Инновацияға толыққанды бейімделу үшін арнайы өнертапқыштар қоғамын құру керек пе?
Қазақстанның ғылыми әлеуеті мықты. Кеңес одағы ыдыраса-дағы, әлі де шетелдіктердің өнертабыс, тың идея үшін мемлекетімізді жағалап жүргендігі оған айғақ. Алайда «қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, біз барымызды ұқсатуға келгенде енжарлық танытамыз. Бұл құбылысты біртіндеп жою үшін еліміз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдады. Оның аясында түрлі жаңа жобалар дүниеге келіп жатыр. Бірақ 10-15 жыл бойында елімізде қордаланған 13 мыңға жуық өнертабыстың легі азайған жоқ, керісінше, қатары молая түспесе. Өнертабысты өндіріске енгізу жағы оңай шаруа болмай тұр. Осы жағынан алғанда, инновацияға толыққанды бейімделу үшін, «идеяны тууынан бастап өндіріске енгізуіне дейін атсалысуы тиіс арнайы өнертапқыштар қоғамын құру керек пе?» деген сауал туындайды. Мамандар бұған не дер екен?..
Көпмағамбет ЕЛЕМЕСОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик:
иә
– Егер елімізде өнертапқыштар қоғамы құрылады десе, мен екі қолымды көтеріп, оны құптар едім. Өйткені еліміз инновациялық жолмен дамуға барынша басымдық бергенімен, оны жүзеге асыру үшін құрылған тетіктер мен құралдардың басым бөлігі күткен нәтижені бере алмай жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша ел арасындағы тың жаңалықты тауып, оны сараптап, елімізге тигізер пайдасын анықтап, осылайша оған өндіріске қарай жол ашып беруі керек. «ҚазАгроИнновация» АҚ осы мақсатын орындай алмады. Ол басқарушылық және басқа мәселелермен айналысып кеткен секілді. Тіпті соңғы кезде бұл құрылымның жабылуы туралы сөз де болып жүр.
Міне, осындай салдардан бізде қандай да бір жаңалықты өндіріске енгізу өте күрделі, көп жағдайда ол мүмкін де болмай жатады. Айналып келгенде, қолданысқа енгізу үшін жылдар бойы тер төккен отандық өнертапқыштың идеясы ескіріп қалады немесе басқа ел пайдаланып кетеді. Әрине, өнертабыстың барлығының деңгейі бірдей мықты бола бермейді. Бірақ оның ішінде жаңашылдық идея бары рас. Осы жағынан алғанда, негізінен, ғалымдардан тұратын өнертапқыштар қоғамын құратын болсақ, онда, бір жағынан, қолда бар идеяны ары қарай дамытуға мүмкіндік алар едік. Осы салада болып жатқан іс-қимылдарға қатысты пікірін білдіретін өнертапқыштардың өз мінбері болатын еді.
Жалпы, өнертабысты одан әрі дамыту, жетілдіру сайып келгенде қаржыға кеп тірелетіндігі белгілі. Осы жағынан алғанда, әлгі қоғам билікке идеяны қалай коммерцияландыруға болатынын, оның тетіктері қандай жағдайда тиімділік танытатынын айтып бере алатындай мәселе шешімдерімен айналысса дейміз. Сол секілді олар ғылыми тұрғыда көзбен көріп, қолмен ұстайтындай етіп, отандық өнертабыс жарнамасын жасай алса тіптен жақсы болар еді. Өйткені естіген басқа, көрген мүлде басқа ғой. Бұл – орнынан оңайшылықпен қозғала қоймайтын шенді-шекпенділеріміздің, кәсіпкер ағайындарымыздың санасына әсер етудің бірден-бір жолы. Соңғы кездері Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен шағын және орта бизнестің ісін жеңілдету шаралары жүргізіліп жатыр. Инновация пайдаланатын нысандарға да көп жеңілдік қарастырылған: салықтан бастап, несие пайызы мөлшерлемесіне қатысты. Мұны кәсіпкер қауым онша білмейді, білген жағдайда өндірісіне инновацияны енгізуге сауаты жетпейді. Сол кезде бұл қоғам оларға көмекке келуі тиіс деп ойлаймын.
