Лаңкестік оқиғаларға байланысты күштік құрылымдардың құзыретін кеңейту керек пе?
Кейінгі кезде елімізде болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалардың салдарына қарап, себебін әркім әртүрлі түсіндіріп жатыр. Қоғамның тыныштығын алған лаңкестік оқиғалардан қайтыс болған азаматтардың да саны біршама. Осыдан кейін қоғам талқысына «Мұндай келеңсіздіктерден қалайша сақтануға болады?», «Қауіптің бетін адам шығынынсыз қалай қайтару керек?» деген сауалдар шығуда. Осы ретте біз де «Лаңкестік оқиғаларға байланысты күштік құрылымдардың құзыретін кеңейтіп, тағы да бірқатар артықшылықтар берілсе қалай болар еді?» деген сауалға жауап іздеген едік.
Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы:
Иә
– Қоғамда күштік құрылым қызметкерлеріне деген теріс көзқарас қалыптасса да, қарапайым азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда олардың рөлі ерекше екенін естен шығармауымыз керек. Қанша сақтанғанымызбен, көршілес елдердегі келеңсіз оқиғалар бізге де келіп жетті. Күні кеше жеті адамның өмірін қиған Тараз қаласындағы қанды оқиғадан кейін нақты зерттеу жұмыстарын жүргізу керек сияқты. Осы зерттеулердің нәтижесіне қарап, қай жерден кемшілік кеткенін анықтау шарт. Міне, осыдан кейін барып қана күштік құрылымдардың құзыретін кеңейту мәселесін қарауға болады. Мүмкін, қазіргі құзыретін кеңейте отырып, қоғамға пайдасы аз құзыреттерін шектеу керек шығар.
Десе де, қоғамға, мемлекетке қауіпті мұндай сәттерде құзырлы орган қызметкерлерін барынша қолдау қажет деп есептеймін. Техникалық, ақпараттық мүмкіндіктерін арттыра отырып, оларға моральдық та қолдау қажет. Ерлік көрсетіп, ел қауіпсіздігі жолында қаза тапқан полицейлердің артында отбасылары қалып жатыр. Оларды о дүниелік болғаннан кейін ғана қадірлеудің қажеті шамалы. Әрбір күштік құрылым қызметкерін ынталандырып, көрсеткен ерліктері үшін марапаттаулар қажет шығар.
Және, ең бастысы, күштік құрылым қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыруға күш жұмсау қажет сияқты. Голливудтың киноларынан көріп жатамыз, арнайы қызмет органдарының қызметкерлері қандай дайындықтан өтетіндігін. Кәсіби жағынан білікті шетелдік күштік құрылымдармен байланыстар орнатып, тәжірибе алмасу жағын да заңдық-құқықтық жағынан шешіп беру қажет. Егер де осы мәселелер алдын ала ескерілгенде, қандай қауіпті жағдай болсын азаматтардың өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік болар ма еді?! Тараздағы оқиғадан кейін тек Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл республика бойынша тәртіп күшейтілді деп жатыр. Тәртіп күшейтілгенмен, тиісті құзырет не болмаса біліктілік жетпей тұрса, бұрынғы кемшіліктер қайталанбасына кім кепілдік береді? Сондықтан кеткен кемшіліктерден нақты нәтиже шығарылуы керек.
Көбейхан Нұрахмет, Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:
Жоқ
– Қазір қазақстандық күштік құрылымдардың құзыреті кең деп айтуға болады. Соңғы техникалық жабдықтарымыз, ақпараттық мүмкіндіктеріміз бұрын-соңды болып көрмеген. Еліміздің тұрақтылығы үшін кірпік қақпай қызмет ететін кәсіби мамандарымыз да жеткілікті. Өздеріңіз байқасаңыздар, біз географиялық жағынан ислам әлеміне барынша жақын орналассақ та, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдердегідей қантөгіс оқиғалары болмаған. Кейінгі уақытта еліміздің батыс облыстарында болған жағдай жақында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында да қайталанды. Біздің елдегі тиісті күштік құрылымдардың құзыреті жеткілікті деңгейде.
Сол құзыреттерін пайдалана отырып, Тараздағы оқиға кезінде күштік құрылымдардың қызметкерлері басынан бақайшағына дейін қаруланып, көше кезген қылмыскердің ойына келгенін істеуге мүмкіндік бермеді. Қылмыскердің қолынан қаза тапқандардың ішінде қару-жарақ дүкеніндегі күзетші мен кездейсоқ дүкенге келген екі адамнан басқасының бәрі – күштік құрылымның қызметкерлері. Егер сол күштік құрылымның қызметкерлері көзсіз ерлікке бармағанда, жағдай бұдан да ауыр болар ма еді. Себебі оқиға күндіз, адамдардың көпшілігі көшеде жүретін демалыс күні болғанын естен шығармауымыз керек. Жол полициясы қызметкерінің ерлігін ерекше атап өту керек.
Сондықтан күштік құрылымдардың құзыретін кеңейткеннен гөрі қоғамның ықыласы болса деймін. Біздің халық күштік құрылымдарды күш қолданушы деп түсінеді. Ал кешегі оқиға полицейлердің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ғана халықты қорғайтынын көрсетіп берді. Бізге қызметке халықты қорғауға жігері жететін жүректі жігіттер өз еріктерімен келеді. Және олар өздерінің ерліктерін паш етіп жатыр. Әйтсе де қоғам тарапынан күштік құрылымдарға деген дұрыс көзқарас қалыптаспай келеді. Көршілес Ресейде, Қытайда, басқа да мемлекеттерде полицейлердің, арнайы орган қызметкерлерінің мерейін тасытатын үлкен жұмыстар атқарылып жатады. Түрлі метражды фильмдер, ақпарат құралдары арқылы күштік құрылымдардың имиджін көтеріп жатады. Кейбіреулер «қылмыскерлермен күрес кезінде ескертусіз-ақ атып тастауға құзырет беру керек» дегенді айтып жатады. Бұл дұрыс емес. Қауіп төндіріп тұрған адам болса да, оған қарсы бірден оқ атуға болмайды. Ескерту міндетті түрде керек. Себебі біз анархиялы ел емеспіз ғой. Біздің ел – Конституциясы бар, басқа да тиісті заңдары мен құжаттары бар, адам құқығын жоғары қоятын демократиялы мемлекет. Сондықтан мұндай шексіз құзырет берілмейді. Біздің полицейлерде, басқасында да барлығы жеткілікті. Кемшіліксіз іс болмайды дейді ғой. Алдағы уақытта біздің күштік құрылымдар Қазақстан халқының амандығы үшін қызмет жасай беретін болады. Тек қоғамда дұрыс көзқарас болса жеткілікті.
Бейтарап пікір
Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:
– Мен заң шығарушы орган өкілі болғандықтан, күштік құрылымдардың құзыретін кеңейту керек деп нақты айта алмаймын. Дегенмен кейінгі оқиғаларды тереңірек зерттеп, қай жерден қандай қателіктер кеткенін анықтағаннан кейін, күштік құрылымдардың құзыретіне өзгерістер енгізу керек шығар. Құзыретін кеңейтіп, полицейлердің қолына бәрін бере салуға да болмайды. Себебі оны өз лауазымын жеке басының ісіне теріс мақсатта пайдаланып кететіндер де табылады. Мүмкін, техникалық мүмкіншіліктерін арттыру керек шығар. Құзыретін кеңейткенмен, бұрын берілген, бірақ пайдаланылмаған, қоғамға пайдасы болмаған құзыреттерін шектеу керек. Міне, осылай реттеп отыру қажет деп есептеймін.