Еліміздегі колледждерде білім беру жүйесі ақысыз негізге көшуі мүмкін. Ақтөбе қаласына барған сапарында білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Алдағы уақытта Қазақстандағы колледждерде білім беру жүйесі жаппай ақысыз негізде болуы мүмкін. Бұдан бөлек, мектеп түлектерінің бірінші мамандықтарын тегін алулары жайлы да мәселе қарастырылып жатыр», – деп көпшілікті елең еткізді. Алайда министрдің бұл пікіріне қатысты көпшіліктің пікірі екіге жарылып отыр. Екі тараптың пікірін ой-көкпар айдарында тоғыстырып, артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік.
Нұрлан ЖАМАДІЛОВ, Алматы бағалау және құрылыс колледжінің директоры, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР білім беру ісінің үздігі:
иә
– Колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы, әлбетте, қолдаймын. Жасыратыны жоқ, қазір елімізде қарапайым мамандық иелері табыла бермейді. Жұрттың бәрі жоғары оқу орнын бітіріп, экономист, заңгер, елші, әйтеуір бір жоғары білімді маман болғысы келеді. Колледж бітіріп, кәсіби білім алып, токарь, слесарь, есепші болудан гөрі ақыры ақша төлеп оқыған соң, үстіне аз-маз қосып, бірден университеттің білімін алғысы келіп тұрады. Олары, әрине, дұрыс та. Бірақ осы бір үрдістің салдарынан еліміз қарапайым жұмысшыларға зәру болып отыр. Есесіне, дипломды жұмыссыздар саны артып отыр.
Заңгерлік білім алғандардың барлығына бұл саладан орын табыла бермесі белгілі. Сосын заңгердің дипломын сандыққа салып қойып жұмыссыз жүреді. Одан кәсіптік білім алса, ең болмаса, қоғамымызда сұранысқа ие маманның бірі болар еді. Осы орайда айта кетер жайт – баз бір ауыл жастары ЖОО-ға түсуге балы жетпей, ақылы оқуға қалтасы жұқа болып, екі қолға бір күрек таппай ауылда жұмыссыз қалуда. Ал оларды колледжде оқытып, кәсіптік білім алып берсек, жұмыссыз қалмас еді. Етігімізді шекара асып келген мигрант тікпес еді немесе құрылыстарымызды елімізге нәпақа іздеп келген мигранттар салмас еді. Өзіміздің жастарымыз маманданбаған соң жұмыссыз жатыр, ал шекара асып келген мигранттар жан бағу үшін қолынан келмесе де, «кәсіби маманмын» деп құрылыстарымызды жүргізуде. Осы орайда колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру арқылы кәсіптік білім алғысы келетін жастардың бағын ашқан болар едік. Тек осы тұстағы бір айта кетер жайт – бұл өзгеріс кейбір колледждердің жұмыс істеуіне кедергі келтірмесе екен. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс еліміздегі барлық колледждерге жетпесе, мемлекеттік тапсырыс иелене алмай қалған колледждер өз-өзінен жабылуға мәжбүр болады. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бөлу кезінде барлық колледждердің назардан тыс қалмауы ескерілсе, дұрыс болар еді. Дегенмен бұл жерде еліміздегі барлық колледжді мемлекет жаппай қалай қаржыландырады? Бұл да өте үлкен мәселе болып тұр. Жақын арада Елбасының тапсырмасы бойынша Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі жаңа колледждердің құрылысы басталатыны да мәлім болып отыр. Жалпы, жастарымыздың кәсіптік білім алуы үшін кәсіптік білім беретін колледждердің пайда болғаны дұрыс деп санаймын. Кейбір елдерде білім деңгейі университеттікінен кем емес колледждер қалыптасқан. Біздің елімізде де әлемдік деңгейдегі сондай колледждер қалыптасса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кетер жайт – колледждердің мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей бастауы олардың материалдық-техникалық базаларының да жақсаруына жол ашады. Сондықтан өз басым колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы қолдаймын.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі:
жоқ
– Еліміздегі колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманың кейбір түсініксіз тұстары бар. Соған орай мен қолдай алмайтын жағы да бар. Мәселен, еліміздегі колледждердің басым бөлігі жекеменшік. Және олар өте көп. Ал неге олардың барлығы мемлекеттің есебінен қаржыландырылуы керек? Олардың жекеменшік бола тұра, мемлекет есебінен қаржыландырылуы ақылға қонбайды. Мемлекеттік тапсырыс дегеннің өзі халықтың ақшасы емес пе? Ал халықтың ақшасы неге жекеменшік колледждерге қызмет етіп, қалай болса солай шашылуы керек? Сондықтан бұл ұсынысты әлі де болса жан-жақты ойластыру керек секілді.
Тағы бір айта кетер жайт – колледждерде дайындалатын кейбір мамандық түрлері басқа да университеттерде кеңінен оқытылатындықтан, оларды қысқарту керек секілді. Жалпы, еліміздегі колледждерді тиімді пайдаланудың жолдары өте көп. Мәселен, жергілікті жердегі кейбір жеткіліксіз мамандықтарды жергілікті басқару орындарына өз бюджеттерінен қаржы бөліп, өз аумақтарындағы жастарды оқытып алуды өздеріне жүктеу керек. Әйтпесе елімізде колледждердің саны өте көп. Ал олардың барлығын мемлекет мойнына артып қою мүмкін емес, дұрыс та емес. Осы орайда айта кетер жайт – колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру олардың арасындағы бәсекелестікті де жойып жіберетін секілді. Олар өзара бәсекелесіп, материалдық-техникалық базасын жақсартудың орнына мемлекеттік тапсырысқа арқа сүйеп отырып алуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан өз басым колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы қолдай алмаймын.
Жалпы, жоғары оқу орындары секілді елімізде колледждер де өте көп болып кетті. Қайсысының қандай білім беріп жатқанын сараптап жатқан ешкім жоқ. Бәрі дерлік нарықтағы сұранысты ескермей, оңды-солды мамандар даярлап шығаруда. Бейберекет ашылып, диплом таратып жатыр. Бүгінде колледж бітірген мамандар толыққанды маман да саналмайды. Сондықтан еліміздегі колледждердің де деңгейін бір рет сараптап, деңгейін көтеріп, студенттерінің қоғамда сұранысқа ие болуын қадағалау керек секілді. Осы орайда колледждердің өзін сараптап алу керек дер едім.
Бейтарап пікір
Амалбек ТШАНОВ, Республикалық спорт колледжiнiң директоры:
– Мен басқарып отырған колледж толықтай мемлекеттік. Жалпы, ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің ұсынысының артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Біржақты қарау мүмкін емес. Ол үшін, ең алдымен, еліміздегі колледждердің құрылымын дұрыстап алу керек секілді. Мәселен, колледж бітірген мамандар қай салада сұранысқа ие бола алады, қайда барады деген сұрақтарға толыққанды жауап алу керек. Содан кейін ғана колледждерге қатысты өзгерістер жасай беруге болады.