. Осыдан кейін ұстаздар да ата-аналар үшін тырысып бағады. Мұндай жағдайда мен өзімнің сауатсыз туысымды не пара арқылы біліксіз кадрды жұмысқа қабылдап отыра алмаймын ғой. Яғни ата-аналар маған талап қойып отыр. Мен солар үшін тырысамын. Сондықтан барлық мектепте осындай жүйе қалыптастыру керек. Сонда жемқорлық та орын алмайды, мектептердегі білім сапасы да жоғарылайды.
Бейтарап пікір
Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы:
– Мектеп директоры мен ұстаздар тіл табыса алған жағдайда ғана білім ордасы дамиды. Сондықтан мектеп директорын жұмысқа қабылдау құзыретінен айырудың қажеті жоқ. Мектеп директорын жемқорлығын бақылау, жазалау арқылы да тыюға болады ғой. Бірақ сол үшін жұмысқа қабылдау құзыретінен айырудың қажеті жоқ. Негізі, бұрын мұндай жүйе болған. Бірақ ол да мектептегі көптеген мәселенің туындауына әсер етті. Сондықтан мектептегі әрбір жағдайға мектеп директорының жауапкершілігін жоғарылатсақ, олар жемқорлықтан бұрын мектепті алға сүйреуді ойлап тұрар еді.