Елімізде тыйым салынған діни-экстремистік ұйымдардың тізімін қайта қарау керек пе?
«Ауруын жасырған өледі». Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал біздің қоғамның «қатерлі ісігі» діни ахуал болып тұр. Әуелі білдірмей басталатын осы бір дертке тән әдеті, соңы... ушыққаны соншалық, бір отбасы бір дастарқан басында арқа-жарқа әңгімелесіп, ас іше алмайтын жағдайға дейін асқынды. Себеп – діни көзқарастың әртүрлілігі. Шынайы дінді ұстанғандарға күйе жағудан аулақпыз, шынайы діннің өзі-ақ ізгілікке үндеп, адамдарды біріктірмесе, алауыздық туғызып, араға от жақпасы – айдан-анық. Бұл жерде әңгіме діннің тонын жамылған экстремистік топтар жайлы. Бір кездері елімізде олардың бірқатарының тізімі анықталып, сол бойынша шаралар қолданылса, содан бері қарап тұрсақ, жаңа бір топтар қосылып, лаңкестік әрекеттің жаңа «ойындарын» көрсетіп жатқандай. Сондықтан бәлкім, ендігіде бізге сол баяғы тізімді қайта қарау керек шығар, әлде... Осыны таразылап көрелік.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы
Иә
– Еліміздегі барлық діни ұйымдар мен бірлестіктер қайта тіркеуден өтуі керек, сол кезде олардың арасынан қауіпті деп табылатын ағымдарды тіркеуден өткізбей тастап, әрі тыйым салынған діни-экстремистік топтарға жатқызу керек. Енді қабылданатын заңда осы көзделіп отыр. Себебі қанша жерден демократия болса да, біздің діни наным-сенімімізге сызат түсіретін дүниелерге біз бой алдырмауымыз керек. Ұлттық салт-дәстүріміз сақталуы керек. Осы уақытқа дейін еркінсіп, тіпті көшелерде ашықтан-ашық діни кітаптарын таратып, адамдарды өз жиналыстарына шақырушы топтар дандайсып бітті.
Өйткені олардың артында алпауыт қаржылық топтар тұр. Қазақта бар ғой «Айдалада – батпан құйрық, ол не қылған жатқан құйрық?» деген. Халқымызды осы уақытқа дейін «ағылшын тілін үйретемін», «компьютер үйретемін» деп алдап, шындығында, әлдебір идеяны насихаттаумен айналысқан миссионерлер әлі де бар. Ал дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі үнемі «Бір ұлт, бір дін, бір мәзһаб» дегенді алға тартып жүреді. Осы уақытқа дейін Орта Азия халықтары түгел Ханафи мәзһабын мойындап, сол бойынша жүргендіктен, ешқандай діни алауыздық туған емес еді. Уақыт өте келе исламның атын жамылып, адамзатқа қарсы түрлі әрекеттерге баратын ағымдар пайда болды. Қоғамда соларға байланысты жағдай ушығып кеткендіктен, осыдан 4-5 жыл бұрын Астана қалалық сот шешімімен 11 ағымға қатаң тыйым салынған-ды. Барлығы болмаса да бірқатарын атап өтсек, сол тыйым салынған ағымдардың ішінде тәкбіршілер, Хизб-ут-Тахрир, фархадшылар, сондай-ақ «аққулар мен сұңқарлар» бар болатын. Естеріңізде болар, Алматы облысы Ұйғыр ауданынан шыққан Фархад есімді біреу өзін-өзі Құдай деп жариялаған еді. Осы қатарда сондай-ақ зікіршілер, Йегова куәгерлері секілділер де сол тізімде болды. Бірақ осымен қатар сол тұста бар болғанымен, тыйым салынбай қалған, біздің Ханафи мәзһабына қарсы шығушы радикалды ағымдар болды. Мысалы, өздерін саляф деп санайтындар, былайғы халық уахабистер деп атайтын ағым бүгінде қоғамға өте үлкен қауіп төндірушілерге айналды. Олар ұлтымыздың салт-дәстүрін мойындамайды, жалпы, ұлтты мойындамайды. Ел ішінде осы ұлттық мәселелерді жоққа шығарып, іріткі тудырып жатқанын өздеріңіз көріп те жүрсіздер.
