Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасының аясында 2500-дей қазақстандық студент шетелде білім алуда. Және тағы 500-дей адам жуық арада білім қуып, шекара асу үшін кезегін күтіп отырған көрінеді. Айта кетер жайт, соңғы өзгерістерге орай, «Болашақ» бағдарламасының жаңа талабы бойынша стипендия иегері атанып, шетелде білім алу үшін ең алдымен жұмыс өтіліңнің болуы міндеттелініп отыр. Ал бұл өзгеріс бүгінгі күні қоғамымызда екіұдай пікірдің қалыптасуына мұрындық болып отыр. Сондықтан тақырыпқа орай, мамандардың пікірін біліп, бағдарламаның артық-кем тұстарын түгендеген едік.
Кененбай МАМБЕТАЛИЕВ, география ғылымының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті:
иә
– «Болашақ» стипендиясын еңбек өтілі бар адамдарға ғана беру керек» деген пікірді қолдаймын. Өйткені мұның артық тұстары көп. Елбасымыздың ертеңге деген арнайы жоспарының арқасында жүзеге асып отырған бұл жобаның ел дамуына ерекше әсер еткені рас. Дамыған және дамушы елдердің көпшілігінде мұндай игі бастаманың болмауы да аталмыш бағдарламаның құнын арттыра түспек. Оның үстіне жастардың шетелде білім алуы, оқу қорын шетелдерде берілетін білім арқылы толықтырып қайтуы – білім саласындағы қол жеткізілген мақтануға тұрарлық жетістіктердің бірі. Енді түрлі жолдармен және осындай талаптар енгізу арқылы білім алып келетін маманның дәрежесін сапалық тұрғыдан арттыра түсу – басты мақсат.
Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы білімгерлердің үш түрлі дәрежесі бойынша жұмыс жүргізуде. Олар – магистратура, докторантура және тағылымдама. Бұлардың баршасы мемлекеттік грант негізінде жүзеге асып, бұл мүмкіндіктерге қол жеткізген азаматтарды мемлекет қаржысымен оқыту қарастырылған. Біздіңше, аталмыш бағдарламаның үміткер құжатын қабылдарда одан белгілі бір жылдармен қарастырылған жұмыс өтілін талап етуі орынды. Өйткені елімізде жұмыс тұрақсыздығы факторының орын алып отырғаны рас. Сондықтан осы мәселені шешу мақсатында көптеген жастарымыз өзге саладағы қызметтермен айналысып, өз мамандығынан біраз уақыт қол үзіп қалып жатады. Бүгінгі дамыған ғылым-білім саласы мұндайды көтере алмайды, осы екі ортада маман сол саланың даму үдерісінен кенже қалуы ықтимал. Тағылымдамадан өтетін азамат өзі таңдаған сала бойынша мемлекеттік қызметтегі, білім және ғылым саласындағы жүріп жатқан процестерді білуі тиіс. Ал бұл жұмыс өтілі арқылы айғақталады. Шетелден білім алатын маман сол елдің алдыңғы қатарлы жетістіктерін, тиімді тәжірибелерді өз елімізге әкелуі – ең басты міндет. Бағдарлама талаптарының аясында үміткердің жоғары бағаға оқуы, шет тілдерімен қоса, ана тілін терең меңгеруі және рухани-әлеуметтік тұрғыда жан-жақты болуы талап етілген. Біздіңше, бұл – маңызды сынақ. Енді бұған қоса жұмыс өтілінің талап етілуі маманды сапалық тұрғыдан арттыра түсері сөзсіз. Ойлап қарайықшы, қолында «бакалавр дәрежесі бойынша білім алды» делінген жастың сауда жасап немесе құрылысшы боп келіп, екі-үш жылдан соң бағдарламаға өзін үміткер ретінде ұсынғанда өте алуы мүмкін бе? Әрине, жоқ, демек, аталмыш талап орынды.
