«Аспандағы ай мен жұлдызды зерттегеннен гөрі, қасыңда жүрген жанды танып білу қиын» депті ғұлама Ұлықбек. Сол айтқандай, Гете, Байрон, болмаса Пушкин, Толстой деп тамсанатын қазақ өз Абайын өзіне лайық деңгейде тани алды ма? Туылғанына 170 жылдай толса да, біз ұлтымыздың маңдайына біткен бірегей дана, хакім, ойшыл Абайдың болмысын қаншалықты зерттеп, әлі қаншасын зерттей алмай отырмыз? Тіпті әрі-беріден алғанда, Тәуелсіздік алғалы 20 жылдан асып кетсе де, біз Абайға жаңаша көзқарас тұрғысынан қарай алмай отырған секілдіміз. Осыны сараптап көрсек.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер:
иә
– Абайды біз осы күнге дейін қалай танып келдік, бүгін қалай танып жүрміз дегенге біржақты жауап беру қиындау. Алайда мен «Абайды тану кешегі көзқараста қалып қойды» дегенмен келісе алмаймын. Себебі, бір байқағаным, бүгінде жастар арасында Абайды оқуға, Абайды тануға деген ерекше құлшыныс байқалады. Оған жастардың қалта телефондары мен интернетте жүрген Абайдың қарасөздері, өлеңдерінен тұратын түрлі қосымшаларды дәлел етіп келтіруге болады. Яғни ол да осы бір хакім, дана, ғұламаны оқып, сол арқылы өзін тануға деген құлшынысты аңғартатындай. Ең алғаш Абайдың қарасөздерін дискіге жазу барысында өзім де үлес қосқан болатынмын. Сол дискідегі үнімді әлі күнге дейін ел-жұрттың, әсіресе жастардың, сондай-ақ әншілердің де тыңдап жүргенін жиі кездестіріп қаламын. Қазір техника жаңарып, технология дамыған кезде Абай, тіпті Айфонға да «көшіп алды».
Ал енді Абайды түсіну дегенге келсек, тарихи кезеңдерге сай белгілі бір тұлғаны қабылдау, әрине, өзгереді. Бұрын біз, расында, Абай хакімге кеңестік көзқараспен қараған да шығармыз, яғни, әкесі Құнанбай ескішіл, феодал болғандықтан, Абай оған үнемі қарсы шығып отырған, тіпті өз қоғамымен қайшылас болды деген сияқты. Мүмкін, кезінде Абайды кеңестік цензурадан аман алып қалу үшін сол тұстағы біздің қаламгер, ғалымдарымыз солай етуге мәжбүр болған шығар. Әйтпесе қазақшыл, ұлтшыл Абайды кеңесшілдер халыққа қауіпті тұлға деп «отқа жағып, зынданға салып» тастар ма еді?.. Жалпы, Абайдың ғажаптығы сонда, әр жаста оқысаң, әрқалай қабылдайсың, жасың ұлғайып, ақылың толысқан сайын тереңірек түсіне түсетін секілдісің, жас күндегіден қарағанда. Өзімнің кезінде Абайды сомдаған, Абай боп сөйлеген кездеріме қазіргі көзбен қайта қарасам, «әттеген-ай» дейтін тұстарым табылып қалады. Сол сияқты Абайды кешегі тануымызға да біз бүгінгі Тәуелсіздік заман тұрғысынан қарасақ, сондай тұстар көптеп табылатын сияқты. Біз солай қарай бастадық та. Әйтпесе жоғарыда аталған ақынның қарасөзін соңғы технологияға көшіріп насихаттау секілді әрекеттер болмас еді. «Заманына қарай заңы» дегендей, нені болсын әр заманның сұранысына сай бейімдеген дұрыс. Айталық, бұрын бір тұлғаны таныту үшін ол жайлы том-том кітап, құлаш-құлаш мақала жазу керек болса, қазір, шыны керек, жастар ұзақ дүниелерді қабылдай қоймайды, сондықтан оларға өз қабылдауларына лайық формада насихаттау керек, ал қызығушылық оянса, сосын өзі терең ізденеді. Мен осы тұрғыда бір мысал айтсам, әлгінде айтқандай Абайдың қарасөзін өз телефонына жүктеп алып тыңдап жүрген Жігіттер тобының әншісі Бағланнан әдейі бір күні «сен неге Абайдың кітаптарын оқымайсың, неге телефоннан тыңдайсың?» деп сұрадым. Сөйтіп ем ол: «аға, шынымды айтсам, мен кітаптан оқыдым, бірақ түсіне алмадым, ал актердің үнімен тыңдағанда қарасөздің әр сөзі, әр дыбысы жанданып, жетеңе жетіп, тура жүрекке әсер етті. Мен ғана емес, жастардың бәріне осы форма жақын әрі әсері де мол» деді. Бұл менің өзімді алға тартып, мақтанғым келгеннен емес, жалпы бүгінгі буынның қабылдау тәсілінің өзгергендігін білдіреді. Жалпы, кеудесінде қазақ деген жүрегі соғып тұрған қазақтың қай кезде де Абайды керексіз қылып шығармайтыны ақиқат. Мүмкін, кітаптан оқымайтын шығар келер ұрпақ, бірақ ол қазақ оны оқымай қойды деген сөзі емес, себебі оқымаса да, аудиоқұралдар арқылы тыңдайды, кинотуындылар арқылы көреді, интернет арқылы оқиды, қызыққан жаңа тәсілмен зерттейді деп сенемін өз басым. Сондықтан біз Абайды Тәуелсіз көзқарас тұрғысынан зерттей алмай, тани алмай отырмыз деп байбалам салудың қажеті жоқ.
