Біз осы уақытқа дейін елде жемшөп бағасы ерекше қымбаттап кеткенін, бұған мемлекет тарапынан қандай да бір бақылау керектігін бірнеше мәрте жаздық. Арнайы мамандар бұл ретте «мал азығын даярлауға байланысты қадағалау, бақылау орталықтарын құру қажеттігін» айтып, өз тарапынан ұсыныстарын да білдірді. Тіпті бұл орайда «елде мал азығын дайындайтын цехтар ашу тиімді» дескен сарапшылар да болды. Осы бір ұсыныстарды сүзгіден өткізе келе, біз бүгін мамандарға «мал азығының бағасын тұрақтандыруға мемлекеттік бақылау қажет пе?» деген сауалды қойып көрдік...
Аман ШОТАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
иә
– Бұл ұсынысты қолдау керек. Жалпы, мал шаруашылығы жоғары деңгейде даму үшін кез келген елдің селекция, азықтандыру және технологиялық қабілеті мығым болуы керек. Осы үш түйін бір-бірімен біте қайнасып жатқан кезде ғана бұл сала үнемі өз биігінде тұрады. Өкінішке қарай, біздің елімізде аталмыш шаруашылықты дамытатын жаңағы үш түйін мүлде сын көтермейді. Бізде малдағы селекция жұмыстары, азықтандыру ісі тіптен сын көтермейді. Қазірде дүниежүзінің дамушы және дамыған елдері мал шаруашылығы саласында небір қуатты технологиялардың көмегімен әрқилы жаңашылдықтарға қол жеткізуде. Қазақтың мал шаруашылығын тек қазақ қана оңалтады, басқа ешкім емес. Ең қызығы, бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар. Десек те, оны әрі қарай жетілдіруге келгенде самарқаумыз.
Мәселен, жуырда елдегі ет экспортының әлеуетін арттыру туралы «Сыбаға» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша діттеген мақсатқа жету үшін біз нақ бүгіннен бастап елде жаппай мол ет беретін мал басының, сондай-ақ асылтұқымды мал өсімін көбейтуге күш салуымыз керек болатын. Бүгінде халықаралық сарапшылар тарапынан «2014 жылдарға қарай астық экспортынан гөрі, ет экспорты әлдеқайда пайдалы болады» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Міне, осыны ескерген мемлекеттер етті және майлы мал басын көбейтуге әлдеқашан кірісіп те кетті. Ал біз мал шаруашылығының айналасында жоғарыда аталған азықтандыру, іріктеу-сұрыптау мәселелерін шеше алмай келеміз. Кезінде Кеңес өкіметінің тұсында Қазақстанның ет өндірісінде бір ғана қой етінің үлесі 30-32 пайызды құрады. Ол кездері еліміздегі қой саны 40 миллионнан асып-жығылатын. Қазір статистика агенттігі елде 17 млн қой басы бар десе, қайсыбір деректер бұл көрсеткішті тіптен төмендетіп жібереді. Осыған мен сене алмаймын, өйткені елде мал азығы мәселесі тым ушығып тұр. Қазір ауылды жерлерде жеке қолдағы малдарды күтіп-баптау, оған жемшөп тауып беру үлкен мәселеге айналып отыр. Жемшөп бағасы тым қымбат. Шаруа бір қыстан төрт сиыр мен 30 қойын алып шығу үшін бір жылда 200 мың теңгенің айналасында қаржы жұмсайды екен. Мұндай қаржыны таба алмайтын ауыл тұрғындары ақыры малын арзан бағамен етке өткізуде. Ауылда жұмыссыздық деңгейі өршіп тұр. Өзіңіз білесіз, ауылды жерлерде мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер ғана мемлекетік бюджеттен қаржы алады. Ал қалған қауым ауылдағы кішігірім малымен жан бағып отыр. Осы жағынан алып қарасақ та, мемлекет мал азығының бағасын тұрақтандыруды өз қолына алу керек. Елдегі мал басының 90 пайызы – жекелеген үй шаруашылығында. Демек, біз болашақта мал басын молайтып, жоғарыда аталған ет экспорттау мәселесінде алғы шепке шыққымыз келсе, мал азығын тұрақтандыруға мемлекеттік тұрғыда ниеттенген абзал. Олай етпесек, біз малдың басын көбейте алмаймыз...
