Еліміздегі тарихи орындарды, жалпы этнотуризмді халықтың игілігіне айналдыру – бүгінгі таңда кезек күттірмей шешілуі тиіс, кешенді мәселелердің бірі. Тарихқа тұнып тұрған даламыз бен көне қалаларымызды әлемге паш етіп, көне мәдениетімізбен әлемге әйгілі болсақ әрі тарихи құндылықтарымыздың арқасында мемлекетіміздің экономикасын алға жылжытып, мол қаржы тапсақ, жаман ба? Әлемде туризммен күн көріп отырған қаншама мемлекет бар. Ал біз ше? Өз жеріміздегі тарихи құндылықтарымызды шетелдіктерге көрсетпек түгіл, әуелі өзіміз елімізде қандай тарихи орындардың бар екенін біле бермейміз. «Ағаш тамырына, адам тарихына қарап өседі» демекші, уақыт өткен сайын маңыздылығы арта түсетін тарихи орындарды қайтсек халықтың игілігіне айналдырамыз? Егер этнотуризмге басымдық берсек, отандық туризм дами ма?
Бейбіт САПАРАЛЫ, жазушы, «Қағанат» консорциумының басшысы:
Иә
– Бүгінде әлемнің көптеген елдері өздерінің ішкі өндірісін де, табиғи, тарихи байлықтарын да туризмге бағыттап отыр. Ал біздің әлі күнге дейін тарихи, табиғи құндылықтарымызды жоғары деңгейде көрсете алмауымыздың, ішкі туристік фирмаларымыздың дамымай отыруының көптеген себептері бар. Біріншіден, біздің халқымыз өз жерінің рухани құндылықтарының тарихи мәнін әлі күнге жете білмейді. Басқа елдермен салыстырғанда, біз өз табиғи байлықтарымызды да паш ете алмай отырмыз. Әйтпесе, әлемнің кейбір елдеріне, тіпті инфрақұрылым дамымаған жерлердің өзіне де ол жердің тарихи орындарын көру үшін мол қаржы салып баратындар бар.
Біздің жеріміз ислами құндылықтарға бай және бізде түркі халықтарының тарихына да, жалпы адамзат тарихына да қатысты маңызды құндылықтар жетерлік. Осы құндылықтардың ішінен бір ғана Шыңғыс хан тақырыбын алар болсақ, атақты қолбасшыға қатысты қазақ топырағында көптеген тарихи деректер бар. Егер осы деректерді біз тиісті дәрежеде насихаттар болсақ, Еуропа бізге бет бұрар еді. Өйткені еуропалықтар Шыңғыс ханның Моңғолияға қатысын нақты деректерден көре алмай отыр. Ұлан Батордағы бірнеше метрлік Шыңғыс ханның ескерткішінен басқа, Моңғолияда оған қатысты орындар жоқ. Есесіне, қазақ жеріндегі көне түркі ескерткіштері орналасқан жерлер, мына тұрған Шыңғыстау, анау Алакөлде Шыңғыс ханның өзі отырған, әскерлері орналасқан жерлер бар. Мысал үшін, Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие деген үңгірде Шыңғыс хан жерленген деген болжамдар айтылады. Сондай-ақ Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның Жезқазғанда жерленуі секілді деректер де көпшіліктің назарын аудартары хақ. Бұдан басқа ислам әлеміндегі адамдарды атар болсақ, бізде көптеген сахабалар, небір әулие бабалар жерленген. Бізде әлемдік деңгейдегі жағрафияда өте сирек кездесетін табиғи орындар бар. Міне, алдымен осындай өз жеріміздің құндылықтарын жөнге келтіруіміз керек. Бұл мәселені билік басындағылар, туризм және басқа да министрліктер қолға алуы керек. Таяуда Әлемдік туристік қауымдастықтың мүшесі болдық. Жеке фирмалардың мемлекеттік дәрежеде шешілуі тиіс мәселелерге күйлері келмей жатыр. Жергілікті әкімдіктер, Үкімет адамдары жеке фирмаларды онша қолдай қоймайды. Өйткені туризмнің қыр-сырын олар түсіне бермейді. Қазақстанның өз ішіндегі туристік маршруттарды жасап, құнды жерлерді насихаттау керек. Мысалы, әуе компанияларының өкілдері ұшақта шетелден ұшып келетіндерге Қазақстан туралы ақпарат беріп, жеріміздің тарихи, табиғи байлықтары туралы деректерді шетелдік қонақтарға бірнеше тілде жеткізіп отырса, жақсы болар еді.
