Ежелгі руна жазуын мектептер мен университеттерде оқыту керек пе?
Түркі халқы тарихи құнды мұралардан кенде емес. Басқасын айтпағанда, тасқа таңбаланған өшпес жазулар жадына талай нәрсені жасырып жатыр. Онда бүгінгі күнге белгісіз сырлардың тұнып тұрғаны анық. Және ол жазулар – өркениетіміздің өлмес куәсі. Ертедегі мәдениетіміздің маңызды ескерткіші. Бірақ «осынша құнды деп саналған рухани әрі ғылыми байлығымыз бағаланып отырған жоқ» деген пікірлер бар. «Оны бағалау үшін ұрпағымызға сол жазулардың сырын үйретуіміз керек және оны арнаулы мектеп пен университеттің оқу бағдарламасына кіргізу қажет» дейді. Бірақ мұны асығыс қадамға балайтындар да бар.
Аманқос МЕКТЕПТЕГІ, түркітанушы ғалым:
Иә
– Руника жазуы – Тәңірдің бізге берген сыйлығы, яғни үлкен рухани байлығымыз. Біз қазір жаттың жазуын пайдаланып жүрміз. Демек, біреудің «шайнап бергенін ас қылып» жүрміз деген сөз. Себебі өзіміздің адамзат қоғамына қосқан үлесіміз бола тұра, басқалардың игілігін малданып отырмыз. Біздің жыл санауға дейін де жазуымыз болған. Оның айғағы – Алтын адамның жанынан табылған күміс тостағандағы жазу. Біздің жыл санауымызға дейінгі V-VI ғасырларда осы жазу бар. Сол заманның өзінде ақпарат беретін жазу ретінде күміс тостағанға жазылған. Демек, оның ар жағындағы көп уақыт бойы пайдаланылып келді деген сөз. Қазір ғалымдар айтып жүргендей, осы уақытқа дейін 16 жазуды пайдалансақ, біздің миымыз 16 рет ауысты. Біздегі қордаланған білімнің бәрін 16 рет төгіп тастады. Біз қазір сорлы болып қалдық. Басқа жұрт мәдениетін айтып мақтанады, біз олай ете алмаймыз. Біз кешегі моңғолдың заманынан асқан жоқпыз. Біздегі білгішсымақтардың, оқыған-тоқыған деп жүргендердің еңбегі кешегі біздің аталарымыздың еңбегімен салыстырғанда, түкке тұрмайды.
Себебі олар – көшірінді ғалымдар. Олардың өздері жасаған ешқандай игілігі жоқ. Біреудің – енгізген жаңалығын көшіріп алып, ғалым атанып жүрген адамдар.
Сондықтан өзіміздің ұлттық игілігімізді көрсетіп, басқа жұртқа мақтану үшін ең әуелі өз жазуымызды жарқыратуымыз керек. Ол жазу арқылы қалған көптеген ақпарат бар. Біз оның құпиясын аша білмеген соң, игере алмай отырмыз. Егер осы жазуды мектепке енгізетін болсақ, мәдениетіміздің деңгейі әлдеқайда өседі. Қазір мектепте ағылшын, француз тілдерін оқытамыз. Ал өз мәдениетімізге келгенде, одан қашамыз. Мұнымен еш уақытта мәдениетті ел бола алмаймыз. Ешкімге өзімізді таныта алмаймыз. Осыны дұрыстап айта бастасаң, барлығы «ескірген тарихқа алып барасың» дейді. Себебі біздің халқымыз мәңгүрт болып қалған. Бұл жазуды мектепке енгізу керек. Бұл жазуда үлкен құпия тұрғанын ешкімге түсіндіре алмайсың. Ал мектепке енгізсең, жас ұрпақ өзі жайлап-жайлап түсінеді. Себебі онда әрбір қазақтың, түріктің қанындағы ақпаратты оятатын құдірет бар. Мен айтып тұрмын ғой, оны Тәңірдің өзі сыйлаған. Тәңір деген Құдай. Құдай – барлық этносқа ортақ.
