Еліміздегі прокатқа шығатын отандық және шетелдік киноөнімдерді тіркеуден өткізу керек пе?
Кино – шығармашылық туынды, кино – саясат, кино – идеология... Қазіргі таңда әлемдік киноөндірістің қарыштағаны соншалық, қандай фильмді көру, көрмеу керектігін таңдау былай тұрсын, өз талғамыңнан жаңылысасың. Қазақ киносының саны мен сапасы өзгелерге бәсекелес бола алмай отырғандықтан болар, оларды таңдап көру туралы әңгіме қозғау әлі ерте. Өйткені елімізде 65 кинотеатр, 200 кинозал болса, ондағы көрсетілетін картиналардың 70 пайызын – голливудтық фильмдер, 20 пайызын ресейлік фильмдер құрайды. Өзімізге тиістісі – 3-4 пайыз ғана. Шетел бізге қай фильмін тықпаласа, соны көріп, мәз болып жүрміз. Одан қалса, өзіміздегі жекелеген студиялар түсірген сауатсыз фильмдер де әр жерден бір жылтыңдайды. Фильмдердің астарында нендей саясат жатыр, ұрпағымызды қандай фильмдермен тәрбиелеп жүрміз? Осы мәселеге де бас қатыратын уақыт жеткен сияқты. Прокаттан пайда тауып, рақатын көріп жүргендердің қамын ғана ескермей, ұлтымыздың мүддесі үшін елімізде прокатқа шығатын отандық және шетелдік киноөнімдерді тіркеуден өткізгеніміз дұрыс па?
Сатыбалды Нарымбетов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, кинорежиссер:
иә
– Қазақстандағы кинотеатрларда жүріп жатқан отандық және шетелдік фильмдерді, телеарналарымыздан көрсетілетін киноөнімдерді міндетті түрде тіркеуден өткізу керек. Естуімше, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанында осы прокатқа шығатын киноөнімдерді бақылаумен айналысатын бөлім бар. Бірақ олар дұрыс жұмыс істемей ме, әйтеуір, оған ешкім бағынбайтын секілді. Сондықтан біздің кинотеатрларымызда кез келген шетелдік фильм және еліміздегі жекелеген киностудияларда түсірілген түрлі фильмдер емін-еркін көрсетіле береді.
Нарықтық экономика заманы дедік те, прокатымыз тым ашық болып кетті. Мемлекетіміздің ішкі саясатына сай келмейтін дүниелер қаптады. Сондай-ақ отандық телеарналарымызда өзіміздің ұлттық танымымызға сай келмейтін Ресейдің көптеген бағдарламалары бірінен кейін бірі жүріп жатады. Осындай бағдарламалардың бізге керегі бар ма? Жоқ. Оны көретін адамдар бар болса, спутниктік телеарналардан-ақ көре берсін.
Кинотеатрларға баратын көрерменнің көбі – жастар. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын ұрпағымызды қандай кинолар тәрбиелеуде? Кино – үлкен идеологиялық қару ғой. Тәуелсіз елде отырып, жат елдің саясатының жаршысы болып отырған фильмдерге тосқауыл қоя алмауымыз дұрыс емес. Шетелдік фильмдерді прокаттаудан біздің елімізге ешқандай пайда түсіп отырған жоқ. Өйткені шетелдік фильмдерден табыс тек сол кинотеатрлар басшыларының қалтасына ғана түседі. Ал қазақ киноиндустриясының дамуына прокаттан еш пайда жоқ. Өйткені бізде әлі күнге «Кино туралы заң» қабылданбады. Тағы бір айта кетер мәселе, біздің жоғары жақта отырған кейбір белсенділеріміз фильмнің титрына мән бермейді. Титрда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» деп жазылсын, жазылмасын, әйтеуір қазақ киносының бәрін киностудияның туындысы деп қабылдайды. Сөйтіп, олар біздің бақшаға тас лақтырады. Мен талай рет осы мәселені баспасөз беттерінде, телеарналарда берген сұхбаттарымда айтып жүрмін. Кәсіби киностудия мен жекелеген киностудиялардағы киноөнімдерді шатастыруға болмайды. Сондықтан кез келген отандық фильм ең алдымен сценарийден бастап тіркеуден өтіп, содан кейін ғана фильм түсіруге рұқсат берілуі керек. Кино түсіріліп болған соң да дайын өнімнің прокатқа жіберілу, жіберілмеу мәселесі қарастырылғаны жөн. Фильмдердің идеясы мен астарынан бөлек, оның шығармашылық деңгейі де саралануы тиіс. Тіркеуден өту үшін белгілі бір шарттарға сай және сүзгіден өткені дұрыс. Меніңше, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы прокат мәселесімен айналысатын бөлімнің жұмысын жандандыру керек. Отандық және шетелдік фильмдерді тіркеуден өткізу үшін комиссия мүшелеріне білікті мамандар, кино саласын терең білетін адамдар тартылуы керек.
