Бүгінде еліміздегі мешіттерде имам болып жас та, жасамыс та қызмет етіп жатыр. Бұл, бір жағынан, ислам дініне жастарымыздың ниеті мен көзқарасының дұрыс екенін көрсетеді. Алайда шариғат пен имандылықты уағыздау үшін, зайырлы мемлекетіміздің қазіргі талап-мүдделеріне сай, оң діни саясат ұстану үшін оң-солын танымаған діни қызметкерлердің еңбегіне сын көп тәрізді. Ел ішінде жастығының салдарынан елге қажетінше үлгі бола алмай отырған имамдар жиі кездеседі. Имам мәртебесі бар діни мамандардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойып, мешіттерімізге кемеліне келген адамдарды таңдау мәселесі осылай туындап отыр.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Жалпы, имамдарды тағайындау Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзырына кіреді. Діни басқармада имамдарды сайлайтын, тағайындайтын арнайы алқа бар. Сондықтан бізде имамдарды сайлау мәселесі жолға қойылған деп айтуға болады. Әрине, ел іші болғандықтан, кейбір ауыл халқының өз имамдарына көңілі толмай жататын жағдайлар кездеседі. Неге? Себебі кейбір ауыл имамдарының отбасы дұрыс емес, кейбірінің елге айтар аталы не ағалы сөздері жоқ. Тек өз білгенінен аса алмайтын имамдар көп. Ал кейбіреулері тіпті түрлі қылмыстар жасап, сотты болып жатады. Менің ойымша, мұндай келеңсіздіктер кездеспеу үшін имамдардың жасын белгілеуіміз керек. Имамды дұрыс таңдайтын болсақ қана елдің берекесін келтіре аламыз, сонда ғана халықты ортақ мақсат пен мұратқа жұмылдыра аламыз.
Имам деген сөздің өзі ұстаз, жол бастаушы деген ұғымды білдіреді. Біз имамдарды құрметтеу үшін, дұрыс имамдарды сайлай білуіміз керек. Жалпы, қазақ халқы – дінге сенгіш халық. Біз құдірет, қасиеттерге ерекше сенеміз. Бұл сенімді жоғалтып алмауымыз керек. Менің ойымша, имамдар тек халыққа діни жолдарды, шариғатты ғана түсіндіріп қоймай, оларға бірліктің, берекенің, татулықтың не екенін уағыздап, елді бір отбасыдай ұйытып отыруы қажет. Ал мұндай бірлік орнату үшін имамдардың төрт құбыласы түгел болуы шарт. Яғни, оның жасы да, отбасы да, ілімі де талаптан шығу керек. Сондай-ақ имамдық қызметке бұрын дәрігер, мұғалім болған, кейіннен Ислам жолын ұстанып, Ислам құндылықтарын түсініп, бес уақытты намазға ден қойған жасы келген адамдарды да қоюымызға болады. Осындай азаматтардың мықты имам болғанын талай көріп жүрміз. Одан ешқашан ұтылған емеспіз. Сонымен бірге, имам болатын адамның өзі, отбасы, тәрбиелеген ұл-қыздары елге өнеге, үлгі болуы керек. Сонда ғана имам сыйлы, халықтың дінге деген көзқарасы, пікірі түзу болады. Кейбір ауыл халқы өз имамдарын өздері сайлап алады. Сайлаған адамы Құранның сүре, аяттарын білсе, арабша түсінсе болды деп есептейді. Ол жас па, әлде жасы егде тартқан қария ма, қарамайды. Менің пікірімше, бұл дұрыс емес. Негізінен, біздің талқылап жатқан мәселеміз шариғатта әлдеқашан белгіленіп қойған. Онда имам болатын адамның дені дұрыс болуы керек, отбасы тәрбиелі, өнегелі болуы қажет деп жазылған. Сондықтан мен имамдардың жасын белгілеу қажет деп есептеймін.
