Жақында ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясы Литва мен Словения делегаттарының ұсынысымен Екінші дүниежүзілік соғысты бастауда Германия фашистері мен Кеңес Одағын тең дәрежеде көрсететін қарарды қабылдады. Батыстық ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, бұл қарар тамыздың 23-ін фашизм және сталинизмнің құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтуге шақырады. Иә, 1939 жылдың 23 тамызында тоталитарлық екі ел Шығыс Еуропаны өзара бөлісу жөніндегі пактіге қол қойған болатын. Десек те, екі идеологияның бірдей емес екені ғылымда да дәлелденді емес пе? Аталған идеологиялардың өзіндік құндылықтары мен принциптері де ғылыми түрде ажыратылған. Кеңес Одағының мұрагері болып есептелетін ресми Мәскеу Батыс елдерін тарихты бұрмалап, фашистерді жеңудегі Кеңес Одағының құрбандарын дұрыс бағаламай отыр деп айыптауда. Екі идеологияны, екі жүйені бір қатарға қою қаншалықты қисынды? Міне, осы сұрақтарды саясаттанушы мамандардың талқысына салған едік. Сарапшылардың бағасы төмендегідей болып шықты.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
Иә
– Бұл – өте дұрыс шешім. Себебін бірнеше дәлелмен түсіндіріп беруге болады. Біріншіден, фашистік Германия мен Италияда, КСРО-да да, яғни екі жүйеде де тоталитарлық басқару тәртібі болды. Германия мен КСРО қатал тоталитарлық жүйемен басқарылса, Италиядағы тоталитарлық жүйені сәл жұмсақтау деуге негіз бар. Екіншіден, екеуінде де социалистік фразеология бар. Мысалы, Германияның партиясы ұлтшыл-социалистік деп аталды. Сондай-ақ Муссолини де социалист болған. Ал большевиктер өздерін социал-демократпыз деді. Үшіншіден, фашизм мен коммунизмде империялық пиғыл басым болды. Тіпті Италияның өзі шамасына қарамай, Африкада соғыс ашты. Ал қызыл түсті тоталитаризм «коммунизмді жер-жаһанға таратамыз» деп өздерінің империялық идеологиясын ашық жүргізді.
Оған дәлел ретінде Африкадағы ұсақ мемлекеттер мен шалғайда жатқан Кубаға қару таратуды айтуға болады. Риббентроп – Молотов келісімшарты – ымыраласудың басты белгісі. Соның нәтижесінде фашизм мен коммунизм Еуропаны бөліске салды. КСРО Балтық жағалауы мен Польшаның біраз облыстарына иелік етті. Қалғаны Германияның еншісінде қалды. Бұны кеңестік билік ұзақ уақыт жасырып келді, тіпті заңды мұрагері Ресей де айтуға асықпады. Бірақ шындық міндетті түрде ашылады. Төртіншіден, антисемитизмді айтар едім. Еврей ұлтын жеккөрушілік Германияда, Италияда және КСРО-да белең алды. Фашистер еврейлерді арнайы концлагерьлерде қырып жойса, КСРО ашық айтпады, бірақ Қиыр Шығысқа айдатып жіберу деген үрдістің болғаны рас. Бесіншісі, бұл – геноцид мәселесі. Қырып-жоюды қоңыр түсті фашистер де, қызыл түсті коммунистер де жүргізді. Мысал үшін айтар болсақ, Германия еврейлерді, сығандар мен славяндарды құртуға күш салса, Кеңестер Одағы қолдан ашаршылық жасау арқылы қазақтар мен украин халқының басына нәубет әкелді. Сонымен қатар шешенді, ингушты, татарларды т.б. қырғынға ұшыратты. Тарихшылар бұл жерде тап күресі орын алды деген жаңсақ пікір айтады. Шын мәнісінде, тап күресі болса, шешендердің байларын ғана қудалау керек қой. Ал кеңестік билік жалпы ұлтқа зорлық-зомбылық көрсетті. Еуропалық Парламенттің қабылдаған қарарын қолдайтын себебім, фашизм мен коммунизмнің ешқандай айырмашылығы жоқ. Бұл екі жүйені қолданған мемлекеттер дипломатиялық қарым-қатынасқа қарағанда соғысты бірінші кезекке қойды. КСРО Испаниядағы коммунистерге көмек көрсетіп, елдің ішкі ісіне араласты. Финдерге соғыс ашып,жерін тартып алды. Бейбіт жатқан Моңғолияның жеріне көз алартып, Тываларды қолына түсірді. «Моңғолдарға көмектесем» деген желеумен Жапониямен соғысып, Куриль аралдарын тартып алды. Румынияны қорқытып-үркітіп территориясына бақылау жасады. Бұл әрекеттерді фашизм емес деп қалай айтамыз? Аталған екі жүйенің тағы бір ұқсастығын айтайын, КСРО, Германияда да кезінде күшпен басып алған жерлері үшін ешкімге түсініктеме бермейтін. Әлемдік қауымдастыққа себептерін ашып көрсетпеді. Қазір осының бәрі ашылып айтылуы керек. Тарихта жазылмай қалған оқиғалар мен көрінбей қалған деректер жетерлік. Сондықтан, бұрынғы отар елдер Ресейдің қас-қабағына қарамай-ақ, ұлттық тарихтарын қайта жазып шығуы керек деп ойлаймын.
