Экологиялық салық пен айыппұлды түгелдей жергілікті бюджеттің құзырына берген дұрыс бола ма?
Жуырда қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов «жергілікті деңгейде өндірістік кәсіпорындардан жиналған экологиялық төлемдер сол өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге жұмсалуы тиіс» дегенді айтты. «Біздің министрлік Парламентпен бірлесіп, барлық жиналған қаржыны (100 миллиардқа жуық теңге) әкімдер өз облыстарындағы экологиялық проблемаларды шешуге бағыттау қажет деген мәселені көтерді. Себебі олар басқа мақсаттарға жұмсалып жүр», – деді ол. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ластанған ортаны қайта сауықтыруға бағытталатын экологиялық төлемдердің үлесі мардымсыз не болмаса басқа салаларға кетіп жатыр. Мысалы, 2009 жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына бағытталған ең төменгі қаржыландыру Батыс Қазақстан облысында - 1,5, Павлодарда – 4,8, Қарағандыда – 5,1, Ақтөбеде – 7,8 және Солтүстік Қазақстан облысында 7,8 пайыз көлемінде тіркелді. Ал республикалық «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов «қазір әртүрлі экологиялық төлемдер бойынша 66 миллиард теңге жиналып отыр. Соның бәрі қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. 4-5 пайызы ғана экологияға кетеді де, қалғандарын жергілікті жерде әкімдер керек бағыттарына жұмсап жібереді» деген пікірде. Сөйтіп, экологиялық салық пен айыппұлды түгелдей жергілікті бюджеттің құзырына берген дұрыс па?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:
ИӘ
– Қарап отырсақ, еліміздің әртүрлі аймақтарында экологиясы бұзылған жерлер өте көп. Қайда болса да экологиялық мәселелер жетерлік. Әсіресе ірі өндіріс орындары шоғырланған, содан кейін мұнай, газ, уран тағы сол сияқты айналаға зиянды әсерін тигізбей қоймайтын кеніштері бар облыстарды айтуымыз керек. Міне, осындай аймақтарда жұмысын жүргізіп келе жатқан кәсіпорындардан алынатын айыппұлды сол жердің өзіне қалдырған дұрыс деп ойлаймын. Бұл – бір. Оған қоса, сол жердің табиғатын қорғауға, қалпына келтіру шараларына мемлекеттік бюджеттен де қосымша қаржы бөлінгені жөн.
Себебі өнеркәсіп орындары төлейтін айыппұл көлемі жетпеуі мүмкін. Үшіншіден, қоршаған ортаға залалын тигізіп, экологияны бүлдіретін компаниялармен арадағы келісімшарттарды қайта қарау керек. Өйткені бізде бұрындары тек өндірісті арттыруға күш салып, ал табиғатты сақтау мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлінбей келді. Шыны керек, ауаның, судың, топырақтың ластануы халықтың денсаулығына қалай әсер ететіндігі назардан тыс қалды.
Енді соны қолға алатын уақыт жетті. Бұл орайда, ең алдымен, жергілікті жерлерде өз жұмысын жүргізіп отырған кәсіпорындарға, әсіресе шетелдік алпауыттарға салынатын айыппұл көлемін көбейткен дұрыс деп ойлаймын. Өйткені ауыл шаруашылығымен айналысатын жерлер бар, үлкен өндіріс ошақтары орналасқан жерлер бар. Екеуінің айырмашылығы – жер мен көктей. Міне, осы тұрғыдан келгенде, оларға салынатын салық мөлшері де әртүрлі болуы керек.
Тоқетерін айтқанда, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің барлық облыстардағы жағдайды қалтқысыз қадағалауы мүмкін емес. Себебі министрлікте көп болса 100 адам жұмыс істейтін шығар. Сондықтан экологиялық төлемдерді жергілікті әкімшіліктердің құзырына тапсырған дұрыс. Тек түскен қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін оларды үнемі тексеріп отыру керек.
Меңлібай МЫРЗАХМЕТОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Жалпы, экологиялық салық, айыппұл не үшін салынады десек, ол төлемдер сол жердің табиғатын қалпына келтіруге, қоршаған ортаны сақтауға жұмсалуы керек. Сондықтан бұл арада қаржының бәрін жергілікті әкімшіліктің қолына өткізіп қою деген шешім болмауға тиіс. Жергілікті әкімшіліктердің бюджетінде бұл мәселе қарастырылған, яғни арнайы ақша бөлініп отырады. Сондықтан экологиялық төлемдердің 20-30 пайызын ғана бюджетке жіберіп, қалған бөлігін сол жердегі табиғатты қорғау және қалпына келтіру шараларына жұмсаған дұрыс.
Өйткені экологияны сақтау бүгінгі күні аса маңызды мәселеге айналып отыр.
Табиғатты қорғау болашақ үшін қажет. Елбасы Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалануда ашық саясат қалыптастыру тәрізді сындарлы ұсыныстар айтылып келеді. Бұл, ең бірінші, Табиғат-Ананың қадіріне жетуде бәсекеге барынша қабілетті болуды талап етеді. Демек, біз табиғи байлықты тиімді пайдалана отырып, орнын ойсыратып алмай, экологиялық ахуалды құлдыратып жібермей, қалыпты дамытуды сақтауға мүдделіміз. Мұндай игілікті іс – бүкіл халықтық іс десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан әлгіндей экологиялық салық пен айыппұл табиғатты қорғауға алынған соң, сол табиғаттың өзіне жұмсалуы қажет.
Бұл арада қаржыны мақсатты жұмсау жағына көңіл бөлген жөн. Қаржыны мақсатты жұмсау дегеніміз – түскен қаржы қайда, не үшін, қалай жұмсалды деген сияқты мәселелерді қарастырады. Мәселен, өндірістің салдарынан топырақтың биологиялық өнімділігі жоғалады, соны қалпына келтіруге қанша қаржы бөлінеді. Одан кейін судың ластану жағдайлары көп кездеседі. Онда суды тазалауға қаржы бөлінеді. Сол сияқты өзге де әртүрлі жұмыстарға жұмсалуы керек. Сондай-ақ экологиялық төлемдерден жиналған қаражат суды, кәріздер жүйесі мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын тазартуға жұмсалуы тиіс. Бұл да — өте маңызды проблема. Әрине, экологиялық проблемаларды тек айыппұл салумен шешу мүмкін емес. Бірақ ол басқа әңгіме.
Ой-түйін
Жазушы Сапабек Әсіптің жоғарыдағы сауалға қайырған жауабы қысқа болды: экологиялық төлемдер мемлекеттік бюджетке түсуі керек. Өйткені жергілікті жерлердің бюджеті кедей.
Ал министр Н.Әшімов жуырда Үкіметке «2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» экологиялық бағдарламасының жобасы енгізілетінін мәлімдеген еді. Осы жобаның заңнамалық актілерінде бұл мәселе егжей-тегжейлі жазылып, көрсетілетін болады. «Жасыл даму» бағдарламасының негізгі бағыттары – «жасыл экономиканы» дамыту; қоршаған ортаның компоненттеріне және тұрғындардың денсаулығына антропогендік әсерді азайту; табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру; қоршаған орта сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру болып табылады.