Еліміздегі оқу орындарында хиджаб киюге заңмен тыйым салынуы мүмкін. Білім және ғылым министрлігі «Білім туралы» Заңға осындай өзгеріс енгізу жөнінде бастама көтеріп отыр. Егер бұл ұсыныс қабылданса, мектептен бастап университетке дейінгі білім ордаларында шәкірттермен қатар мұғалімдер де діни киіммен сабаққа келе алмайды. Яғни білім мекемелеріндегі хиджаб таққан қыз-келіншектер үшін не оқу, не орамал деген таңдау тұрмақ. Жаңа құжатқа сай оқу орындарында орамал тағумен бірге намаз оқуға да тыйым салынбақ. Алайда бұл өзгеріс қазірдің өзінде қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр. Өйткені «білім діннен ажыратылған» деген пікірдегі Білім және ғылым министрлігі өз бастамаларын дұрыс деп санаса, хиджабты жақтаушылар «Ата Заңда діни наным-сенім бостандығына кепілдік берілген, сондықтан министрлік конституциялық құқымызды шектеуде» дейді. Екі тараптың пікірін ой-көкпарда тоғыстырған едік...
Айқан АҚАНҰЛЫ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры:
Иә
– Иә, дәл қазіргі кезде барлық білім мекемелеріндегі қыз-келіншектердің хиджаб киюіне заңмен тыйым салынуы керек. Себебі күн өткен сайын мектептер мен ЖОО-да, колледждерде хиджаб киетін студенттер мен оқытушылар саны артып барады. Ал бұл білім беру мекемелерінің ішкі жарғысына қайшы келеді.
Жалпы, біздің елімізде діни ұстанымдарға деген көзқарас басқаша болуы керек. Себебі қазақ халқының тарихына көз жүгіртер болсақ, қыз-келіншектеріміз ешқашан бүркеніп жүрмеген. Ал қазіргі діни бағыт бізді ұлттық салт-дәстүрімізден ажыратып барады. Еліміздегі дәстүрлі дінімізге сәйкес келмейтін, ұлттық салт-дәстүрді ұмыттыруға айналған мұндай нәрселерден алшақ болған жөн.
Біздің оқу ордамызда да хиджаб киетін студенттер кездесуде. Ал университеттің ішкі тәртібіне сәйкес, барлық студенттер ақ халатпен жүруі тиіс. Ал олардың хиджаб пен ақ халатты қалай сәйкестендіріп киетінін түсінбеймін. Рас, қазір қит етсе, хиджаб киген қыздар «денемізді ашық-шашық көрсетпеуге тырысып, хиджаб киген бізге тиісе бергенше, қысқа киіп, кіндіктерін ашып жүрген қыздарға неге қарсы шықпайсыңдар» дейтінді шығаруда. Сонда қыздар не кіндіктерін ашып, не хиджаб киіп жүруі керек пе? Оларға қалыпқа сай киінуге болмай ма? Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінде, тарихында қыздар кіндіктерін ашып жүрмеген, хиджаб та кимеген. Сондықтан неге жарасымды, өзінің тал бітіміне сай ашық-шашық та емес, басқа мұсылман елдеріне еліктеп хиджабқа да әуестенбей жарасымды киініп жүрмеске? Осы орайда білім беру мекемелеріндегі киіну тәртібіне назар аударатын кез жетті деп санаймын.
Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ, журналист:
Жоқ
– Мен бұл тыйым ата-бабадан мирас болып қалған дініміз – ислам қағидаларына да, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ұстанымымызға да, мемлекеттігімізге де қарсы әрекет деп санаймын. Құрғақ сөз емес, дәлелмен жеткізсек. Біріншіден, иманы бар адам ғана — мұсылман. Ал иманды адам Құранның хақтығына сенеді. Алланың бұйрығын орындайды. Ал Құранның «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Мүмін әйелдерге айт: бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендерінен басқа (беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін», – делінген.
Екіншіден, соңғы жылдары қолымызға тиген Ресейдің 300 жылдық тарихы бар Кунсткамера мұражайындағы фотосуреттерге қарасақ, барлығында қазақ қыз-келіншектері басына орамал тартып, етек-жеңі ұзын, кең көйлек кигендігін көреміз. Құранда жазылған жерлері ғана ашық тұр. Бұл – ешқандай қиял, фантазия, қызыл сөз емес, тарихи фотоқұжат. Тіпті жазушы Дулат Исабеков бір естелігінде өткен ғасырдың орта шеніне дейін келіншектер ақ, қыздар қызыл орамал тағып жүретінін жазады. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасының тақырыбын қараңыз. Қазақтардың «...үшінші байлық – ақ жаулық» деп әйелді орамалмен шендестіретінін еске алыңыз. Кешегі ақ кимешекпен отырып күй күмбірлеткен Динаның бейнесін тағы бір қолға алайық. Қысқасы, қазақ ұлттық ұстанымында бүркеншекке қатысты мысалдар жетіп-артылады.
Үшіншіден, мемлекеттің тірегі – Конституция. Ал аталған мәселені көтеріп отырған орган Конституциямыздың 19-бабындағы «Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» дегенін қалайша аяқасты етеді? Еліміздің Жоғарғы Конституциялық кеңесі неге мұны бақылауға алмайды? Кез келген заңды құжат Ата Заңымыздан бастау алуы қажет емес пе? Қазақ өркениетінде тіл, өнер, дәстүр қаншалықты орын алса, ислам дінінің де өлшеусіз орны бар. Дінсіз өркениет жоқ. Қазақ қоғамын артқа сүйрейтін исламды түсінбеушілік әрекеттері сүйікті қожайынын шыбыннан қоримын деп таспен атып өлтірген аюдың қылығымен тең. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі үш мәселені де ескеріп, бұл райынан қайтады деп үміттенемін.
Бейтарап пікір
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Білім мекемелерінде қыз-келіншектердің хиджаб киюіне заңмен тыйым салу дұрыс емес. Жалпы, діни мәселелер – өте сезімтал нәрсе. Хиджаб болсын, радикалды ислами бағыт болсын біз тыйым салу немесе жауапқа тарту арқылы мәселені шеше алмаймыз. Мұндай тыйым салулардың әсерінен керісінше діни мәселе ушыға түседі. Оны біз Еуропа елдерінің тәжірибесінен де байқап отырмыз. Дәстүрлі ислам дінінің жақтасы ретінде өз басым хиджабты жақтамаймын. Ислам – дәстүрлі түрде ғасырлар бойы қалыптасқан дін. Оның өзіндік құндылықтары мен өзгешеліктері бар. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің халқымыздың ұстанымы Әбу-Ханифа мәзһабы саналады. Ал Сауд Арабиясы, Мысыр секілді мұсылман елдерінің мәзһабы мүлдем бөлек. Олардың өзара айырмашылықтары да баршылық. Дегенмен бүгінде хиджаб секілді басқа елдердің діни тәртіптері бізге кіріп кетуде. Алайда біз оған тыйым салу арқылы тосқауыл қоя алмаймыз. Сондықтан өзіміздің дәстүрлі дінімізді уағыздап, діни басқарманың құзыретін күшейту арқылы күрес жүргізгеніміз жөн. Тағы бір айта кетер жайт – діни қызметкерлеріміздің өзге мемлекеттерде діни сауатын арттыруына да шектеу қою керек. Хиджаб киюге тыйым салғаннан гөрі осындай күрес түрі әлдеқайда нәтижелі болар еді.