Ал Тәңірдің таңдауы – біз екенбіз. Бүкіл дүние жаратылғаннан бері келе жатқан жазуды бізге сыйлап отыр. Жазудың ішіндегі құпияны біздің аталарымыз танып, өзіне қажетті рулық таңбаны алған. Рулық таңбалардың барлығы – құпия ілімге баратын кілт. Оны қазір оқыған-тоқыған деген ешкімге түсіндіре алмайсың. Себебі қазір жазуды үйретуді мектепке енгізе алмай отырмыз. Мектеп пен университеттерге енгізсе, мәдениетіміз дамиды. Бұл жазуда жаратылыстық ғылымдардың бәрі бар. Әрі-беріден соң, бұл – компьютердің жазуы. Егер бұл жазуға назар аударып, оны алдымен мектепке енгізетін болсақ, бүкіл 200 миллион түрік біздің соңымыздан ереді.
Ерлан КҮЗЕКБАЙ, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бас сарапшысы:
Жоқ
– Біздің түп-тамырымызды, ұлттық бет-бейнемізді танытатын көне руна жазулары ғылымның әр буын өкілдері әр жылдарда толассыз тер төккеніне қарамастан, әлі де құпиясын ашып болған жоқ. Қазақ рунологиясы өзінің аясын кеңейтіп, құлашын жаза алмай отырғанын да мойындауға тиіспіз. Осы ретте, аға түркітанушы ғалымдардың ізін басқан орта буын мен жас толқынның да бұл салада біраз кенжелеп қалғаны рас.
Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Тіл комитеті тарапынан жыл сайын түркітанушылардың халықаралық ғылыми конференциясын тұрақты өткізіп келе жатқанымыз жұртшылыққа белгілі. Аталған іс-шараларды өткізу барысында көне руна ескерткіштерімізді зерттеу бағытындағы ғалымдар жаңалығын жариялауға, жас ізденушілерді тартуға басты көңіл аударылып келеді. Ал енді осы «көне руна жазуларын мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту керек пе?» деген мәселені төтесінен қою оңай емес. Ғалымдардың зерттеулері бойынша қарап отырсақ, руна жазуындағы ескерткіштер көп те емес, санаулы ғана.
Атап айтсақ: 1. Шығыс Түрік қағандығының ескерткіштері – ҮІІ-ҮІІІ ғ.ғ. (Моңғолия, Алтай); 2. Қырғыз қағандығының ескерткіштері – ҮІІ-ХІІ ғ.ғ. (Енисей, Сужы); 3. Құрықан ескерткіштері – ҮІІІ-Х ғ.ғ. (Лена, Байкөл); 4. Батыс түрік қағандығының ескерткіштері – 716-739 ж.ж. (Жетісу, Ферғана); 5. Ұйғыр қағандығының ескерткіштері – ҮІІІ-ІХ ғ.ғ. (Селеңгі, Қарабалғасұн); 6. Шығыс Түркістан ескерткіштері – ІХ-Х ғ.ғ. (Тұрфан), 7. Хазар-бұлғар ескерткіштері (Жетісу, Шығыс Еуропа, Солтүстік Кавказ).
Бұлардың бәрі кезінде әртүрлі көлемде тасқа қашалып жазылған бітіктас ескерткіштер болып табылады. Олардың дені зерттеліп, түркітану ғылымында орындарын алған.
Аталған ескерткіштер туралы мектеп оқулықтарында (тарих пен әдебиет) жалпы мағлұматтар берілген. Сондықтан жас ұрпақ үшін осындай мәдени мұраларымыздың бар екендігіне көздерін жеткізіп, айтып жүретіндей, оларды барынша құрметтеп, ықыласы мен санасын оятатындай деңгейде оқыта білсек те жететін тәрізді. Ал жоғары оқу орындарының филология, тарих факультеттерінде, яғни тіл мен тарих мамандықтары бойынша оқып жатқан жастарға болмаса, басқалары қызығушылық танытуы екіталай. Әрі қарай бұл салаға талаптанған ізденушілердің өздері іліп әкетіп, ғылым жолына түсуіне ықпал ету деген – дұрыс идея.
