Еңбек адамының құқығы толыққанды қорғалуы үшін кәсіподақ ұйымдарының орталық кеңесі тәрізді құзырлы орган құру қажет пе?
Бізде еңбек қатынастары төңірегінде әлі де түйткілдер бар. Жұмысшы мен жұмыс беруші, жалдаушы мен жалдамашының арасындағы түсінбестік, кикілжің қоғамда ара-тұра болса да бой көрсетіп тұрады. Жұмысшылардың үш-төрт айлап жалақы ала алмай жүретін кездері де кезігуде. Енді мұны ретке келтіру үшін не істеу керек? Оның үстіне, қазір кәсіпорынның ішінен құрылған кәсіподақтар кәсіпорын басшысына тәуелді болып қалды. Олар еңбек адамдарының құқын қорғай алмай отыр. Ал еліміздің кәсіподақтар федерациясының құзыреті шектеулі. Осы ретте кейбір мамандар мұны жетілдіру үшін бұрынғы кеңес үкіметі кезіндегідей, кәсіподақ ұйымдарының орталық кеңесі секілді құзырлы орган құру қажеттігін айтуда. Шынында да, бізге осындай орган керек пе? Алайда бұған қарсы пікір айтушылар да табылды.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:
иә
– Қазір бізде Қазақстан кәсіптік одақтар федерациясы құрылған. Бірақ ол ештеме шеше алмайды, еңбек адамының құқын қорғай алмай отыр. Егер кәсіподақ федерациясы еңбек адамының құқын қорғай алмаса, жәрдемақы алып бере алмаса, жұмысшысы ауырып қалған жағдайда санаторийлерге жібере алмаса, онда ол несіне кәсіподақ федерациясы болып отыр? Сондықтан халықтың қамын ойлай алмайтын мұндай федерацияны таратып, тікелей Президентке немесе Үкіметке бағынатындай құзырлы орган құруымыз қажет. Олар ешқандай кәсіпорынға тәуелді болмай, тек Елбасының тапсырмасымен өзінше дамуы тиіс.
Түрлі бастауыш кәсіподақтармен бірігіп жұмыс жасауы керек.
Бір сөзбен айтқанда, еңбек адамының құқы тапталмауы үшін бізде кәсіподаққа қатысты Елбасының жанынан құзырлы орган құрылуы керек. Әйтпесе, қазір кәсіподақтар кәсіпорын басшысына тәуелді болып қалды. Мұны шешу үшін ең бірінші кәсіподақ ұйымдарының орталығын құрып, кәсіпорындар қаражатты алдымен орталыққа жіберіп, сол арқылы барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарына үлестірілуі қажет. Сонда кәсіпорын ішіндегі кәсіподақтар өндіріс басшысына тәуелді болмай, бір орталықтан қаржыландырылғаннан кейін, олар міндетті түрде еңбек адамының құқын қорғар еді, жұмыстары жүйеленер еді. Бұл ретте кәсіпорын басшылығына ай сайын орталыққа мұнша қаражат аударасың деп міндеттеуіміз қажет. Олар тек халықтан түскен жарнамен ғана емес, мемлекеттен де қосымша қаражат алуы тиіс. Онсыз болмайды. Ал бізде қазір қалай? Бүгінде Қазақстанда 17 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы бар екен. Соның басым көпшілігінің жетекшісі жалақыны кәсіпорыннан алады. Бұдан кейін кәсіподақ төрағасы кәсіпорын басшысына қалай тәуелді емес деп айта аласыз?
