30-тамыз ҚР Конституциясы күні!
Конституционализмді нығайту жолында Конституциялық Кеңестің қызметі ерекше. Конституцияға сәйкес Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат төрағасының, Мәжіліс төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-министрдің өтініші бойынша:
– дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің және республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы мәселені шешеді;
– Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды;
– Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды.
Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;
– Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;
– Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді;
– Конституциялық Кеңес соттардың өтініштерін Конституцияның 78-бабында көзделген реттерде қарайды;
Конституцияға сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не тиісінше бекітілмейді және күшіне енгізілмейді. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің күші жойылады және қолдануға жатпайды.
1996 жылғы ақпаннан бастап 2017 жыл аралығында Конституциялық Кеңеске 190-нан астам өтініш түскен. Мемлекет басшысынан – 21, Парламент палаталарының төрағаларынан және олардың депутаттарынан – 77, Премьер-министрден – 27, соттардан 66 өтініш түскен. Осы өтініштерге байланысты Конституциялық Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады, олардың ішінде 6 – өзінің қаулыларын қосымша түсіндіру туралы, Негізгі Заңға Конституциялық жаңалықтар енгізілуіне байланысты (1998, 2007 және 2017 жылдар) Конституциялық Кеңес өзінің кейбір нормативтік актілерін қайта қарау туралы бірнеше шешім қабылдады.
Конституциялық Кеңеске келіп түскен өтініштердің көпшілігі Парламент қабылдаған және Президенттің қол қоюына ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру жайында болды. Осыған байланысты 17 заң Конституциялық Кеңестің шешімімен Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Бірқатар жоғары қоғамдық дүрбелең туғызған заңдар Конституцияға сәйкес деп танылды. Мысалы, Жер кодексіне, «Саяси партиялар туралы» заңдарға байланысты.
Конституциялық Кеңесте – Конституциялық нормаларды түсіндіру бойынша 100-ден астам келіп түскен өтініш қаралып, осы мәселелер бойынша 80-нен астам нормативтік қаулы қабылданған.
Республика соттарының ұсыныстарын қарауда Конституциялық Кеңестің құзыреті зор. Соттардан келіп түскен 66 ұсыныстың 28-і Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі арқылы өз шешімін тапқан екен. Жыл сайын Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында, одан кейін Республикалық баспасөз беттерінде жария етеді. Конституциялық Кеңестің мұндай 20 жолдауы жария етілді, бүкіл Қазақстан халқы олармен танысып, еліміздегі негізгі Заңның қағидаларының жүзеге асырылу жағдайларынан хабардар болды.
ҚР Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңның 19-бабы бірінші тармағының б) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Конституциялық Кеңес еліміздегі кейбір күрделі мәселелер бойынша заңдылықтың жүзеге асырылуы туралы ақпараттар беріп тұрады. Мысалы: 2008 жыл – тіл туралы конституциялық ережелерді іске асыру саласында Қазақстан Республикасындағы Конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы маңызды ақпарат жарияланды. Бұл ақпаратта Негізгі Заңның тіл туралы нормаларының мағынасы және мазмұнын түсіндіретін, оларды қолданудың шарттары мен тәртібін белгілейтін шешімдер нақтыланған. Конституциялық Кеңестің шешімі бойынша – мемлекеттік тілдің жоғары саяси-құқықтық мәртебесі, оның жария – құқық саласында қызмет етуінің айырықшылығы не басымдылығы Конституцияда баянды етіліп, заңдарда белгіленуі мүмкін екендігімен реттеледі. Республика Президенті мен Парламент Палаталары төрағаларының мемлекеттік тілді міндетті түрде еркін меңгеруі; Мемлекеттік рәміздерде тек қана қазақ тілінің пайдаланылуы; Мемлекеттік органдардың мөрлері мен мөртаңбаларындағы атауларының, мемлекеттің егемендігін айқындайтын мемлекеттік белгілердің (шекара бағандарында, кеден атрибуттарында және т.б) қазақ тілінде жазылуы; мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық актілері мен өзге де ресми құжаттарының мәтіндерін қағазда және өзге де тасымалдауыштарды орналастырғанда; мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми тұлғалары көпшілік алдында сөз сөйлегенде: мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми бланкілері мен басылымдарында, ұлттық валютада және өзге де мемлекеттік бағалы қағаздарда; республика азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарда, мемлекет атынан берілетін өзге де құжаттарда, сондай-ақ, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметімен байланысты өзге де салаларда қазақ тіліне басымдылық беріледі», – деп көрсетілген.
Жалпы, Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарын, Конституционализмді жетілдіру саласында Конституциялық Кеңестің атқарып отырған қызметі, жүзеге асырған істері айырықша. Мемлекеттің ел игілігі үшін атқарып жатқан игі істерін Конституциялық Кеңес ұжымы жалғастыра береді деген сенімдеміз.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
Заң ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері