Ғасырлар бойы қазақ отбасының ажырамас бір бөлігі болып келген қасиетті бесікті пайдаланушылар қатары күн санап азайып барады. Себебі бүгінгі күннің дәрігерлері жас аналарға бесік балаға зиян деп үгіт-насихат жүргізіп отыр. Тіпті медициналық оқу орындары да дәрігер мамандарды осылай оқытып жатқан көрінеді. Дәрігерлер «сәбиді бесікке бөлеуге болмайды, ол қазіргі медицина талабына сай емес, бала денсаулығына зиян келтіреді, тіпті қауіпті» деген тұжырым жасап отыр. Олардың пайымдауынша, қазақ халқы оны атам заманда көшіп-қонуға ыңғайлы болу үшін ғана жасаған. Бесікке бөлеген баланың денесі демалмайды, қан айналымы дұрыс болмайды және қол-аяғы құрысуы мүмкін. 2009 жылдан бері еліміздің дәрігерлері жас аналарға осындай кеңес беріп келеді. Алайда бала үшін маңызды екенін дәлелдеп, дәрігерлердің бұл тұжырымымен келіспейтіндер баршылық.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:
иә
– Қазақтардың бесікті ойлап табуының ең негізгі себебі бұрынғы көшпелі әлеуметтік тұрмыстағы жайлылыққа тікелей байланысты. Олай дейтініміз – бір жерден екінші жерге қоныс аударып, көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз үшін сәбиін бесікке бөлеп, өзімен бірге алып жүру өте ыңғайлы болған. Қазақтар бесікке бөлеулі баланың асты әрдайым құрғақ, яғни таза болады, сонымен қатар ат үстінде бесікті қолға ұстау ыңғайлы болған деседі. Демек, бұл қажеттілік бұрынғы дәуірге тиесілі. Қазір мұндай мұқтаждық жоқ. Есесіне неше түрлі жаялық, орама заттар бар.
Медицинаға жүгінсек, бесіктің бала денсаулығына, шынымен-ақ, тигізер кері әсері көп. Мысалы, бесікке бөленген баланың денесі қатты буылып, оралып тасталады. Бұл нәзік, енді ғана жетіліп келе жатқан нәрестенің дене бітіміне қатты әсер етеді. Әсіресе бұлшық еттердің дамуына кедергі болып, баланың шымыр болуына жол бермейді. Сол үшін дәрігерлер сәбиді еркін түрде өсіруге кеңес береді. Аяқ-қолы маталмаған, еркін тыныс алып, жайдары күйде жетілген баланың денсаулығымен қоса тән саулығы да шымыр әрі мықты болады. Бесіктің тағы бір кемшін тұсы – қанайналым жүйесіне жағымсыз әсері. Қан тамырлары қысылып қалған баланың ағзасындағы қанайналым жүйесі бұзылып, түрлі ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан бесікке ежелгі мүмкіншіліктердің болмауынан пайда болған тұрмыстық бұйым деп қараған жөн сияқты. Қазір бұрынғыдай жаугершілік немесе көшпелі салт орнаған заман емес. ХХІ ғасырда жаңа туған сәбилерге арналып өндіріліп жатқан керекті заттардың барлығы да – ғылыми түрде зерттеліп, соның негізінде шығарылатын тауарлар. Сондықтан оларды тұтынудан қорқудың қажеті жоқ.
Бахаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Әдемі-ай» компаниясының директоры, ҚР мәдениет қайраткері, танымал топтамашы этнограф:
жоқ
– Дәрігерлердің баланы бесікке бөлеу зиян деген тұжырымымен келісе алмаймын. Себебі қазақтың қасиетті бесігінің еш зияны жоқ. Ата-бабамыз баласының барлығын сол бесікке бөлеп өсірген, оның үстіне бұрынғы алтын құрсақты аналардың ондап сәби сүйгендері бар емес пе?! Зиян болса сол кезден-ақ білінер еді. Ең алдымен бесіктің арқасында сақталатын тазалықты баса айта кету керек. Ұл балаларға қатысты арнайы шүмектер жасалған. Қазіргі памперс атаулы төсемелердің сәби денсаулығы үшін зияндығы жиі-жиі айтылып жүр, дегенмен сұраныс әлі күнге азаяр емес.
