Бізге биатлоннан авторлық емес, танкілердің атқырлығы керек
«Биатлон» сөзін мағынасы бойынша аударатын болсақ, қазақша «қоссайыс» деген мағына береді. Жарысу және ату. Қазір Ресей Федерациясы өткізіп отырған танк биатлоны да солай – қоссайыс. Танк экипаждары шеберлік бойынша жарысады, әрі нысана көздейді. Бұл танктер қоссайысын Ресей арналары эфирден көрсетеді. Сол себепті бұл сайысқа қызығатын елдер баршылық.
Осы танктер қоссайысының тарихына тоқталатын болсақ, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу өзін осы тартысты ойынның авторы санайды. Біздің оған таласымыз жоқ. Бірақ, өткен ғасырда, 1963-91 жылдар аралығында Батыс Германия жерінде мұндай танк биатлоны өткізіліп тұрған. Тек НАТО танкішілері қатысатын жарысты Канада Армиясының Жүлдесі үшін тартыс деп атаған екен. Осыған ұқсас дүние Кеңес Одағы кезінде де болыпты.
Кім бастамашы болса да мейлі ғой. Бізге оның авторлығынан гөрі жарыстың өзі керек. Себебі, қазақ танкистері бұл қоссайыста өздерін жақсы көрсетіп жүр. Әлемнің жиырмаға жуық елінен танк экипаждары қатысатын бұл жарыста біздің танкистер, алдыңғы жылы үшінші, өткен жылы екінші орын алды. Былтырғы финал тіпті қызықты болған. Жарыс басталған сәттен бастап қазақ танкистері алға шықты. Содан соңғы сәтке дейін Ресей танкішілерімен тіресіп келді. Тек соңғы сәттегі аздаған кемшіліктер және төрешілердің қателігі Ресейліктерді алдыға шығарып жіберген. Биыл енді ондай нәрсе қайталанбас деп ойлаймыз. Соны қайталамас үшін де Қазақстан танкистері қазір тығылықты дайындалып жатыр. Өйткені, Ресей Федерациясындағы Алабино полигонында танк биатлоны биыл бесінші рет өткізілейін деп отыр.
Жалпы, «Танктер биатлонына» 19 команда қатысып келеді. Олар: Әзербайжан, Ангола, Армания, Белоруссия, Венесуэла, Зимбабве, Индия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Кувейт, Лаос, Моңғолия, Никарагуа, Ресей, Сербия, Тәжікстан және Уганда командалары.
Жеребенің түсуіне қарағанда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрама командасы үшінші кезекте жарыс жолына шығады. Қоссайысқа түсетін Қазақстан танкісі Т-72, түсі көк. Жеребеден соң қазақ танкистері Ресей жағы бөліп берген танктермен дайындыққа кірісіп кетті.
Қоссайыс жарыс жолына жеке түсу арқылы өрбиді. Содан озғандар жартылай және толық көмбеде жарысады. Қазақстан командасының биатлондағы жарыс жолына шығуы 30-шілдеге белгіленген. Соңғы эстафета 12-шілде халықаралық Армия ойындарының жабылуы күні өтеді.
С. Ақынжанов