«Фонограммаға тыйым салу ән өнерін дамытады» деп айта аламыз ба?

«Фонограммаға тыйым салу ән өнерін дамытады» деп айта аламыз ба?

Бүгінгі шоу-бизнеске қатысты бір шындық – фонограмма ән өнерінің ажырамас бөлігіне айналды. Соның салдарынан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге әдеттеніп алған орындаушыларымыз өсудің орнына кері кетіп бара жатқандарын аңғармайтын да болды. Фонограммаға сүйеніп алғаны соншалық, көбісі дауысын жаттықтыру, репертуарын байыту, шеберлігін жетілдіру мәселесіне бас қатырмауға көшті. Осы ретте, өнерді жадағайландырып, оңай табыстың көзіне айналдырған фонограмманы қалай шектеуге болады? Оған тыйым салу ән өнерін дамытуы мүмкін бе?..

kydyrali-bolmanov-2

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі:

Иә
– Жалпы, кез келген өсетін нәрседе не жан, не қан, не рух болуы керек. Ал фонограмма дегеннің өзі – о бастан өспейтін нәрсеге бағытталған дүние. Рас, біздің телевизияның бәрін керемет жазып, керемет көрсететіндей аппаратуралық мүмкіндігі болмағандықтан да, көбінесе фонограмма қолданып келген болатын. Бірақ қазір ондай мүмкіндіктер бар. Мысалы, өзім былтыр Республика сарайында екі күн жанды дауыспен концерт бердім. Бірақ бізде дамымай жатқан тағы бір нәрсе – саналы дүние мен санасыз дүниенің, өсетін нәрсе мен өспейтін нәрсенің ара-жігін ажыратып жазатын журналист пен газет-журнал кемде-кем, қазір бәрі қойыртпақ болып кетті: Роза да –жұлдыз, оның қасында сахнаға кеше ғана шыққан бала да – жұлдыз, ана концерт те бір, мына концерт те бір... Осыдан біраз бұрын «МузАрт»-тың жігіттерімен сөйлескем.

Сәкен айтады: «Жанды дауыспен үш күн концерт бердік. Бірақ «Осылар «тірідей» айтты, концерті керемет болды» деп бір газет жазбады» деп. Ал былай қарасаң, Республика сарайында жылына қаншама концерт өтеді! Солардың 95 пайызы – өтірік концерттер. Егер бұдан былай да бәріміз фонограммамен ғана айтып, фонограмманы ғана насихаттап, осылай кете беретін болсақ, тыңдаушыларымызды да соған үйретіп тастаймыз. Ән айту техникасын дамыту үшін әркім, әрине, күнделікті жұмыс істейді, дайындалады. Дегенмен де соның бәрінің түйінін түйіп, нәтижесін көрсететін – өнер адамының халықтың алдына шыққан кезі. Әнші сол арқылы ғана өседі, сол арқылы ғана шыңдалады. Ал фонограммамен айтқаннан кейін оның өзімізге де, көрерменге де әсері болмайды, сөйтіп, өз жолымызды өзіміз жауып тастап отырмыз. Фонограммаға үйреніп алған адамның ақырында эмоциясы да өше бастайды. Өйткені ән айтудың өзі жұмыс қой: диафрагма, өкпе, ми, ішкі ритм – бәрі қозғалысқа түседі, оған сезім, жүрек қосылып, адамның өне бойы түгел жанданып жұмыс істейді. Яғни жалғыз дауыс қана жұмыс істемейді, оған музыканы қабылдауың, еске сақтау қабілетің, нотаны алудағы техникаң қосылады. Қысқасы, «ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деген рас. Ал енді сондай адамның жанында фонограммамен айтып тұрған адамды қалай бағалауға болады?!

Алайда қазір заман басқа, заң басқа. Сондықтан фонограммаға біржола тыйым салу мүмкін емес шығар. Бірақ адалдық, әділдік тұрғысынан алғанда, концерт берерден бұрын әркімнің «мен фонограммамен айтамын» деп ескертіп қойғаны дұрыс. Сосын, әрине, ондай концерттің билет бағасы да төмен болады. Шетелде бұл ежелден солай. Тіпті қазір бүкіл әлем фонограммадан жаппай бас тартып жатыр. Дайын жазбаны тыңдау үшін концертке бару деген – оларда күлкілі нәрсе. Өйткені оны үйде жатып-ақ тыңдауға болады ғой. Біз осы уақытқа дейін эстраданы «жеңіл жанр» деп есептеп келдік. Бірақ соның бүтіндей бір ұрпақты тәрбиелеп жатқандығы туралы ойланбаймыз. Негізі, бұлай бетімен жіберуге болмайды...

meruert-tusipbaeva-2

Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші:

Жоқ
– Мен, жалпы, бұл мәселеге дұрыс қараймын. Бірақ ана бір жолы Шөмішбай Сариевтің шығармашылық кеші болатын кезде Республика сарайында жарық сөніп қалып, концерт кейінге шегерілді ғой. Менің сондағы қатты таңғалғаным – еліміздегі ең үлкен мәдениет ошағы бола тұра, онда электр жарығын дербес түрде беріп тұратын қондырғы жоқ екен. Былайша айтқанда, Республика сарайында сондай қарапайым жарықтың өзі болмай жатқанда, басқа нәрсе туралы не айтуға болады? Әншілер жанды дауыспен айтуы үшін онда керемет аппаратура тұруы тиіс. Тіпті қыстыгүні Республика сарайының гример бөлмелері соншама азынап тұратындықтан, онда жұқа көйлекпен отыру мүмкін емес. Осындай жағдайда қалайша мұндай мәселе көтеруге болатынын мен мүлде түсінбеймін.