Еркін БЕЙСЕКЕ, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дың маркетинг және коммерция кафедрасының оқытушысы:
Жоқ
– Қазақстанда ең алдымен ішкі туризмді дамытуға басымдық беру керек. Өз еліміздің тұрғындарын этнотуризм аса қызықтырмайды. Өйткені бізге өз еліміздің тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтары жақсы таныс. Бізде патриоттық сезім аздау. Тарихи орындардың көпшілігі мемлекеттің меншігінде емес, жекеменшікке өткен. Жеке фирмалардың маркетингті жетілдіруге шамалары жетпейді. Сондықтан, меніңше, тарихи орындардың барлығы мемлекет меншігіне берілуі керек. Рас, этнотуризмге шетелдік туристер қызығушылық танытады. Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатқан уақытта және атом қаруынан бас тартқанымыз үшін әлемдік саясатта Елбасымыздың абыройы асқақтап тұр.
Сондықтан шетелдіктер біздің елді, жерді, әсіресе Семей полигоны болған жерді көруге ынтық болып отыр. Бірақ туристер Қазақстанға келгеннен кейін оларда біз туралы қандай пікір қалыптасады? Сондықтан еліміздегі туризм инфрақұрылымын дамытуды бірінші кезекке қойған жөн. Отандық туризм су туризмі, тау туризмі, жаяу туризм, мәдени туризм, экологиялық туризм деп бірнеше салаға бөлінеді. Міне, осы туризм түрлерінің барлығын өз елімізде дамытуға болады. Біздің бір Алматы облысының өзін алып қарасақ, Шарын шатқалы, Таңбалы тас, Медеу, Алма-Арасан, Шымбұлақ секілді табиғи орындар жетерлік. Бірақ мұнда туристерді тартуға инфрақұрылым өте нашар. Бұл жерлерге адамдар барамын дегенше шаршап-шалдығып болады. Мысалы, өзіміздің Қазақстанның тұрғындары да, шетелден келген туристер де Алакөлге барғысы келеді. Ол жақтың жолы, туристерге қызмет көрсету деңгейі өте нашар. Міне, осындай мәселелерді шешіп алғаннан кейін ғана этнотуризмді қолға алуға болады. Туризм саласына байланысты мемлекеттің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы бар. Бірақ бұл бағдарлама тек қағаз жүзінде ғана, әлі іс жүзінде атқарылған жоқ. Мысалы, оңтүстік-шығыс Азияда инфрақұрылым өте жақсы дамыған. Онда қонақтарды күтіп алғаннан шығарып салғанға дейін өте жоғары дәрежеде қызмет көрсетіледі. Жалпы, қазіргі кезде кез келген туристің бөтен елге барғанда бірінші назар аударатыны – өзіне жасалатын жағдай, қауіпсіздік, қолайлылық. Осындай жағдай жасалғанда ғана турист сол елдің табиғи, тарихи құндылықтарына қызығушылық танытады. Біздің елімізде әуе компаниялары мен қонақүйлер жүйесі, виза беруші мекемелер, мейрамханалар, туристік фирмалар бір-бірімен байланыста жұмыс істемейді. Мысалы, Түркиядағы Анталия, Бодрум секілді туристік орындарды алып қарайық, онда туристерге қызмет көрсететін барлық сала жүйелі түрде және бір-бірімен бірлікте жұмыс істейді. Ол жақта тіпті жастар бөлек, егде жастағылар бөлек демалатындай жағдай жасалған. Мемлекет елімізге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Сонда ғана олар Қазақстанға алаңсыз келеді.
Бейтарап пікір
Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ, тарих ғылымының докторы, түрколог:
– Мысалы, Жапонияның Киота деген қаласы дүниежүзі бойынша ірі туристік қала болып саналады. Онда жапонның бұрынғы ордалары, монастырьлері сақталған. Сол сияқты Қытайда Сянь деген туристік көне қала бар. Мұнда Қытай патшалығының тоғыз ордасы болған, қала маңында көптеген тарихи орындар бар. Шығыстың осы екі қаласы секілді жерлер Қазақстанда да жетеді. Көне Шығыс жазбаларында қазақ жеріндегі Сығанақ, Созақ, Сайрам қалалары туралы көптеген деректер келтірілген. Сондай-ақ Сарқант маңында кезінде қарлұқтардың астанасы болған, бүгінде орны ғана қалған Қаялық деген қала туралы деректер көп. Ал бұл қала туралы Қазақстанда көп ешкім біле бермейді. Тізбелей берсек, тарихи орындар жетерлік. Біз осы барымызды бағалай алмай, игере алмай отырмыз. Орта Азия елдерінің ішінде Өзбекстанда туризм біршама жақсы дамыған. Алысқа бармай-ақ, осы өзбек ағайындарымыздан көп нәрсе үйренуге болады. Қазақстандағы көне қалалар туралы туристерге арналған альбомдар жасап, оған бірнеше тілде деректер жазсақ, насихаттай білсек, дұрыс болар еді. Біздегі тарихи орындардың көпшілігі оңтүстік өңірде болғандықтан, еліміздегі туризмді де оңтүстіктен солтүстікке қарай біртіндеп дамыту керек.