Осы ретте, бір «әттеген-ай» дейтініміз – тағлымдама жүйесі бойынша шетелге тәжірибе алмасуға жіберілген мамандардың жас ерекшеліктеріне қатысты. Мұндай тамаша мүмкіндікке қол жеткізгендер ішінде жасы зейнеткерлікке жақын қалған мамандар да бар. Олар мейлі, шетелде тәжірибе алмасып, оқып келер, бірақ сол біліктілігін толық үйретіп үлгере алмай, зейнеткерлікке кетеді. Сонда оны мемлекет қыруар қаржыны шашып, не үшін оқытуда? Одан да, тағылымдамаға ұсыныс берушілердің жас мөлшерін шектеп, мүмкіндігінше, жұмыс өтілі бар жастарды жіберуге назар аударылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Динара ӘБДІРАХМАНОВА, 2010-2012 жылдары «Болашақ» бағдарламасы аясында Швицарияда оқып келген маман:
жоқ
– «Болашақ» стипендиясын еңбек өтілі бар адамдарға ғана беру керек» деген қағида кейбір жағдайларда іс жүзінде мүмкін емес. Мәселен, шетелде бакалаврды оқығысы келген жасқа «жұмыс өтілің болсын» деп міндеттеу артықтау. Өйткені мектепті енді бітіріп, бакалаврды оқығысы келген маман ол жұмыс өтілін қайдан табады? Өзі маман ретінде енді қалыптасайын деп тұрған жасқа мұндай талап артықтау секілді. Сондықтан бакалавр үшін жұмыс өтілін міндеттеудің қажеті жоқ. Ал магистратура мен докторантурада оқығысы келген маманға бізден бұрын, шетелдік жоғары оқу орнының талабы сондай.
Шетелде магистратурада білім алу үшін еңбек өтіліңнің болуы – міндетті. Алдын ала оқуға тапсырар алдында еңбек өтіліңнің бар екенін айғақтайтын құжаттарды қосып тапсырасың.
Мәселен, мен оқыған Швицариядағы оқу орнында менен еңбек өтілімді айғақтайтын еңбек кітапшамды талап етті. Онсыз университет маманды оқуға қабылдамайды екен. Сондықтан мұны біздің талабымыз деуден гөрі, шетелдің де талабы осы деп қабылдау керек. Бірақ шетелдің барлық жоғары оқу орнында еңбек өтілі басты талап емес. Жалпы, айта кетер жайт, шетелде оқығысы келген маманға еңбек өтілін ең алдыңғы міндеттердің бірі ретінде қарастыруды құптай алмаймын. Қосымша талап болса, ештеңе емес. Ал еңбек өтілінің негізгі талап болуы кейбір жағдайларда адамның мүмкіндігін шектейді. Мәселен, талантты, талапты жас ертерек білгісі, үйренгісі, игергісі келіп тұрады. Жас кезде білім алуға деген құлшыныс болады адамның бойында. Ал оған барып 5-6 жыл еңбек өтілін жина десек, оның шетелге барып магистратура немесе докторантурада оқуға ынтасы да қалмауы мүмкін. Сондықтан «Болашақпен» білім алғысы келетін жастардың жаппай бәріне бірдей еңбек өтіліне қатысты шектеу қажет емес секілді.
Кейде елімізде бакалаврды бітірген жас маман жұмысқа орналаса алмай жүреді. Ондай кезде уақытын өлтірмей, шетелде білім алуға ұмтылады. Сондай кезде еліміздегі жұмыс орны алмаса, шетелдегі магистратура еңбек өтілін сұраса, біз білікті жасты қолдан «өлтіреміз». Есесіне, білікті жас сондай кезде білімінің арқасында «Болашақ» стипендиясын жеңіп алып, шетелдік оқу орнын бітіріп келсе, заманауи маманды қажет еткен компанияларға тез қызметке тұруына болар еді.
Бейтарап пікір
Жанұзақ ӘКІМ, Халықаралық адам капиталы институтының директоры, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі:
– «Болашақ» стипендиясын қолы жеткендер ғана алып, нағыз таланттылар сыртта қалып жатыр. Алғашқы жылдары жылына 3000-дай жасқа стипендия бөлінетін. Қазір 1000 адамға дейін қысқартып тастады. Өйткені бөлінген стипендия игерілмейтін болды. Комиссия пара бермегендерді өткізбей тастайды. Сондықтан бізге тәуелсіз қоғамдық комиссия қажет. Дәл қазіргі таңда Қазақстанға 100 түрлі мамандық дайындау керек. Орташа есеппен елімізге 100 түрлі 30-35 мыңдай маман керек. Шетелде қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3000-ға жетер-жетпес адам оқып жатыр. 20 мыңдай адам өз қаражатымен білім алуда. Мұндай қарқынмен біз еліміздегі маман тапшылығын жоя алмаймыз. Тым тәуір бастама басталады. Артын сұйылтып, өзіміз бұзып жібереміз. «Еңбек өтілі» деп шетелде білім алғысы келетін жастарды бөле жарғаннан гөрі, дайындалатын мамандарға қатысты осындай мәселелерді шешсек дұрыс болар еді.