Дәулет ӘБЕНОВ, «Ақ Орда» қозғалысы орталық кеңесінің мүшесі:
Жоқ
– Менің ойымша, имамдарымыздың жасын шектеп, белгілеудің қажеті жоқ. Бұл – біздің дәстүрімізде болмаған нәрсе. Бұрынғы кезде қазақтар қожалардың ішінен имам сайлайтын. Оның жасы кіші ме, жоқ әлде үлкен бе, оған қарамайтын. Яғни бізде имамдардың жасын шектеу деген болған емес. Бүгінде Қазақстанда мешіттердің саны артып келеді. Бізге білікті мамандар өте керек. Ал біздегі білікті, алғыр мамандардың дені — жастар. Егер имамдардың жастарын шектейтін болсақ, білікті имамдарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Өзіңіз қараңызшы, қазір қарилардың да көбі — жастар. Екіншіден, жастарға ең әуелі жастардың өздері үлгі болуы керек. Бір жас ауылға имам болып сайланса, екінші жас оған қарап еліктемей ме? Яғни жастар бір-біріне қарап бой түзейді, бір-біріне қарап жақсылық пен жамандықтың парқын ажыратады.
Бір жас намаз оқыса, ертең оның артынан он жас сәждеге басын қояды. Мұның несі жаман. Үшіншіден, өзім жас имамдарды көп танимын. Олармен жақсы араласамын. Мұндай имамдардың қанша дегенмен алғырлығы, білімділігі көрініп тұрады. Олар бойларында бар білімдері мен парасатын елге көрсетсем, елге таратсам деп ойлайды. Тек жақсы жағынан өздерін көрсетеді. Менің ойымша, біз тек үлкендерден ғана емес, бүгінгі жастардан да көп нәрсені үйренуімізге болады. Себебі бүгінгі жастардың білімге, өнерге, жалпы өнегеге деген құлшынысы мен көзқарастары ерекше. Неге біз бір сәт артқа қарайламаймыз? Артымызда нешеме талантты жастар, болашақ мықты имамдар өсіп келе жатыр. Егер біз олардың жасын көлденең тарта беретін болсақ, жігерін құм қылып, жүзін қайтарып тастаймыз ғой. Тағы бір айта кетерлігі, біз Ислам мәселесіне келіп тірелгенде мұсылман мемлекеттерін мысалға алуымыз керек. Әрине, бұл біздің әлсіздігімізден емес. Менің айтайын дегенім, мұсылман елдерінің бұл жағынан бізден тәжірибесі көп. Мәселен, мұсылман елдерінде имамдардың жасын шектеу деген жоқ. Қай имамның тәжірибесі, білімі жетіп тұрса, сол имам болады. Яғни талаптан шыққан азаматтар ғана халыққа дінді таратып, уағыздайды. Қазақта «ақыл – жастан, асыл тастан шығады» деген аталы сөз бар. Төле би бабамыз: «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса, сақа ғой, жасын кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой», – деп не үшін айтқан дейсіз!? Осындайда айтқан болу керек. Қазақта ешқашан адамның жасын шектету болмаған. Қызыбек билер он үш жасында дауға араласып, небір қиын дауларды шешендігімен, шеберлігімен шешіп отырған. Батырларымыз сол жаста жауға қарсы шапқан. Имамдарды тек дінді уағыздаушы ғана емес, халықты бірлікке шақырушы, елді имандылыққа бастаушы деп айтуға болады. Егер жастарымыз жақсылыққа бастап жатса, неге қуанбасқа, неге бөркімізді аспанға лақтырмасқа!? Сондықтан мен имамдардың жасын шектеуге, я болмаса, белгілеуге қарсымын.
Түйін
Бақыт қажы ТҰРСЫНБЕК, ҚМДБ жанындағы Ислам білімін жетілдіру институты филиалының директоры:
– Мұсылман баласы балиғат жасқа толғаннан кейін, оған көп нәрсе парыз етіле бастайды. Сондықтан өз басым имамдардың жасын шектеуге қарсымын. Имамдардың жас кезінен бастап елге насихат, үгіт жүргізе бастағаны дұрыс деп есептеймін. Себебі олар болашақта мықты мамандар болып шығады. Егер жас имамдардың білімдері жетпей жататын болса, бізде имамдардың білімін жетілдіру институты бар. Оған әр бес жыл сайын келіп, имамдар төрт ай бойы білімдерін жетілдіріп оқиды. Әрине, ел болғаннан кейін жас имамдардың атына түрлі сын, пікірлер айтылады. Бірақ халықтың олай істегені дұрыс емес. Керісінше, елдегі қариялар жас имамдарға ақылын айтып, кеңесін беріп отыруы керек. Сонда ғана имамдар да дұрыс жұмыс істейді, халықтың да дінге көзқарасы жақсы болады. Тағы бір айта кетерлігі, бізде білікті имамдар жеткіліксіз, сондықтан мешіттерге білімді жас имамдар сайланады.