Айгүл ІСМАҚОВА, әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Біз Абайдай адамзаттық деңгейге ХХ ғасырдың басында-ақ шығып кеткен тұлғаға әлі күнге кеңестік шектеулі көзқарас тұрғысынан қарап, «етек басты» жасап келеміз. Неге? Енді қараңыз, Достоевский, Толстой, Пушкин секілді тұлғаларын орыстар бүге-шігесіне дейін зерттеп, тіпті олардың атындағы оқулар жыл сайын ұлттық мереке деңгейінде өтеді. Ал біз «Абай керемет, Абай тұлға» деп тіліміз сайрағаны болмаса, шын мәнінде, бүгінде осы ғұлама, хакім тұлғасын, тіпті бір өңірдің ақыны, Семейдің ғана перзенті деңгейіне дейін түсіріп тастаған жайымыз бар. Сенбесеңіз, мынаған қараңыз, біз Абайдың жылына бір рет келетін туған күнінің өзін Алматы мен Астана секілді Алаштың негізгі қалаларының зәулім сарайларында емес, жай ғана Абай ескерткішінің түбінде бес-алты ақынға өлең оқытып қойып, жетім қыздың тойындай бір нәрсе өткіземіз.
Қазір Абай әдебиетте жүрген бес-алты ақын-жазушы мен өзін «абайтанушы» атандырып алған адамдарға ғана қажет секілді. Ал, шын мәнінде, ол қазақтың Бас ақыны ғана емес, ғаламдық деңгейде ой толғайтын хакім, ғұлама ғой?!. Бірақ соны Ұлттық деңгейде тани алмай, қазақты сүюде басты бағыт ете алмай, Тәуелсіз елдің идеологы ете алмай отырғандығымыз сол, кешегі ықпалдан, яғни, кеңестік көзқарастан арыла алмай жүргендігіміздің айғағы. Әлі күнге «Абай – ағартушы, Абай – коммунист» дейтін де ғалымдарымыз бары өтірік емес. Сұмдық емес пе? Ал ағартушы деген кім, ол жай ғана қараңғы қоғамда өмір сүрсе де білім алған сауатты адам деген сөз. Ал Абайды олай тану, қорлау емес пе? Сондай-ақ орыстілді оқығандарымыздың қазақша сөйлеу туралы сөз қозғала қалса, тілге тиек ете қоятын бір уәжі бар, яғни, «Абайдың өзі таза білім мен ғылымды меңгеру үшін орыс тілін меңгеру керектігін айтқан» дейді. Солайша Абай орыс тілін қолдаған, орысшыл, батысшыл болып шыға келеді. Ал қазақтың ұлы тұлғасын өз контексінен жұлып алып, осылайша, өз халқына қарсы қоюға оларға кім рұқсат берді? Ал шындықты нағыз абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов кезінде, «иә, Абайдың тұлға болып қалыптасуына орыс демократтарының ықпалы болды, бірақ бұл Абайды Абай қылған солар деген сөз емес қой, Абай ол бұрыннан Абай ғой, ол әл Фараби, Ахмет Ясауилерді оқып, даналықты әуелі Шығыстан алған, күллі Шығыс кітапханасын меңгерген, телегей білім иесі ғой?..» деп таразылап берген. Міне, нағыз Абайды зерттеудің дұрыс бағыты. Ендеше бүгін біз Тәуелсіздік заманында неге осы Қайым салған жолмен жүрмейміз? Мәселе бірақ Абайды әлі сол «кеңестік шекпеннен» шығармауға тырысып жүрген тоталитарлық кезеңде білім алған ағаларымыз ғой, шыны керек. «Ағартушы» деп төмендетіп жіберген және содан биікке шығаруға мүмкіндік бермей жүрген солар. Ал, шын мәнінде, Тәуелсіз көзқараспен зерттеу дегеніміз – Абайды өз ұлтынан бөлмей, шығыстық тамырынан үзбей әрі әлемдік тілдерге аудару. Осы ретте мен Ғалымжан Мұқановтың Абайды французшаға аударғанын ғана ерекше мақтанышпен алға тарта аламын. Сорбонн университетінің ғалымдары сол аударманы өте биік деңгейде бағалады. Ал Абайдың әлі күнге сауатты ағылшынша аудармасы жоқ. Жалғыз бұл емес, біз хакім Абайды ескіше көзқарастан құтқару үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп, ғылыми тұрғыдан жаңаша тәсілдермен зерттеуге тиіспіз.
Түйін
Ащы да болса, ақиқат дұрыс, ендеше біз бүгінде әлі Абайды әдебиеттерде әлі сол «ағартушы», «орысшыл» және «қазаққа үнемі ұрысып, жерге тығып отыратын» немесе «Құнанбаймен қайшыласып» өткен тұлға етіп көрсетіп отырғаны өтірік емес. Ал сонда Абайдың Байтұрсынов айтқан «Қазақтың Бас ақыны» деңгейі қайда? Болмаса Шығыс шайырларының шырынын сорып, балын ішкен Абайды танып-білуімізге не кедергі? «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ғаламдық ауқымда ой толғайтын Абайды қайтсек, сол деңгейде өз қазағына ұқтырар екенбіз?..