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:
жоқ
– Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Негізінде, біздің елде мал азығының қорын дайындауға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласа алмайды. Өз басым мұның қажеті де жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл – әзірге шешімін таппайтын мәселе. Жалпы, біздің елде мал басының 90 пайызы жекенің қолына өтіп кетті. Осыған байланысты мал өсіретін ауыл фермерлеріне арнайы дотациялар, субсидиялар бөлініп, мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер жасалуда. Осы берілген жеңілдіктерді пайдалана отырып, әрбір шаруа қожалықтары болсын, әр шаруа болсын малына қажетті жемшөпті, азықты өздері дайындап алуы тиіс.
Бұл ретте біз ауылды жерлерде жемшөп дайындайтын жекелеген шаруа қожалықтарына немесе ауыл фермерлеріне барып, «сен малға дайындаған азығыңды арзандатып сат, оның құнын былай белгіле» деп айта алмаймыз.
Өйткені олар да өзінше еңбектеніп, өздігімен қам-қарекет жасап жүргендер. Сондықтан олар өз істеріне әкімшілік тарапты араластырмайды да. Бұл мәселені шешудің бірінші кезеңі емес. Бізге мәселені шешу үшін алдымен жайылымдық жер мәселесін шешумен айналысу керек. БҰҰ-ның деректеріне қарағанда, еліміздің 272,5 млн га жерінің 179,9 миллионы шөлейттенуге дейін жеткен көрінеді. Елде 90-жылдары 180 млн гектар жайылымдық жер болған. Ал қазір ол жердің үлесі азайды. Деректер бүгінде ауылдық аумақтарда 180 мыңдай отбасының жайылымдық жерсіз қалып отырғанын көрсетеді. Ал жерсіз қалу – мал азығын дайындауға үлкен кедергі. Мәселенің түп мәні осында жатыр. Кезінде жекелеген шаруа қожалықтары құрылып, ауылдық-аймақтардағы шаруалар жерді пайдаланудың жаңаша тәсіліне көшкені белгілі. Осы тұста білетіндер көлемді жайылымдық жерлерді қарпып қалуға тырысып бақты. Ал аңқылдаған қайсыбір аңқау ел «өкімет өлтірмейді» деген беймарал күйден әлі де арыла алмай жүр. Бір ескеретіні, кезінде сол көлемді жерлерді жалға алып, тіпті пысықайлық танытып жекешелендіріп алған шаруалардың мал азығын дайындауда дәурені қазір жүріп-ақ тұр. Шаруалардың бұл тарабы бүгінде қоңсысына бөтен елдің малын қондырмайды. Жайылымына бөтен мал кірсе, жауын көргендей тықсырады. Дамушы және дамыған елдердің басым бөлігінде жер қатынасын реттеу және оны пайдалану тәсілі арқылы мемлекет те, шаруа да тек пайдаға батуы керек. Өкініштісі, біз бұл жайтты ескермедік. Жайылымдық жерлерді жеке қолға беру арқылы мал басының өсімін өзіндік деңгейінен күрт төмендетіп алдық. Қазірде шаруа қожалықтарының көпшілігі бір немесе екі отбасына ғана тиесілі. Олар жерін қорып, өзгелердің малдарын жайылымына түсірмейді. Мемлекеттен жалға алған жерлерін жекеменшігіндей көретіндердің көпшілігі жерді тиімді пайдалана алмай, жайылымға берілген шұрайлы жерлер құрғап, шөлді аймақтарға айналып барады. Міне, осы кемшіліктерді өркениетті елдердің іс-тәжірибесіне сүйене отырып жою қажет. Егер біз жайылымдық жерлер мәселесін шешсек, онда мал азығы проблемасы да өзінен-өзі шешіле бастайды. Сондықтан мал азығының бағасын тұрақтандыруды сөз етпестен бұрын, осы мәселені ойластырған жөн. Осыған байланысты мен сіздің «мал азығының бағасын мемлекеттің тұрақтандырғаны дұрыс па» деген сауалыңызбен келіспеймін.
Бейтарап пікір
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:
– Бүгінде, көптеген елдер ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына қатысты мәселелерге айрықша назар аударуда. Мәселен, Германия, Израиль, Белоруссия елдері ауыл атмосферасына биотехнологияны бейімдеу арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Аталмыш елдер биотехнологиялық әдіс арқылы тозған қуаңшылыққа түскен жерлерін өңдеп, ауыл-аймағын жемшөптен тарықтырмай отыр. Сондықтан биотехнологиялық жаңашылдықты кәсіптік-техникалық оқу бағдарламасына немесе орта мектептердегі оқу бағдарламасына арнайы бағдарлама етіп енгізген жөн.