Сайполла Сапанов, саясаттанушы:
Жоқ
– Бұл екеуі – екі бөлек идеология. XX ғасырда қоғамдық өмірде, халықаралық қатынастар жүйесінде идеологияның рөлі күшейді. Кеңестік идеология, фашистік, милитаризм, бұдан кейін либерализм күшейді. Қазір ислам фундаментализмі бірінің орнын бірі басып, осылай тізбектеліп, жалғасып келеді. «Коммунистік идеология мен фашизмді теңестіріп, бірдей баға беру – тарихты бұрмалау» деп ойлаймын. Себебі екі идеологияның принциптерін салыстыратын болсақ, арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін байқаймыз. Біріншіден, қанша сынағанымызбен, кеңестік билік әлеуметтік теңдік принципін берік ұстанды деп айтуға толық негіз бар. Ленин де, Сталин де теңдік үшін күресті. Және белгілі бір деңгейде теңдікті орната алды. Мысалы, Ресейде өткен ғасырдың басында бай мен кедейдің арасы тым алшақтап, халық бөлінуге шақ қалды.
Екіншіден, коммунистік партияның платформасы фашизмнің негізін салған ұлтшыл қозғалыстардың ұстанымымен мүлдем сәйкес келмеді. Себебі, коммунистік жүйе фашистер сияқты ашықтан ашық антисемитизмді насихаттаған жоқ. Біле білсек, КСРО ұлттардың өзін-өзі басқаруына мүмкіндік берді. Кеңес Одағының конституциясында құрамындағы кез келген республиканың бөлінуіне құқығы бар деп жазылды. Ал фашистік идеологияда бәрі керісінше болды. Басқа ұлттарды басып-шаншып, ұлтшылдық принципін қалыптастырды. Антисемитизм мен ұлтшылдық міндетті түрде фашизмге әкеледі. Еуропарламенттің аталған екі идеологияны біріктіріп қарар қабылдауы дұрыс емес. Фашизм мен коммунизмнен жапа шеккен елдер бұл шешімді қолдауы мүмкін. Себебі Шығыс Еуропалық мемлекеттер мен Балтық жағалауы елдерінде қазіргі уақытта ұлтшылдық дерті өршіп тұр. Ресейге Кеңес Одағының қателіктерін айтып, өкпесін білдіруде. Ұлттық идеология болу керек, бірақ оны мемлекеттік саясат етіп қалыптастыруға тиімсіз. Өйткені ұлтшылдықты сыртқы саясаттың құралы ретінде пайдалану өте қауіпті құбылыс. Себебін жоғарыда айттым, ондай ұлтшылдық міндетті түрде фашизмге әкеледі. Ал фашизмнің соңы соғыспен аяқталғанын тарихтан білеміз. Сондықтан, аталған екі идеологияны шатастыру дұрыс емес. Ұқсастықтары да жоқ емес. Фашизм де, коммунизм де тоталитарлық басқару тәртібімен жүргізілгенмен, кеңестік жүйе фашизмге қарағанда әлдеқайда гуманизмге негізделген болатын.
Бейтарап пікір
Сейдахмет Құттықадам, саясаттанушы:
– Бұл ағымдардың шыққан жері бір. Яғни фашизм де, коммунизм де Еуропадан шықты. Бірақ жүйелердің жүзеге асуы екі түрлі болды. Фашизм барлық мәселені күш қолданумен шешу керек деген ұстанымнан аса алмады. Ал коммунистік идеология оған қарағанда әлдеқайда жұмсақ әрі тиімді болды. Екеуінде де тоталитарлық жүйенің белгілері болса да, бір түсінікке айналдыру дұрыс емес. Сонымен қатар фашизмнің көзін жойған коммунизм екенін естен шығармағанымыз абзал.