Елбасы осыған қатысты өткен кеңесте мемлекет алдында тұрған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда өзімен тікелей жұмыс істейтін бір адам болатынын айта келе, осы орайда Қырымбек Көшербаевты өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Көшербаев тәжірибесі бар, мықты идеолог. Ол алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдарына қатысты құзырлы орган құрып, облыстардағы жұмыстарды жүзеге асырып, өңірлерде қалыптасқан жағдайларды, еңбеккерлердің құқығының толыққанды қорғалуын қадағалап, жіті бақылау жасаса, дұрыс-ақ болар еді.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Бізде онсыз да еңбек адамының құқығын қорғайтын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы комитет бар. Аталмыш министрліктің өзі осы мәселемен айналысып отыр. Оның үстіне, бізде Қазақстан кәсіптік одақтар федерациясы құрылған. Енді оған тағы да кәсіподақ ұйымдарының құзырлы органын құрудың қажеті не? Қос-қостап құзырлы орган аша бергеннен гөрі, кеңес үкіметінен бері келе жатқан кәсіподақ ұйымдарына қатысты заңға өзгеріс-тер мен толықтырулар енгізгеніміз дұрыс деп есептеймін. Бұл ретте Елбасының айтқаны өте орынды, біз кәсіподақтар институтын жаңғыртуымыз керек. Қазақстан кәсіптік одақтар федерациясына заңдық тұрғыдан құзырет бергеніміз жөн.
Жұмысшылардың айлық-жалақысы уақытылы төленбесе, ауырып қалған жағдайда жәрдемақы берілмесе, жалпы еңбек шарты дұрыс орындалмаса, онда кәсіподақ кәсіпорын басшылығына қарсы іс-әрекет жасай алатындай мүмкіндік бергеніміз дұрыс. Егер Парламентке «Кәсіподақ туралы» заң келетін болса, біз оны жан-жақты талқылап, осыған қатысты барлық үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, бірлесіп, дұрыс шешім шығаруға тырысатын боламыз.
Сондай-ақ, қарапайым еңбекшілердің құқын толық қорғау үшін Еңбек кодексіне де өзгерістер енгізгеннің артықшылығы жоқ. Өйткені экономика дамыған сайын, бұл әлеуметтік жағдайды көтеруге де әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан бұл салада тікелей екі қозғаушы күш бар: бірі – Еңбек туралы кодекс болса, екіншісі – кәсіподақ ұйымдарының жұмысын заңдық тұрғыдан жетілдіру.Егер бізге бұларға қатысты заң келіп түсетін болса, оның дұрыс шешім табуына бар мүмкіндігімізді салатын боламыз. Бірақ тағы да қайталап айтамын, кәсіподақ ұйымдарына қатысты арнайы орган құрудың қажеті жоқ. Тек кәсіподақтардың белсенділігін арттыру жөнінде, оның жұмыстарын жүйелеуге қатысты, тіпті кәсіпорын басшылығына тәуелді болмай, еңбек адамдарының құқын қорғайтындай мүмкіндік беруіміз қажет.
Шетелдік тәжірибеге қарап отырсақ, оларда кәсіподақтар кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейді. Оған қатысты арнайы орган жоқ. Кейбіреулер кәсіподақтар кәсіпорын басшысына тәуелді болмас үшін арнайы құзырлы орган құрып, жарнадан түскен қаражатты солар арқылы үлестіріп отыру қажет дейді. Бізде онсыз да кәсіподақтарға жұмысшылардан мардымсыз жарна аударылады, егер кәсіподақ ұйымдарын орталықтандырсақ, жарна бірінші соларға түсетін болса, іс басында тұрған бастауыш кәсіподақтарға ақша аз түсіп, олардың жұмысын одан сайын төмендетіп алмаймыз ба? Сондықтан бірінші кәсіподақ пен кәсіпорындардың арасындағы байланысты жетілдіруіміз қажет. Тіпті заң арқылы бастауыш кәсіподақтарға құзырет беруіміз тиіс.
Бейтарап пікір
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
–Еңбек адамдарының құқы толық қорғалуы үшін заңымыз дұрыс орындалуы керек. Бізде заң жоқ емес, бар. Бірақ соның орындалуы көңіл көншітпейді. Заңның орындалуы дұрыс жүзеге аспай, мәселе шешілмейді. Бұл жерде біз кәсіподақтарға қатысты құзырлы орган құрайық-құрмайық, ең бастысы, соған қатысты заңды көпшілік орындауы тиіс. Қазір кез келген еңбек ұжымдарында формалды емес кәсіподақ белсенділері бар. Оларды ешкім сайлаған жоқ, алайда жұмысшылардың арасында олардың беделі жоғары тұрады. Неге сондай ұжымда беделі бар адамдармен келісімшартқа отырмасқа? Осы жағын да ескергеніміз дұрыс секілді.