Еліміздегі балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне көшіретін кез жетті ме?
Таяуда Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров тілді дамыту үшін балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне көшіру қажеттігін ұсынды. Тіпті ол журналистерге берген сұхбатында: «Балабақшадан бастап, барлық білім ошақтарының санын көбейтіп, олардың бәрін 100 пайыз қазақ тіліне көшіру қажет. Осылайша білім беру тәсілін өзгерткеніміз дұрыс» деген еді. Шынында да, еліміздегі балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне көшіретін кез жетті ме?
Бұл ретте мамандар пікірі екіге айырылды.
Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
Иә
– Балабақшалардың барлығын қазақ тіліне көшіретін уақыт әлдеқашан жеткен. Тәуелсіздік қалай басталды, солай, ең алғашқы қолға алынатын істердің бірі осы болуы тиіс еді. Мен сізге айтайын, кеңес заманында Алматыда «Ер Төстік» деген жалғыз қазақ балабақшасы ашылған болатын. Сонда оның қазақ тілінде ашылғандығына көбісі қарсы шыққан. Өкініштісі сол – қарсы болғандардың дені өзіміздің қазақтілділер еді. Сол балабақша кеңес кезінде ашылғанымен, жап-жақсы дамыды, ондағы тәрбиеленген балалар ешкімнен кем қалған жоқ. Жаңа туған сәбиге, әлі оң-солын танымайтын балаға үш тілді үйрету – олардың миын атала қылу деген сөз. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда нәтиже шығар емес. Тағы да қайталап айтамын: 13 жасқа дейін бала өз ана тілінде тәрбиеленуі керек.
Былайша айтқанда, ананың тілі мен ананың сүті – егіз ұғым. Ана тілінің сүтін қанып ішкен баланың дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі жоғары қалыптасады. Ал өз туған тілінің сүтінен толықтай нәр ала алмаған бала қанша дарынды болса да, ұлттық діңі босаңдау болып, уызына жарымаған болып есептелінеді. Сондықтан балабақшаларымызды 100 пайыз қазақ тіліне көшіру деген сөз келешек ұрпағымызды уызына қандыру дегенді білдіреді. Бала 12 жастан кейін-ақ, уызына әбден қанған соң, мектептерде басқа тілдерді меңгеріп үлгере алады. Бірақ бес-алты, тіпті 100 тіл білсе де, өз ана тілін білмесе – оның барлығы бекер. Сондықтан келешек ұрпағымыздың ең алдымен іргетасын берік қалап алуымыз қажет. Елбасымыздың өзі биылғы «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз!» деген Жолдауында: «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға, ал 2020 жылы 95 пайызға жеткізуіміз керек», — деді. Тіпті «он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығуы тиіс» деп тапсырма берді. Халықтың 95 пайызы қазақ тілін толық меңгеруі үшін ең бірінші оны балабақшадан бастауымыз қажет. Сонда мектеп бітірушілер де қазақ тілін біліп шығатын болады.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
Жоқ
– Мен үш тұғырлы тілді қолдаймын. Мәселен, менің туыстарымның балалары үш тілді жатқа біледі. Үйінде – қазақша, далада орысша сөйлеседі, ал компьютер алдында отырғанда өзінің 4-5 жасар достарымен ағылшынша пікір алмасады. Бұл жаман ба? Ал олар 13-15 жастан асқаннан кейін басқа тілдерді меңгеруі қиынға соғады. Біздің кейбір зиялыларымыз «баланың тілі қазақша шықпай қалады, ұлттық менталитеті төмендеп кетеді» деп аттандап жатады. Оның барлығы – әншейін әңгіме. Жас өскіндерімізді балабақшадан бастап үш тілділікке үйретуіміз керек. Әйтпесе бірыңғай бір тілге көше салу оңай. Қазақтілді мамандарымыз да жеткілікті. Оларды балабақшаға жұмысқа шақырсақ, балалар қазақ тілін оп-оңай алып кетеді. Бірақ балалар кішкентай кезінде барлық нәрсені тез меңгеріп кететіндігін ескеруіміз қажет. Осыны дұрыс пайдалана білуге тиіспіз.
Кезінде бір ғұлама «Балаға үш жасқа дейін жақсы тәрбие беру керек» деп айтқан екен. Осының мәнісіне ұғынып қарасаңыз, адам баласы өз өмірінде 70 пайыз ақпаратты үш жасқа дейін алады екен. Ал қалған 30 пайызын білім ошағы, жоғары оқу орны, өмір мектебінен үйренеді. Міне, мәселе қайда жатыр? Осыны неге біз пайдаланбаймыз? Құдайға шүкір, қазақ тілі дамып жатыр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ оны ұрандатып, ұпай жинаудың амалы ретінде пайдаланудың керегі жоқ. Тіл мәселесін көтере бергеннен ештеңе шықпайды. Неге біз елімізді жайлаған жемқорлықты, жұмыссыздық мәселесін көтермейміз? Неге өрімдей жас қыздарымыздың жезөкшелікке салынып, Саин көшесін жағалағанын айтпаймыз? Ал оны жетер жеріне жеткізіп айтсақ, сол қыздарды «крышевать» ететін бандиттер сабап кетуі мүмкін. Үлкен бір компанияның жемқорлығын ашып көтерсек те, оның басшысы бір күні жоқ қылып жіберуі ғажап емес. Сосын айналып келіп тілді талғажау етеміз. Бұл жерде балабақшалардың барлығын 100 пайыз қазақ тіліне көшірудің керегі жоқ. Біздің балаларымыз үш тұғырлы тілді үйреніп, бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс. Қазір қарап тұрсаңыз, еврейлер АҚШ-та да, Жапонияда да, Қытайда да – барлық елдерді аралап жүреді. Бірақ олар түбі еврей екендігін ұмытпайды. Себебі олар бәсекелестікке қабілетті, көп тілді меңгергендігінен сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал біздің балаларымыздың кейбірі ғана шетелде жұмыс істейді. Көбі тіл білмегендіктен онда бара алмайды. Сондықтан үш тұғырлы тіл біздің елімізге аса қажет. Жастарымыз көп тілді жетік меңгерсе, онда олар болашақта әлемдік мәдениетті, өркениеттілікті тез қабылдайтын болады. Шетелде қандай жақсы жаңалық шықса, оның орыс тілінде аударылғанын күтпей-ақ, қазақшаланғанын тоспай-ақ, бірден қағып алады. «Мен қазақпын, ана тілінен басқа ешқандай тілді білмеймін және білгім де келмейді» деп отыра берсек, біз бәсекелестікке қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан жастарымыздың үш тілді қатар меңгеруі – уақыт талабы.
Түйін
Міне, қос маманның балабақшаларды толықтай қазақтілді етуге деген көзқарасы – осындай. Енді мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ажыратуды патша көңілді оқырмандардың өз еншісіне қалдырдық. Дегенмен осыдан шамалы уақыт қана бұрын «Мемлекеттік тіл туралы заң» жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілер алдында ресейлік және отандық кейбір орыстілді басылымдар өре түрегеліп, қазақ тілінің кең етек жаюына қарсылық білдірген еді. Мүмкін, ана тілін дамытуды балабақшадан бастасақ, уақыт өте келе қазақ тілі үстемдік құрып, мемлекеттік тілге қарсы шығушылар саны азаяр ма еді? Енді бұл – уақыт еншісіндегі мәселе...