Орыстың кейбір ғалымдары гендік модификацияланған азық-түлікке қатысты зерттеулер жүргізіп, адам жаны түршігерлік небір дүниелерді анықтап, бойды түршіктіріп қойғаны жасырын емес. Олардың айтуына сенсең, дүкеннен тәуір дүние таба алмайсың. Одан да ауылға барып, «айранымды ұрттап, қойымды құрттап жатқаным» артық екен дейсің. «Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деп бала кезімізде тақпақтаушы едік, сол сөздің қисыны осындай мәселеде келетін сыңайлы. Ал енді кейбіреулер мүлде басқа нәрселер айтады. Оларға салсаң, керісінше, гендік модификацияланған өнімдерсіз өмір сүруге болмас. Ертеңгі күні адамзат бәрібір сол өнімдердің тұтынушысы болып қала бермек. Сонда кімге сенеміз?
Марат қажы Сәрсенбаев, «Халал» өнімдерін стандарттау техникалық комитетінің төрағасы:
Иә
– Халал мәселесі тұрғысынан қарасақ, біз харам жануарлардың генін пайдаланатын тағамдарға қарсымыз. Себебі мұсылмандарға шариғат бойынша харамның бір түйірін болсын пайдалануға рұқсат жоқ. Ал гендік модификацияланған тағамдар бұған жол беріп жатады. Мәселен, кейбір тағамдарға сарышаянның генін, ал бидайға тышқан жоламас үшін мысықтың генін қосады. Бүгінде Ресейдің ғалымдары мұндай тағамдарға қатысты көптеген зерттеу жүргізіп, біраз дүниені анықтап жатыр. Олар жақында тәжірибе жүзінде гендік модификацияланған тағамдарды егеуқұйрықтарға берген көрінеді. Сонда әлгі гендік модификацияланған азық-түлікті пайдаланған егеуқұйрықтардың үшінші, төртінші буындары ұрпақсыз қалған.
Яғни, былайша айтқанда, белсіздікке, бедеулікке ұшыраған. Ендеше, қазір көп қыз-келіншектеріміздің бала көтере алмай жүргеніне, жігіттеріміздің белсіз болып жатуына осы тағамдардың «үлесі» жоқтығына кім кепіл? Оның үстіне, гендік модификацияланған тағамдар нарығымызды жаулап алды. Емшектегі бала да, одан қалса, баланы емізетін ананы да сондай тағамдармен қоректендіреміз.
«Гендік модификацияны адамзатқа жаны ашымайтын адамдар ойлап тапты-ау» деп ойлаймын кейде. Мұның бәрі бизнес үшін ойлап табылғанын жұрттар түсіне қоймайды. Мәселен, не үшін астыққа сарышаянның генін қосады деп ойлайсыз? Біріншіден, сарышаянның гені қосылған астыққа оған жау жәндіктер жоламайды. Өйткені жан-жануарлар өздерінің жауын түйсік арқылы сезінеді. Екіншіден, сарышаян қуаңшылыққа төзімді жәндік саналғандықтан, оның гені қосылған астық та суды аса қажет етпейді. Міне, негізінен, гендік модификация осы мақсатта дүниеге келген. Ресейдің ғалымдары осындай мәселелерді зерттеуге «ширақ». Нақты-нақты айғақтар келтіріп жатады. Сол үшін де қызметтерінен түсіп қалып, қысым көріп, қудалауға ұшырап жатқандар да бар.
Бізге де гендік модификацияланған тағамдардың пайдалы не зиянды екендігін зерттейтін уақыт жетті. Кейбір ғалымдар гендік модификацияланған азық-түлікті «жаппай қырып-жою қару-жарағы» деп те сипат бере бастады. Менде гендік модификацияланған азық-түліктердің зиянды екенін дәлелдейтін ғылыми негіз жоқ. Алайда ресейлік ғалымдарға сенемін. Бірақ мен «Халал» стандарты тұрғысынан бұған қарсымын.
Төрегелді Шарманов, Қазақтың ұлттық тағамтану академиясының президенті, академик:
Жоқ
– Бүгінде әлемдегі елдердің көбісі гендік модификацияланған азық-түлік өнімдерін өндіреді. Қытай, Жапония, Корея, ал АҚШ мұндай гендік модификацияланған өнімдерді тіптен көп өндіруде. Жасыратыны жоқ, гендік модификацияланған тағам өнімдері жылдан-жылға еселеп өсіп келеді. Бұған қарсы адамдар да шығып жатыр. Кезінде селекция деген шығып, одан да жұрт ат-тонын ала қашып үріккен болатын. Бүкіл дүниежүзі бұған қарсылық танытқаны әлі есімізде. Ақыры селекциясыз күн көру мүмкін емес болып қалды ғой. Менің ойымша, гендік модификацияланған тағамдардың адам ағзасына ешқандай да зияны жоқ. Гендік модификация тағамның жаңа қасиетін жасап шығаруға мүмкіндік береді.
Мәселен, тағамның кейбір түрлерінен инсулин жасап шығаруға болады. Сондай-ақ кейбір көкөністерде С дәрумені жасалынбайды. Қазір осы гендік модификацияның себебінен С дәрумені жасалынатын болды. Бұған қоса, гендік модификация қауіпті көрсеткіштерді азайтатын болды. Соңғы уақыттарда қызанақтың қадір-қасиеті жарты есеге дейін төмендеп кетті, құнары қаша бастады. Ал гендік модификация қызанақтың құнарын біршама жоғарылатып берді. Мәселен, қызанақ тоңазытқыштың өзінде екі-үш күнге дейін шыдай алмайды, ал гендік модификацияланған қызанақ қаншама уақыт бойы бөлменің температурасында-ақ сақтала береді.
Гендік модификацияланған өнімдерден адам ағзасына қауіп жоқ. Өйткені адамның да, жануарлардың да ағзаларында сырттан келетін зиянды заттардан сақтайтын төрт дәрежелі қорғаныс бар. Адам ағзасына қауіпті әрі зиянды деген заттар осы төрт «сүзгіден» өте алмайды. Гендік модификацияланған тағамдардан үркетіндер «бұл тағамдар біздің генімізге әсер етеді» деп ойлайды. Генге әсер ету үшін оған үлкен гендік инженерия қажет. Әйтпесе генді радиациямен не химиялық жолмен ғана зақымдай аламыз. Генді зақымдау оңай шаруа емес. Сондықтан да ондай тағамдардан қауіптенуге болмайды.
ТҮЙІН СӨЗ
Осындай пікірлерден кейін кейде «неге біз Ресейдің немесе шетелдік ғалымдардың аузын бағамыз, солардың шайнағанын ас қыламыз?» деген ой еріксіз сананы шымшылайтыны жасырын емес. Өзіміздің де зерттеуші ғалымдарымыз жоқ емес, бар. Ендеше, осы мәселеге қатысты да отандық ғалымдардың зерттеулер жүргізіп, ақ пен қараны ажыратып беретін кезі жеткен сияқты.