Еуропалық білім стандартын елімізге бейімдей алдық па?
Қазіргі таңда еліміздің білім саласындағы ең өзекті мәселе 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу болып тұр. Жалпы, бұл жүйе қоғамның дамып өркендеуіне және әлемдік білім кеңістігіне жол ашатын бірден-бір жол делінеді. Дегенмен дамыған елдердің көшіне еріп, мұндай жүйені енгізуге қаншалықты дайын екенімізді дөп басып айту қиын. Білім берудің бұл моделі әлемнің 80%-дан астам елінде қолданылады. Мамандардың айтуынша, еуропалық білім стандартына бейімделу ғылым мен техниканың үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа технологиялардың әртүрлі салада кеңінен енгізілуіне байланысты туындаған. Жастарды заманауи талаптарға сай тәрбиелеу үшін оларға жаңа мазмұнда білім беру қажет. Сол үшін де дүниежүзілік қауымдастық 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуде. Қазақстан да еуропалық стандартқа бет бұрды. Батыстың стандартын өзімізге бейімдеу мүмкін болды ма?
Ерұлан ЖИЕНБАЕВ, М.Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 мамандандырылған мектеп-лицей директоры:
иә
– Еуропалық білім стандарты дегенде, ең алдымен, қазіргі қоғамды ерекше қызықтырып, толғандырып жүрген 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді айтуға болатын шығар. Бұл жүйеге көшу – заңдылық және заманауи қажеттілік. Президентіміздің өзі алдымызға мақсат етіп қойған бүкіл әлемдік білім кеңістігіне Қазақстан енуі тиіс! Ал бұл кеңістікке енудің алғышарты да, негізі де осы 12 жылдық білім беру болып табылады. Дәл қазір еуропалық білім стандартын толықтай демесек те, біртіндеп елімізге бейімдеп келеміз. Бұл арада қаралатын үш мәселе бар. Біріншіден, ол жүйеден бас тартар болсақ, өз жолымызбен, өз жүйемізбен білім беруіміз керек, бірақ бізде ол жоқ.
Екіншіден, батыстық жүйені толықтай көшіріп алмау және үшіншіден, сол жүйенің тек жақсы, тиімді жақтарын ғана алу. Біз Еуропалық білім стандартын өзімізге енгізе отырып, ұлттық менталитетімізді, ұлттық құндылығымызды, ерекшелігімізді ұмытпауымыз қажет. Бізде де қалыптасқан өзіндік тәжірибе бар. Тап қазір қоғамда үрей тудырудың қажеті жоқ, себебі жаңа жүйеге 2015 жылы толықтай көшіп кетпейді. Тек 2015 жылдан бастап біртіндеп, 10 жылдың ішінде өзгере бастайды. Соған сай оқулықтар жазылып, мамандар дайындалады. Яғни бізде әлі уақыт бар. Қазірдің өзінде жаңа жүйені енгізу мақсатында біршама нәтижелі іс қолға алынды. Қазір мектептерді заманауи технологиямен жабдықтау, ұстаздардың білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру шаралары қарқынды іске асып жатыр. Алайда бірен-саран маманның компьютердің тілін білмеуі болмаса кереғар пікірді құптаудың салдарынан қоғамда кертартушылық, қате көзқарас қалыптасып үлгерген. Бұл еліміздің ілгері жылжып, дамыған елдердің қатарынан көрінуіне кері әсерін тигізеді. Алысқа бармай-ақ өзім басқарып отырған мектептің ұжымы жайлы айтайын, біздің де он шақты мұғалім білім жетілдіру курстарына қатысып, тәжірибелерін шыңдап қайтты. Олардан өзгеріс, жаңашылдық бірден білініп тұрады. Тіпті біздің елге көршілес мемлекеттерден келген ұстаздар қатты таңғалады. Себебі олар мұндай курстарды өздері іздеп, ақшасын өз қалталарынан төлеп оқиды екен. Ал біздің Үкімет бұл орайда бар жағдайды жасап отыр. Оқуға кеткен ұстаздардың білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың еңбекақылары толықтай төленеді. Бұл – Үкіметтің білім саласын қаншалықты қолдайтындығының көрінісі.
Орденбек МАЗБАЕВ, география ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі жылдарда Еуропалық білім кеңістігіне қарай бет бұрғаны анық. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан көптеген іс атқарылды және оның нәтижесін қазіргі таңда сезініп отырмыз. Біріншіден, өз басым Еуропалық білім беру жүйесіне қарсы емеспін. Бірақ ойланатын бір нәрсе бар, ол – кадр даярлау мәселесі. Көпжылдық тәжірибемнен түйгенім, біз асығыстық жасаған сияқтымыз. Өйткені қазіргі кезде Қазақстан аумағында шағын комплектілі мектептер деген бар. Олар – шалғай аудандарда, шеткері орналасқан елді мекендерде. Ал біз типтік мектептерді салып жатырмыз.