Біздің еліміз ондай деңгейге әлі жеткен жоқ, мәдениетке үлкен қаржы салынбайды. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс кезеңінде ол ешкімге керек те емес.  Әркім өзінің миының жеткенінше жұмыс істеп, өз батпағына батып жүр. Егер аппаратура дұрыс болмаса, жанды дауыспен айтқаныңнан еш пайда жоқ. Ал фонограмманың бір жақсы жері – дыбыс режиссері сенің бүкіл дыбысыңды реттеп, байытатын жерін байытып, өңдейтін тұсын өңдеп, студиядан керемет қып дайындап береді. Ал енді жалаң микрофонға дәл қазіргі уақытта марқұм Әміре Қашаубаевтың өзі тіріліп келіп айтса да, соншалықты естіледі деп ойламаймын.

Шындығында, осы ән өнері дами ма, дамымай ма, менің соған күмәнім бар. Мысалы, кезінде «Азия дауысында» «Енді осылай тірі дауыспен айтқызамыз, өйтеміз, бүйтеміз» деп бастады да ақырында бәрі қалды. Бізде ылғи да осы, бәрінің арты сұйылып, бүкіл қаржы әркімнің қалтасында кетеді. Рас, шетелде бәрі жанды дауысқа көшіп жатыр. Бірақ сіз олардың «тірідей» өтетін концерттеріне зер салып көріңізші: бір кештің өзінде бәленбай дыбыс режиссері жұмыс істеп отырады! Әншінің даусы керемет болса, керемет шығар, бірақ оларда аппаратураның жоғары деңгейде дамығандығы соншалық, өңдеуді әншіге дереу беріп тұрады. Жанды дауыспен айту тұрғысынан алғанда, әрине, табиғи талант деген – бір, ал екіншіден, ол үшін әншіге жағдай жасалуы керек, жоғары технологиядағы аппаратура болуы тиіс. Фонограмма мәселесінде сапа жағын да ескеру қажет. Мысалы, үлкен залдарда жанды дауыспен өткен концерттерді теледидардан беруге біздің телеарналардың техникалық мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда фонограмма – ән айтуды жеңілдетудің жолы ғана емес, қажеттіліктен туындап отырған нәрсе. «Тірі» дауысты концерт болу үшін әрбір музыкалық аспапқа микрофон қойылып, бәрінің дыбысы естіліп тұруы қажет, олай болмаған жағдайда концерт сапасыз болып есептеледі. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та, әзірге фонограммаға жүгінуге тура келеді.

Бейтарап пікір
Жанар Қойлыш,
журналист:
Отандық шоу-бизнестің артық-кем тұстары жөнінде айта берсек, әңгіме көп. Фонограмма туралы сөз қозғалса бітті, көбінесе Батысты мысалға келтіреміз. Бірақ одан сахнамыздың бірден түрленіп кетпесі тағы аян. Әрине, Батыстың технологиялық мүмкіндіктерінің деңгейіне жету үшін бізге айтарлықтай уақыт керек. Рас, фонограмма өнердің өрістеуіне, әншілердің кәсіби тұрғыдан ұшталуына белгілі дәрежеде кесірін тигізді, даусы бардың да, даусы жоқтың да ән айтқыш болып, көрермен талғамын бұзуына себепкер болды. Дей тұрғанмен де, фонограмманың пайдалы да жағы бар. Мысалы, жанды дауыспен өтетін концертті теледидарға сапалы түсіруге мүмкіндік болмай жатқанда, сондай-ақ концерт алдын ала хабарланып қойылып, ал әнші сырқаттанып немесе даусына зиян келгендей жағдайларда фонограмманы тіпті «тығырықтан шығудың оңтайлы жолы» деп қарауға болады. Өкінішке қарай, орындаушыларымыздың фонограмманы осындай кездерде ғана емес, қажетті-қажетсіз сәттің бәрінде пайдалануы жұрттың шамына тиіп отыр. Біз таза өнер тұрғысынан қарап, «бұл өнерді тоқыратады, сахнадағы теңгермешілікке алып келеді, тыңдарман жақсы мен жаманды айырудан қалады» деп алаңдасақ, өркениетті елдер, әдетте, басқа қырынан қарайды. Яғни олардың көзқарасынша, бұл – «тұтынушы құқын бұзушылық». Өйткені кез келген нәрсенің нарқы бар. Және әрбір тұтынушы өзінің төлеген ақшасына сай қызмет көрсетілгенін қалайды. Сол себепті де, Батыс әлемі оны шектеп жатыр. Мәскеуде де «айтулы мерекелерге орай өтетін үлкен концерттерде әнді тек қана жанды дауыспен айту керек» деген қаулы шықты. ТМД аймағында бірінші болып Әзірбайжан мемлекеті фонограмма қолдануға тиым салды. Бізде де осындай шектеулер болса, әншілер де, тыңдарман да біртіндеп соған қалыптасар еді. Жалпы, ежелден-ақ таза өнерді, шын өнерпазды жоғары бағалаған қазақ жұртының фонограмманы олқысынуы – заңды құбылыс.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста