Еңбек заңына зейнет жасына тақаған қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тыйым салатын бап енгізу керек пе?
Елімізде әйелдердің зейнет жасының ұзартылуы сөз болған кезде мамандар тарапынан «Еңбек заңына 50 жастан асқан қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тыйым салатын бап енгізу керек» деген ұсыныс айтылды. Шын мәнінде бұл ұсыныс зейнеткерлік жасы ұзартылмай-ақ өз маңызын жоймайтын ұсыныс екені анық. Өйткені елімізде жасы 50-ден асқан, ауыр жұмысқа да жарамайтын, зейнет жасына жетер күнді асыға күтіп отырғандар жетерлік. Еңбек заңына мұндай өзгеріс енгізу қызметкерлердің құқын қаншалықты қорғамақ?! Алайда «жұмысқа қабылдау қызметкердің жасына емес, біліктілігіне байланысты, сондықтан заң қабылдаудың қажеті жоқ» деушілер де бар. Тақырыпқа қатысты мамандардың пікірін сұрастырып көрген едік.
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:
иә
– Бүгінде зейнет жасына тақаған, 50 жастан асқан қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тыйым салатын бапты Еңбек заңына енгізудің қажеттілігі артып тұр. Өйткені елімізде жасы егде тартқан кезеңде жұмыссыз қалып, өзін қоғамға керексіз сезініп, тіпті ішкілікке салынып кеткендер бар. Әрине, орта жолда екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз қалу оңай емес. Сондықтан Еңбек заңына зейнет жасына тақаған қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тыйым салатын бап енгізу арқылы біз белгілі бір дәрежеде егде жастағы қызметкерлердің құқығын қорғаған болар едік. Осы орайда мен бұл ұсынысты қолдар едім.
Айта кетер жайт, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаппай жекешелендіру кезеңінде ауылдық жерде көптеген азаматтар жұмыссыз қалды. Олардың сол кездегі халі өте қиын еді. Тек кейбіреулері ғана пайға алған, яғни колхоз, совхоз тараған кезеңде үлесіне алған техникасын пайдаланып, малын бағып, істің көзін табуға, өз бетінше күн кешуге қам-қарекет етсе, көбісі орта жолда өзін далада қалғандай сезінді. Ауыл тұрғындары әйтеуір малмен айналысып күнін көрер, ал жүрген-тұрғанының өзі ақша тұратын қаладағы ағайынның жағдайын елестету қиын. Сондықтан біз азаматтарымыздың ертеңгі күнін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі күні жұмыс берушілер де жұмысқа көбінесе қуат-күші тасып тұрған, жігерлі жастарды алуға тырысады. Мұндай жағдайда егде жастағылардың ертеңгі күнін Еңбек заңы арқылы пысықтап қоймасақ, қоғамда келіспеушіліктер орын алуы әбден мүмкін. Дегенмен айта кетер жайт, заңға арқа сүйеп, қызметкерлер «бәрібір мені жұмыстан шығара алмайды» деп, ойына келгенін істемеуін де ойластыру керек. Қызметкерлердің қандай да бір теріс қылықтары жазалануы, керек кезінде тіпті қызметтен де қуылуы Еңбек заңында анық көрсетілуі керек.
Сондай-ақ адамдарды ұлтына қарап бөлмеу, тіпті сол үшін жұмыс берушіні қатаң жазалау да Еңбек заңында бүгінгі күні көрсетілуі тиіс маңызды нәрсе болып отыр. Өйткені Солтүстік облыстарда жұмыс берушінің «мүмкіндігінше орыс ұлтының азаматы болсын» деген хабарландыру ілуі бүгінде қоғамды дүр сілкіндіріп отыр. Расында да, бұл – өте сорақы жағдай. Біз «Солтүстік облыстарға оралмандарды орналастыру керек» деп аттандаймыз, ал ол жақта орыс тілін білмейтін ортаның құқы бұзылып жатқанына, оралмандардың тіл білмегені үшін жұмысқа орналаса алмай жүргеніне мән бермейміз. Сондықтан Еңбек заңында осы бір нәрселер де ашық көрсетілсе дұрыс болар еді. Жалпы, негізгі тақырыпқа келер болсақ, зейнет жасына тақаған қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тыйым салатын баптың Еңбек заңына енгізілуі олардың жұмыста қалуына кепілдік дүниедей болар еді деп ойлаймын.