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор
Жоқ
– Тыйым салынған діни-экстремистік ұйымдар тізімін қайта қараудан меніңше, түк өнбейді. Ол – аурудың өзін емдемей, жай белгілерінің бетін қайтарғанымен бірдей нәрсе. Ал біздегі ахуал тым күрделі, дін әбден саясиланып кеткен. Әрбір топтың артында лауазымды тұлғалар, шенеуніктер, құзырлы орындардың білдей басшылары отыр. Бұл вертикальды деңгейде болса, горизонтальды деңгейде осы дін ісімен айналысуға тиіс органдардың өздері де осы діни топтармен шатасып тынған. Сондықтан егер біз шындап жағдайды түзеткіміз келсе, үстірт шалу, бергі бетін қалқып алғандай іс-әрекеттермен шектелмеуіміз керек.
Жалпы, біздің елімізде дінге, діни ұйымдар мен дін феноменіне қатысты тенденциялардың барлығын түбірімен қайта қарау керек. Өйткені осы 20 жылдық Тәуелсіздігіміздің барысында біз діни бірлестіктер, діни ұйымдар мен ағымдарды тіркеумен, елімізде қандай ұйымдар бар соны зерттеумен, танумен, талдаумен ғана айналыстық. Ал олардан келіп-кетер пайда-зиян, қауіп-қатер жайын біз әлі күнге мемлекеттік деңгейде қарастырған жоқпыз. Егер біз, шындығында, өзіміздің республикалық негіздегі мемлекеттігімізді құрып жатқан ел болсақ, біз мұны сол кезде қолға алуымыз керек еді. Біз тіпті кеш қалдық. Алайда игіліктің ерте-кеші жоқ. Сондықтан әлі де дін феноменін қайта қарауға мүмкіндік бар. Не үшін? Себебі қазір дініміз ислам дегеннің өзінде, исламның атын жамылған бірнеше топтар пайда болды. Бұл – өте қауіпті жағдай. Неге десеңіз, мәселен, ғылыми танымда сонау Африкада бір азамат жаңалық ашса, Түркістанда отырған мына мен соның жаңалығын әрі қарай жалғастырып кетуіме болады. Ал діни танымда олай емес, керісінше, онда шағын топтар пайда болды ма, олар бірін-бірі мойындамайды. Қақтығыс, міне, осыдан шығады. Себебі әр топтың ұстазынан бөлек, артында оларды қолдайтын саяси-элиталық топтар отырады. Жалпы, экстремистік әрекеттер дәстүрлі, негізгі шынайы дінге жат, алайда бір қауіпті идеяның иелері уыздай жастардың санасын әртүрлі нәрселермен улап, оларды білімсіз тобырға айналдырып жатыр. Міне, сондай тобыр бомба жарып немесе Шешенстанға барып соғысып жатыр. Мұның бәрін біздің құзырлы орындар білмейді емес, біледі, бірақ қалай жүйелі түрде жұмыс істеуді білмей ме, әйтеуір, осы уақытқа дейін шешімін таппай отыр. Мысалы, жақында мен облыстық деңгейдегі жиналыста болдым, сонда, айталық, «уахабизм деген – мынау, уахабистер – мыналар, оған кіргендердің соңы – мынадай» деп, ауызға салып бергеннен шешім қабылдай алмай отыр. Тыйым деген сөз шықпайды ауыздарынан.
Түйін
Қандай да бір шиеленісті тудыратындар – қашанда сауатсыздық пен білімсіздік. Ділі мықты, дәті мықты ұрпақтың діні де берік болары сөзсіз. Көкірек көзі ояу адам өзгенің сөзіне еріп, құлақпен естігеніне сеніп, айтқанға көніп, айдағанға жүрмес еді. Қауіп-қатер сол қазақ «қуыс кеуде» деп түңілетіндерден шығып жатқаны сөзсіз. Әйтпесе Конституциямызда «дініміз – ислам, кітабымыз – Құран» деп анық көрсетілді емес пе?