Еуропаны біртұтас федерациялық мемлекетке айналдыру жайлы пікірлер жиі айтылып жүр. Осы аптада Еуропа Парламентінде Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу Еуропа Одағын ұлттық мемлекеттердің федерациясы ету қажеттілігіне тағы да тоқталды. Ол Еуропа біртұтас федерациялық мемлекет болып, одақтастардың байланысы тереңдей түспесе, евроны құтқарып қала алмайтынын айтты. Бұл орайда қоғамда өздігінен «Еуропа біртұтас федерациялық мемлекетке айналса, біздің геосаяси ахуалымыз не болмақ?» деген сауалдың туындайтыны рас. Саясаткер мамандар «Еуропа жуық арада бір федерацияға айналуы мүмкін емес» деген пікірде. Десек де, Жозе Мануэль Баррозу сөзі шындыққа айналса, біздің елдің геосаясатына әсері бола ма? Осы сауал қойылғанда, саясаткерлер ойы екі арнаға бөлінді.
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
иә
– Еуроодақ (ЕО) құрылғалы көп жыл бола қоймаса да, одақтың құрамында болудың өзі саяси һәм экономикалық жағынан қиындық туғызып отыр. ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда белгілі бір дәрежеде қарама-қайшылықтар бар. Бұдан жуық арада Еуропа елдері ортақ федерацияға бірігеді дегенге сену қиын. Бұл – әлі иі қанбаған мәселе. Десек де, Еуропалық Одақ біртұтас федерациялық мемлекет болса, белгілі бір дәрежеде еуроазиялық кеңістікте геосаяси жағдай өзгереді деп ойлаймын. Оның ішінде бұл геосаясаттағы өзгерістің Қазақстанға да әсері болатыны сөзсіз.
Өйткені Еуропаның бұл қадамы Ресейге, Орталық Азиядағы мемлекеттерге ықпал етіп, ол ықпал күшейе түседі. Соңғы он жылды алып қараңызшы, біздің аймақтағы геосаяси жағдайға алпауыт мемлекеттердің түрлі мүдделері тоғысты. Еуропа бірікпегеннің өзінде мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық жағдайлар әр кезде өзгеріп жатыр. ЕО-ға мүше елдер одаққа өз мемлекеттерінің мүддесі, онан кейін ғана ЕО-ның мүддесі тұрғысынан қарайды. Олар саяси жағдайда кей кезде бір-бірімен түсінісіп, бірігіп жатса, кейбір мемлекеттерге деген көзқарастарында қарама-қайшылықтар бар. Сондықтан да ЕО біздің елдегі саяси әсерін, ықпалын арттырмаса, кеміте қоймайды. Қазірдің өзінде ЕО Орталық Азиядағы мемлекеттермен екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуді көздеп отыр. Осы аймақта болып жатқан проблемаларды шешуге, араласуға, қолында бар технологиялар арқылы біздің мемлекеттерді өздеріне тартуға тырысуда. Сол себепті де олар федерацияға біріксе, біздің елімізге әсері болмай қалмайды. Геосаяси жағдайда бірінші кезекке экономика шығады. Еуропа мемлекеттері бір жағадан бас шығарса, ең алдымен біздің аймақтағы біраз мемлекеттерді ығыстыруы мүмкін. Ол АҚШ-тың, не болмаса Қытайдың, я Ресейдің сыртқы саясаттағы ұстанымына міндетті түрде әсер етеді. Бәлкім, мұндай жағдайда белгілі бір дәрежеде Ислам әлемі мемлекеттерінің экономикалық мүдделеріне қайшылық туындайды. Жасыратыны жоқ, Еуропалық елдер бізден шикізат сатып алады. Елімізден мұнай, газ, басқа да түрлі қазба байлықтарды тасымалдап, өздерінің жоғарғы технологияларымен өңдейді. Яғни ол елдер біздің шикізатты пайдалануға, игеруге мүдделі. Осыны ескерсек, геосаяси жағдайымыз түпкілікті өзгеріске ұшырайды деуге келмесе де, әсері болады. ЕО-ға мүше елдердің біздің экономикамызға біраз ықпалы бар екенін де жасыра алмаймыз. Бізге мұның сыртында АҚШ, Ресей, Қытай тараптарының да ұстанымын ескеруге тура келеді. Бұл қадам, меніңше, мемлекеттер мүддесінің арасалмағының өзгеруіне алып келеді. Себебі Ауғанстанда болып жатқан жағдай, басқа да аймақта орын алып жатқан мәселелер сол алып мемлекеттердің мүддесіне сай болып жатыр десек қателеспейміз. Алып державалар мен ықпалды мемлекеттер Орталық Азияға ықпал етуінің бірнеше объективті себебі бар. Біріншіден, оларды экономикалық мәселелер қызықтырады. Екіншіден, ЕО-ны Қытайдың қарқынды дамуы қорқытады. Алпауыт елдер, осы аймақтың геосаяси жағдайын мүмкіндігінше қолдарында ұстағысы келеді. Бұл орайда Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада болып жатқан саяси шиеленістер Батыстың осы аймаққа деген геосаяси әрекеттерінен туындап жатқанын да ескеруіміз керек.