Өз анамыз да: «Баланы бесікке бөлеңдер, таза болады, тазалық бар жерде сәбидің денсаулығы да мықты болады», – деп ақылын айтып отыратын. Содан зардап шеккен баланы көрген емеспін. Баланы дүние есігін ашқан сәтте бесікке салып, бесіктойын тойлаған қазақтың дәстүрін біз бүгінде жоққа шығарып, қарсы пікір айта алмаймыз, айтуға тиіс те емеспіз. Баланы бесікке бөлеудің өзінің ерекше тәртібі, салты бар. Алдымен бесікті аластап, бас жағына айна, тарақ немесе пышақ қойып нәрестені жаман түстерден қорғаштаған әжелеріміздің бесік төңірегіндегі ырым-тыйымдары да ерекше. Ауылдың жасы үлкен аналарын шақырып, солардың қолымен баланы бесікке бөлеген қазақтың бесігі балаға зиянды болуы мүмкін емес. Шашу шашып, тәттілерді бала-шаға, көрші-қолаңға таратып беріп, жақсы ырымдар айтқан ата-бабалар өсиеті қазіргі таңда, өкінішке қарай, сирек айтылып, бала да бесікке аз бөленетін сияқты. Бесікті ашық ұстамаған аналар әрдайым оған шымылдық жауып, бесігін бесік жырымен тербеткен. «Бесікті бос тербетпе» деген де сөз бар. Жалпы айта берсек, бесік жайлы жақсы ырым да, ниет те көп. Оның жабдықтары, бауы, жастығы тағы да басқа бұйымдары жетерлік. Енді келіп мұны бір ғана тұжырымның аясына топтастырып, бірден «зиян» деп айта салуға болмайды. Себебі бесік сонау ерте заманнан келе жатқан қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа салт-дәстүр ретінде қалдырған мұрасы іспетті сақталуға лайықты. Қазір бесікті қолданатындар тым аз және бұл көңілге қаяу салады. Мына заманда өндіріліп жатқан тербеткіштердің сол бесіктен артық, сол бесіктен пайдалы екендігі шамалы. Алайда қолдан келер не шара?! Өскелең ұрпақ ата-бабадан қалған салт-дәстүрді ұмыт қалдырмай, ғасырдан-ғасырға жалғай берсе екен деген тілек айтудан басқа амал жоқ сияқты. Қазақтың әр үйінде бір-бірден бесігі болуы керек. Әкесі жатқан бесікке баласы жатқандарды да көргенбіз, ғажап емес пе?!
Түйін
Еділ ДАДАМБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик, балалар дәрігері:
– Бесік бала денсаулығына зиян деген тұжырымды қате деп санаймын. Қазіргі ата-ана жаңа туылған сәбиіне «памперс» кигізуді әдет қылған. Бұл – жай ғана әдет емес, жаман әдет. Бала денсаулығына нағыз зиянды жалғыз нәрсе болса, ол – бесік емес, тап осы памперс. Бесікке бөленген балаға шүмек тағып, тазалықты сақтаған әжелеріміз қаншама дені сау, мінезі қайратты батырларды тәрбиеледі. Ал қазір күні-түні жаялық жуудан қашатын аналар «памперспен» бірге бала денсаулығына қаншама дертті жапсырып беріп жатыр. Менің айтарым мынау: сол «памперсті» баласына таққандар оны өздері бір күні екі-үш сағат тағып, ішіне су құйып ұйықтап көрсін, бәлкім, сонда ғана баланың жайын түсінер. Егер бесік емес, өзге әткеншектерге жатқызып сәбиімді ұйықтатамын десе – өз еріктері, бірақ бесікке бөлеймін дегендерге бөгет болудың қажеті жоқ!