Нұрболат АЙЕКЕШЕВ, әлеуметтанушы:
жоқ
– Негізі, бұл ұсыныс еліміздегі әйелдердің зейнеткерлік жасын ұзарту мәселесі талқыланған кезде базбір мамандар тарапынан айтылды. Өйткені олар «қазіргі кезде көптеген кәсіпорындар жекеменшіктің еншісінде. Ал жекеменшік компаниялар егде жастағы адамдарды қызметкер ретінде жұмысқа алғысы келмейді. Ал алған күннің өзінде егер мекеменің ішкі жағдайына байланысты қызметкерлерді жұмыстан қысқарту қажет болған жағдайда алдымен зейнет жасына жақындаған адамдар «қара тізімге» ілінеді» дегенді алға тартып отыр.
Алайда кез келген мәселеге орай заңға өзгерістер енгізе берудің қажеті жоқ.
Осы орайда, менің ойымша, дәл қазір Еңбек заңына зейнет жасына тақаған қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тыйым салатын бап енгізудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Азаматтардың еңбек ету құқығы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде айқындалған. Аталмыш заң бойынша кез келген жұмыс беруші еңбек заңдылықтарын сақтауға міндеттелген. Кодекске орай, қызметкер еңбек шартында көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда ғана жұмыстан босатылады. Егер де жұмыс беруші ешқандай себепсіз қарамағындағы қызметкерді жұмыстан босатар болса, онда қызметкер еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы. Олар Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкердің құқығын қорғайды. Менің ойымша, егер де қызметкер білікті маман болатын болса, онда жұмыс беруші оның жас ерекшелігіне қарамайды. Бұл – нарық заманының талабы. Бүгінгі таңда 60-ты алқымдаған талай азаматтың бас маман ретінде сұранысқа ие болып жүргенін білеміз. Жалпы, бүгінгі күні біздің қоғамымызда «тәжірибесі жоқ жас маманды жұмысқа алмайды немесе жасы 50 жастан асқандарды жұмысқа алмайды» деген пікір қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Кей жағдайларда елімізде ЖОО-да оқып жүрген студенттерді ірі компаниялар оқу бітірмей жатып жұмысқа қабылдап алып жүр. Өйткені олар еңбек тәжірибесінен өту барысында өздерінің біліктілігін дәлелдеген. Содан кейін сондай білікті маманнан айырылып қалмау үшін компания оқуын бітірмей жатып, ол студентті өздеріне жұмысқа тартуды көздейді. Демек, білікті маман болса, қызметкер қандай жаста да жұмыссыз қалмайды, қысқартуға да ұшырамайды. Сондай-ақ бұл мәселенің екінші жағы да бар. Егер де Еңбек кодексіне осындай өзгеріс енгізетін болсақ, ертеңгі күні жұмыс берушілер осы баптан қорқып, зейнет жасына тақағандарды жұмысқа алмай қоюы да әбден мүмкін ғой. Жалпы, тағы да айтам, біз адамдардың жасына қарап қызметке алады немесе жұмыстан қысқартады деген ойдан арылуымыз керек. Мәселен, кейбір салаларда жастардан гөрі, тәжірибелі үлкендер маңыздырақ. Осы орайда Еңбек заңына жоғарыдағыдай өзгеріс енгізудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
– Бізде заң болғанымен, кейбір жағдайда ол іс жүзінде орындалмайды. Мәселен, мемлекеттік мекемелерден гөрі, жекелеген компанияның басшылары қызметкерлерімен бір жылдық келісімшартпен жұмыс істейді. Сол келісімшарт мерзімі біткен уақытта ешқандай еңбек заңынсыз өз қалағандарын жасайды. Жалпы, қазір Еңбек заңына бағынып жатқан жұмыс беруші сирек. Мәселен, қазір жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек келісімшарты жасала бермейді. Осыған орай, айлығын ала алмай, қандай да бір еңбек қауіпсіздігі ережесін сақтамау салдарынан оқыс жағдайға ұрынып қалса, өтемақы өндіре алмай жүргендер жетерлік. Тіпті Еңбек заңының бұзылуына қатысты талай істер сотқа дейін жетіп жатыр. Сонда қызметкердің құқына қатысты дүниелерді Еңбек заңына енгізгеннен не пайда?! Сондықтан алдымен Еңбек заңының өз күшінде орындалуын қамтамасыз етіп алуымыз керек секілді.