Николай БҮКТІКОВ, техника ғылымының докторы, профессор, академик:
жоқ
– Елімізде өнертабыстарды дүниеге әкелуден бастап оны өндіріске енгізуге дейінгі аралықтағы ғалымдардың мүддесі белгілі бір деңгейде тапталып жатқаны рас. Басқасын айтпай-ақ қоялық, бұл ретте соңғы қабылданған «Ғылым туралы» Заңның өзі үлкен мысал бола алады. Мәселен, мен аталған заң қабылданғанға дейін ондағы жаңашылдықтардан хабарсыз болдым. Ал ол алдымызға келгенде шалқамыздан түстік. Өйткені бұл заң бұрынғысынан да жаман болып шықты. Онда ғылым мен білім мәселесі шешімін тіптен күрделендіріп, мүлде қиындатып жіберген. Кеңес заманында ғалымдар нені зерттеу керек екенін, оны қалай зерттеу қажеттігін өздері шешті, сондықтан ғылым қарыштап дамыды.
Қазіргі кезде мұны шенеуніктердің мойнына жүктеп қойған. Ал шенеуніктер арасында ғылыммен айналысатындары бірен-саран, ал қалғанының мұрнына ғылымның иісі де бармайды. Бізде осы бағытта құрылған мемлекеттік тетіктердің белгілі бір деңгейде тиімділік танытпауы осыдан. Сондықтан бұл ретте бетбұрыс жасайық деп талай жыл айтып келеміз. Заңда бұл мәселе реттелетін шығар дегенбіз. Керісінше, аталған салада бөлінетін қаржы ғалымға немесе ғылыми институтқа жетемін дегенше түрлі делдал ЖШС-лар пайда болған. Өнертабысқа грант бөлу үшін идеяны ағылшын тілінде жариялап, шетелдіктерден мінездеме алу дегенді доғаралық дедік. Өйткені әлемде өндірістік тыңшылық бар. Біз өз өнертабысымызға шетелдіктерден мінездеме аламыз деп жүргенде олар оны орта жолдан тегін иемденіп кетеді деп дабыл қақтық. Ол да көзге ілінбеген. Айта берсе, өнертабыс бойынша қордаланып қалған мәселе көп. Ал арнайы қоғам құрдық делік. Өнертабыскерлер қоғамы аталған мәселе шешіміне атсалыса ала ма? Әлде оның ешқандай құзыреті болмаса ше?.. Осы жағынан алғанда, аты бар, заты жоқ арнайы қоғам құруға мен қарсы болар едім. Ал егер ол өнертабыскердің құқығын, мүддесін жоғары мінберлерде қорғауға қауқарлы болса, ондай құрылымды қолдауға болады. Бірақ біздің құратын қоғамымыз ондай мәртебеге бірден лайық бола қоятынына сенімім аз.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Руслан ЖАНҒАЗЫ, саясаттанушы:
– Мемлекетіміз экономикалық дамудың индустриялық-инновациялық жолын таңдап алып отыр. Бірақ, соған қарамастан, бұл бағытта қордаланып қалған мәселе лек-легімен. Әрине, олардың шешімін таппауы дұрыс емес. Сол секілді қоғамдағы инновация бойынша ғалымдардың, өнертапқыштардың, инженер-техниктердің қатқан үні елеусіз қалып жатыр. Қаншама ғылыми зерттеулер мемлекеттің қолдауын күтіп отыр. Демек, қоғамның өзі қозғаушы күші болып табылатын инновациялық бастамаларды саяси тұрғыда қолдау үшін «Самғау» ғылыми-технологиялық партиясын құру керек деп есептейтін. Бұл өте сауатты, қазақтың нақты ғылымының қаймағынан тұратын, ел дамуына шындап үлес қоса білетін, нағыз мемлекет жанашырларының партиясы болар еді. Міне, қоғамның осындай өкілдері Мәжіліс орынтағында болуға әбден лайықты. Сонда жоғары технологиялық бағытта дамуға бет алған еліміздің мақсаты нәтижелі түрде жүзеге асар еді.