Егер руна жазуын мектепке енгізу мәселесі көтерілсе, кейін мектептер мен жоғары оқу орындарында төтенше араб әліпбиін неге оқытып, үйретпейміз деушілердің шығатыны да сөзсіз. Әрине, бұл да керек дүние. Бірақ керек екен деп, мұның бәрін мектеп пен оқу орындарының арнайы бағдарламасына енгізу сабақ кестесін ауырлатып жібереді. Сондықтан қосымша оқытып-үйрету курстарын жүргізу ретінде таныстырсақ та болады деп ойлаймын. Және бұл тәжірибеде бар нәрсе. Басқасын айтпағанның өзінде, осы жақында «Алаш айнасы» газеті ұйымдастырып, бір жыл бойы жүргізген «Көне Түрік жазуын үйренейік» атты жобаның қорытындысымен танысып, қуанысып қалдық. Соның өзінде іріктеліп, үздік атанған қаншама адамның көне руна жазуларын үйреніп шыққанына куә болдық.
Осы сияқты істерді жалғастырып, жастардың жаппай ықыласын оята білсек, көне түрік жазуын меңгеру, әр қазақ баласының қолынан келетін-ақ нәрсе деп білеміз.
Көне мәдени мұраларымызды кеңінен насихаттау мақсатында көне түрік жазуының құрметіне арналған «Түрік халықтарының ғұрыптық ұлықтау мерекесі» деген атпен іс-шаралар өткізуді қолға алсақ деген ұсынысымыз бар. Өйткені біз жыл сайын «Славян жазуының күндерін» өткізіп, апталық мерекеге айналдырып келеміз. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі Мәдениет және ақпарат министрліктері тарапынан жыл сайын ізденуші жас ғалымдарды, студенттерді, басқа да мамандарды көне түрік жазба ескерткіштері мен мұралары шоғырланған елдер мен жерлерге тәжірибе алмасуға, ізденуге, зерттеуге іссапарларға жіберіп отырсақ, олардың біліктілік талабы одан сайын арта түсер еді.
Осы арада аталған ежелгі мұраларымызды оқып-үйренемін, нақты ақпарат аламын деушілерге Тіл комитетінің тапсырысы бойынша шыққан көне түрік ескерткіштерінің «Түрік бітік» мультимедиялық танымдық тарихи-мәдени электронды кешенінің әзірленгенін айтуға болады. Оған Тіл комитетінің til.gov.kz мемлекеттік тіл порталы арқылы кіруге, толық мәліметтерді алуға, оқып-үйренуге мүмкіндіктер жасалғандығын айта кеткім келеді.
Бейтарап пiкiр
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, алаштанушы ғалым:
– Әрине, ежелгі сына жазуы – біздің көнеден жеткен құнды мұрамыздың бірегейі. Осы жазу арқылы көне тарихымыздың бір парасы тасқа өшпестей басылып, бізге жетті. Өткен тарихымыздың жарқын беттері таңбаланған, ежелгі өркениетіміздің бір өлшемі болған бұл жазуды зерттеп-білуіміз, игілігімізге жаратуымыз керек. Дегенмен көне жазуымызды зерттеуші ғалымдардың өздері әлі күнге дейін әрқилы оқып жүр. Осыған байланысты ғалымдар арасында пікір қайшылықтары да туындап жатады. Оның үстіне, қазір бұл жазуды бірде-бір мемлекет пайдаланбайды. Сондықтан төл әліпбиіміз болғанымен, көнерген, тарихтың еншісіне қалған сына жазуы арнайы мамандар тарапынан әлі де жете зерттеуді қажет етеді деп есептеймін. Осыған байланысты көне жазуды тарих факультеттеріне және қалаған талапкерлердің сұраныстарына орай, жоғары оқу орындарына арнайы пән ретінде енгізуді қолдаймын. Арнайы мамандануды қажет ететін болғандықтан, бәлкім, тарих, әдебиет, тіл ғылымының жолына қадам басқан болашақ ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға үйренуді талап ету артық етпес. Есіңізде болар, Елбасы былтыр Түрік академиясын ашу туралы нақты ұсыныс жасады ғой, елімізде ежелгі түркі жазуын жетік білетін маман-ғалымдар санының артуы таяу болашақта Қазақстанның түркология ғылымының орталығына айналуына мүмкіндік берері сөзсіз.