Рүстем Әбдіраш, кинорежиссер:
жоқ
– Киноөнімдерді тіркеуден өткізуді белгілі бір тұрғыда цензура деуге болады. Жалпы, өз басым шығармашылыққа қандай да бір шектеу қоюға қарсымын. Ал әр режиссердің туындысын белгілі бір шарттарға сай тіркеуге алу дегеніміз – суретшінің шабытын шектеу. Әсіресе біздің қазақ қандай да бір цензураны өз пайдасына қарай икемдеп, қолынан ештеңе келмейтіндер, өзгелерді көре алмайтындар ұпайын түгендеп жатады. Сондықтан біз өз киномызды қорғау үшін әлемдік киноиндустрияда қолдау тапқан, тәжірибеде қолданылған белгілі бір нормативтік заңдарды зерттеп, қарастыруымыз керек.
Айталық, Еуропаның көптеген елдерінде прокаттағы фильмдерге белгілі бір нормативті талаптар қойылады. Мысалы, «қандай киноны неше жастан неше жасқа дейінгі көрермен көре алады? деген секілді. Еуропа елдерінің ішінде Франция мемлекеті кинопрокат мәселесін дұрыс жолға қойған. Олар өздерінің кинотеатрларында көрсетілетін Америка фильмдеріне қосымша салық салады. Сөйтіп, шетелдік фильмдердің есебінен түскен қаржының мөлшерлі бір бөлігін өздерінің киноөндірісін дамытуға жұмсайды. Бізге де осы тәжірибені алып, кинотеатрларымызда отандық фильмдеріміздің билетін арзандатып, шетелдік фильмдердің билетін қымбаттау етуге болады. Өйткені киноөндірісі бізден әлдеқайда ілгері Ресейдің өзінде прокатта 90 пайыз Американың фильмдері жүреді. Сол секілді Қазақстанда да Америка киносының ықпалы зор. Сондықтан бұл мәселе Парламенттің деңгейінде заң жүзінде шешілуі тиіс.
Ал өз еліміздегі кино саласына оралар болсақ, меніңше, әр автордың құқығына қол сұғу дұрыс емес. Егер қандай да бір режиссердің түсірген фильмі тіркеуден өтсе де, халықтың көңілінен шықпай, көрермен жинай алмаса, онда мұның пайдасы не? Кинода жалаңаш адамды көрсетуге болмайды дейміз. Бірақ біз көркемсурет училищесінде 2-курста оқып жүргенде жалаңаш адамның суретін салатынбыз. Біз неге Алла тағаланың жаратылысын көрсетуден қорқуымыз керек? Меніңше, осындай дүниелерге цензура жасау – абсурд. Осыдан біраз уақыт бұрын режиссер Е.Тұрсыновтың «Келін» фильмін сонша қызылкеңірдек болып талқылап, бұрышқа тықтық. Бірақ, меніңше, осы фильмде масқаралайтындай ештеңе жоқ. Қайта мен «Келін» картинасын көргеннен кейін режиссер ретінде менің шығармашылығымда осындай шынайылық жетіспейнін байқадым. Жалпы, кино дегеніміздің өзі құлыптаулы тұрған біреудің өміріне кіру, оның жан дүниесін зерттеу, жаман-жақсы тұстарын түгел көрсету ғой. Кино – өмірдің шынайы көрінісі.
Бейтарап пікір
Еркін Рақышев, әуесқой режиссер:
– Еліміздегі отандық және шетелдік фильмдерді бір тәртіпке бағындырып, тіркеуден өткізудің қажеті жоқ. Бірақ, ең бастысы, прокатқа шыққан картиналардың біздің қоғамға зияны жоқ па, халықтың мүддесіне қаншалықты әсер етеді, осы тұрғыда фильмдерді сараптамадан өткізуге болады. Демократиялық сөз бостандығы бар елде өмір сүреді екенбіз деп, әркім өз ойына келгенін түсіре беруіне болмайды. Өйткені біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін фильмдер де прокатта жүруі мүмкін. Кейбір фильмдер көрерменді надандыққа, рухани құлдырауға әкеліп соғады. Мысалы, фильмде діни тақырып қозғалды делік. Мысалы, маған өзгенің діні ұнамайды, өзімдікі ғана жақсы. Сонда мен өзгенің дінін қаралайтын фильм түсірсем, мұның соңы елімізді қатерге әкеліп тіремей ме?