Оқуын бітірген жас мамандар сол шалғай өңірлерге барып, толық ставкалы жұмысқа орналаса алмай, қиналады. Себебі жеті-сегіз сағаты бар ұстаздың 20-30 мың теңге жалақымен өмір сүре алуы екіталай. Ал бұл дегеніміз мониторингтің жүргізілмегендігін аңғартады. Біз педагогика мамандығын еліміздің ішкі нарығына бейімдеуіміз қажет, бейімдей отырып қос мамандық беру мәселесін шешкеніміз абзал. Өкінішке қарай, бұл жүйе Еуропалық жүйеге сәйкес, бакалавр мен магистратураларды ашу негізінде қараусыз қалды. Әйтпесе бұрын қос мамандық беру жүйесі өзінің тиімді тұстарын дәлелдеп берген болатын. Қазір, шыны керек, зияткерлік мектептерді ашып жатырмыз. Иә, біздің қолдан мұндай мектептерді көптеп ашу келеді, бірақ шағын мектептер назардан тыс қалып отыр. Тіпті ұстаздардың статусы да әлі күнге өз деңгейінде емес, төмен. Ал біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшпекпіз. Бұл мәселе осыдан 10 жыл бұрын қозғалған болатын. Сол кезде-ақ «Қазақстан бұл жүйеге 2015 жылға дейін көше алмайды» дегенбіз. Себебі бізде оған лайықты оқулық та, база да жоқ. Енді, міне, 2013 жылы соны көріп отырмыз. Жер-жерде баяндама оқып, халықпен жүздесіп жүрмін. Сонда әрбір 50 адамның 48-і қазіргі білім беру жүйесіне көңілі толмайтынын айтады. Яғни бізге баланы оқыта алатын оқулықтар қажет. Ішкі мазмұнын өзгертіп шығара берген оқулықтан дұрыс білім берілмейді. Дамыған елдердің мектеп оқулықтарын алып көрдім, біздікімен салыстырып қарасаңыз, айырмашылығы жер мен көктей. Біздегі текст-мәтіннің, теориялық жағы басым болып келеді, ал шетелдік оқулықтарда бала санасын оятатын интерактивті тұстар басым. Яғни біздің оқулықтарымыз еуропалық стандартқа сай емес. Оған қоса, мамандар да дайын емес. Ал мамандар мен оқулықтар дайын болмаса, қалай біз «еуростандартқа бейімделдік» деп айта аламыз? Сонымен қатар тағы бір айта кетер жайт, 12-сыныпта отырған ер балалар мен қыз балалардың психикасы да ескерілмеген, толықтай зерттелмеген. Бұрын төртжылдық, жетіжылдық білім беру деген жүйелер болды және олардың арасынан да мықты ғалымдар, академиктер шықты. Демек, қысқа мерзім ішінде де білім деңгейін көтеруге әбден болады. Қалалы жерде интеллектуалды мектептер ашсақ, ауылдың баласының интеллектуалды болуға хақы жоқ па?! Біздегі мектептер бөлініп-жарылмай, оларға қойылатын талап бірдей болуы тиіс. Міне, осы айтылған мәселелер өз шешімін тапқанда ғана біз Еуропалық білім стандартын елімізге бейімдей алдық деп айта аламыз, бұлай деуге ертерек.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Совет-Хан ҒАББАСОВ, педагогика ғылымының докторы:
– Мен үшін Еуропалық білім стандарты – дәлелденбеген бағыт. Себебі бұрынғы кеңестік білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне ешбір жүйе жетпейді. Неге десеңіз, кешегі кеңес заманында бұл жүйелерді бүкіл әлем мойындаған болатын. Енді келіп біз де еліктеп, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеміз деп байбалам салып келеміз. Бұл жүйені кім зерттеп, кім дәлелдеп беріпті? Халықтың алдына шығып «жүйенің артықшылығы мынау, кемшілігі мынау» деп көрсетіп берген адамды көрген емеспін, оны ешкім айтпайды да, айта алмайды да. Әйтеуір көштік деп, ендік деп еліктеу ғана. Иә, мұндай заманауи, жоғары деңгейлі білім беру жүйесі Жапония, Қытай сияқты елдерде бар. Бірақ олар өздерінің дәстүріне, қоғамына лайықтап зерттеп, дәлелдеп барып енді. Ал біздің жасымыз болсын, кәріміз болсын салт-дәстүрді білмейді. Сонда батыстық жүйеде білім берудің бізге қандай пайдасы бар? Қазақ «ел болам десең, бесігіңді түзе!» дегеннің мәнін әлі түсінген жоқ. Осыдан келіп қате, қыңыр жүйелер қаптап еніп, халықты қинайды.