Сайфолла Сапанов, тарих ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Еуропаның біртұтас федерациялық мемлекет болуы жайлы пікірлер осыған дейін де айтылып келді. Десе де, біртұтас федерация құруға қарсы пікірлер легі көп. Демократиялық принциптерге сүйеніп қарасақ, ЕО-ның бір мемлекетке айналуы дұрыс қадам болып көрінеді. Бірақ федеративті мемлекетке айнала қоюы қиын. Өйткені бұл позицияны қолдайтындардың пікірі әлсіздеу. Енді біртұтас елге айнала қалған жағдайда деген мәселеге келейік. Онда ЕО-да мүлдем басқаша құрылымдар дүниеге келеді, өз ішінде өзгерістер болады. Түрлі субъектілер, мемлекеттік заң шығару құрылымдары пайда болып, оларды «сыртқы саясат пен Еуропарламенттің жағдайы қалай болады?» деген сияқты мәселелер мазалайды.
Ал Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның геосаяси жағдайына ешқандай әсері болмайды деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін қалыптасқан ЕО-ның Орталық Азияға деген саясатын одан әрмен жалғастырады. Мысалы, 2007 жылы ЕО шеңберінде Орталық Азияға бағытталған стратегиялық бағдарлама қабылданды. Еуропа біртұтас федерация болса да, сол бағдарламаны нысанаға алып, стратегиялық әріптестікті сақтап қалады. Шикізаттық, энергетикалық факторлар Еуропа мемлекеттерінің саясатын түпкілікті басқа арнаға бұрып жібереді дегенге сенбеймін. ЕО пен Ресей Федерациясының арасындағы қарым-қатынас басқа форматқа ауысса ғана бізге әсері болады. Онда олар өздерінің Орталық Азияға деген стратегиялық бағдарламасын қайта қарайды. Меніңше, ЕО үшін ол стратегиялық бағдарламаны қайта сүзгіден өткізгеннен гөрі, сол стратегиялық байланысты дамыта берген тиімді. Себебі біздің Еуропамен байланысымызда энергетикалық фактор басты рөлде ойнайды. 2009 жылдан бері ЕО энергетика саласындағы Ресейге тәуелділігінен шығар жолды қарастырып келеді. Оның бірден-бір төте жолы – Еуропаға Орталық Азиядан энергия көздерін тарту. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық мәселелері Орталық Азиядан басқа балама жолдың жоқтығын көрсетіп отыр. Енді тікелей Қазақстанға келетін болсақ, ЕО болсын, біртұтас федерациялық мемлекет болсын құрылымы ауысқанымен, біздің геосаясатқа еш әсер етпейді. Өйткені ЕО геосаясатта біздегі экономикалық жағдайға басымдық беріп отыр. Оларды біздің саяси ахуал емес, өз ішіндегі шешім қабылдау тәртібі көбірек мазалайды. Сол себепті де ЕО-ның басым әсерлері сыртқы саясатта емес, өздерінің ішкі саясатында болады. Шешім қабылдау институттары өзгереді. Қандай қадам жасаса да, ең алдымен ЕО бізбен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Олай болса, керісінше, бұл қадам еліміздің батыс елдермен қарым-қатынасын күшейтуі мүмкін.
Бейтарап пікір
Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:
– Еуропалық Одақ біртұтас федерациялық мемлекет бола алмайды. Біріншіден, біртұтас федерация болу мәселесі – алдағы елу я жетпіс жылдың еншісіндегі мәселе. Екіншіден, олар мәдени, экономикалық, тарихи біркелкілікке ұмтылғанымен, мұның бәрі мүмкін емес жағдай екені аңғарылып отыр. Еуропа қаншалықты біртектес болса, соншалықты әр алуан. Сондықтан да Еуропаның бір мемлекетке, бір федерацияға, қала берді, бір саяси күшке айналуы – екіталай дүние. Ол туралы Ұлыбритания өзінің ашық пікірін білдірген. Қазір Ресей, Испания қарсы пікір айтып үлгерді. Мұны, меніңше, ЕО-ның Жозе Мануэль Баррозу арқылы жасаған кезекті саяси ойынының көрінісі деп түсінуіміз керек.