Барлық кітапханалар мен баспаларды бір жүйеге бағындыру мүмкін бе?
«Ақымақ адаммен текке сөйлесіп, уақыт кетіргенше, одан да кітап оқып, ақылды ой алған артық» деген ғұламалардың сөзі бар. Адамзаттың рухани дүниесін байытатын кітаптың жөні бөлек қой. Алайда бүгінде осы кітаптың жай-күйі қалай? Оған деген сұраныс, жалпы, нарық жағдайына бейімделген бе? Осы тұста олқылықтар жетерлік секілді. Таралым аз, дүкендерден керек кітап табылмайды дегендей. Бәлкім, кітап нарығын дұрыс ретке келтіру үшін баспалар мен кітапханаларды бір жүйеге бағындыру керек шығар, ал ол мүмкін бе? Осы сауалды талқылап көрсек.
Гүлсім САҒАТПАЙҚЫЗЫ, Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының директоры:
Иә
– Басшылық тарапынан қолға алынса, негізі, бір жүйеге бағындыру мүмкін және солай ету керек деп ойлаймын өз басым. Бүгінгі таңда біз Қазақстан бойынша барлық баспалармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Солардан шыққан кітаптарды бізге жеткізіп отырады. Бірақ енді біздердің келіспей қалатын жағдайларымыз – таралым мәселесі. Мысалы, бірнеше том шықса, соның біріншісі бола ма, жоқ басқасы ма, солар бізге ретімен келмейді, көбіне. Біріншісі келсе, сосын бесіншісі келіп, қалғандары сол бойы жетпей қалуы да ғажап емес. Осындай олқылықтар болмас үшін, әрине, біздер баспалармен бір жүйеде болсақ, тығыз жұмыс істесек, қандай керемет болар еді. Сондай-ақ бір жүйемен жұмыс істеу кітаптар түрінің алуандығына да әсер етер еді.
Әйтпесе қазір бірін-бірі қайталайтын дүниелер шығу деген үрдіс бар. Біз көбіне өзімізге керек кітаптарды ала алмаймыз, ал онша сұранысқа ие емес кітаптар иін тіресіп тұрады. Керексіз кітаптар дегенде, бұл авторларды алалау емес. Айталық, мысалы, біздің кітапхана жасөспірімдерге арналған. Қалада балалар кітапханасы да бар. Бізді кейде солармен тең көргендей, ең кішкентай бөбектер оқитын кітаптар әкеле салады. Ал оны кім оқиды? Ал біздің оқырмандар саналы, мектепті бітірер жастағы, сондай-ақ студенттер де. Оларға керегі — салалық кітаптар. Бізге сондай кітаптар керек. Соларды сұрасақ, бізге әлгіндей балалар кітапханасына керек кітаптарды әкеліп береді. Не істейміз? Кішкентай балалар бізге келмейді. Егер баспалармен тікелей байланыста болсақ, онда осы жағын реттеген болар едік.
Тағы бір айтарлығы, қазақтілді кітаптардың тиражы, әсіресе көркем әдебиеттер көбейсе, олар бізге жетсе дейміз. Бәлкім, бір жүйеге бағындырылса, осы жағы реттелетін шығар. Дүкендерде кітаптар қымбат, екінің бірі оны сатып ала қоймайды. Сондықтан кітап оқылуы үшін бірінші кезекте кітапханаға түсіру керек. Салалық кітаптардың да таралымын арттыруды сұрар едік, өзімізге сондай кітаптарды алдырар едік, мысалы, баспалардан. Мінеки, осындай игіліктер күтеміз. Мұны бүгіннен бастап қолға алмасақ болмайды.
Ғарифолла ӘНЕС, баспагер:
Жоқ
– Жалпы, бұл екеуін бір жүйеге бағындырудың қажеті жоқ. Себебін айтайын сізге, біз дәл бүгін осы жағынан тежеуілдеп, дами алмай отырмыз. Ол мемлекеттік пе, жекеменшік пе, интернет кітапхана бола ма, тіпті ауылдағы болсын, ол – өз алдына бір бөлек жүйе. Ал баспалар жайлы айтсақ, елімізде қазір 300-дей баспа бар деп жүр ғой. Соның бәрін бүгінде мемлекеттік тапсырысқа «отырғызып» қойған. Басшылық өлместің күнін көрерлік, әйтеуір әрқалай қаржы бөліп отырады. Біріне, мүмкін, 1 миллион, біріне 3 миллион теңге. Ал осының кесірінен бізде бүгінде кітап нарығы дамымай отыр. Ал кітап кем дегенде 10 мың тиражбен шықпаса, кітап өндірісі дамымайды ешқашан. Қазіргі біздің ахуалымыз сондай, орысша айтқанда «мартышкин труд» еш өнбес, әйтеуір өлместің күні.
1000 данадан 10 кітап шығарғанша, 10 мыңмен бір ғана кітап шығарған қандай тиімді болатыны айтпай-ақ түсінікті емес пе? Бір кітап үшін он редактор, он корректор т.б сол сияқты он түрлі маман ұстау керек, әрқайсысына төленетін ақы деген бар. Сонымен-ақ кітаптың шығыны артып кетеді. Міне, тираж көтерілмей, еңсе көтерілмейді, ал тираж көтерілуі үшін бір жүйеге бағынып, тек мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істеу дегенді өзгерту керек.
Жалпы, нарықтың қозғаушы күші — бәсеке, ал бәсекеде жеңу үшін сұранысқа сай болу керек екенін білесіздер. Тек кітап қана емес, газет-журналдардың да мәселесі осы сынды, бәсекеге жұмыс істеп жатқан жоқ. Бір жүйеге бағындыру дегеннен қашып құтыла алмай отырмыз ғой, керісінше. Кеңестік заманның жүйесімен әлі жүрміз, бір орталыққа бағынып. Ал оның орнына әр баспаның өз бетімен нан тауып, нарықта жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе, әлдеқашан көш түзеліп кетер еді. Әрине, басында әлсіз баспалар біраз қиналады, тіпті тоқырауға да ұшырайды, бірақ солай қиындықты көре-көре шыңдалып, нарықты меңгерер еді.
Ал енді кітапханаларға қайта оралсақ, неге олар оңалмай тұр? Себебі олардың өз билігі өздерінде емес және қолдарында қаржы жоқ. Сол себепті олар өздеріне керек кітапты тікелей сатып ала алмайды. Егер өз қаржылары өздерінде болса, онда олар да жұрт сұрайтын кітаптарды сатып алар еді. Баспалардың арасынан да өздеріне керек кітаптарды қамтамасыз ете алатын баспаны таңдар еді де, сонымен келісіп, тығыз байланысты өздері орнатар еді. Ал қазір олар да, біз де байлаулымыз, басшылықтың тапсырған кітабын шығарамыз, ал ол кітапты халық оқи ма, оқымай ма — ешкім ескеріп отырған жоқ. Айталық, бір автордың кітабы қайта-қайта шығады да тұрады, оқылмай, дүкен сөрелерінде өтпей. Ал, керісінше, жұрт іздейтін кітаптарға тапсырыс берілмеген соң шықпайды. Осы енді ақылға сыйымды ма? Қағаз, бояу, соған кеткен еңбекке обал емес пе? Міне, сондықтан да мен бір жүйеге бағыну керек те емес, керісінше, дербестік керек дегенді құптаймын.
Кітапхана мен баспалар неге маманға зәру? Себебі онда жалақы аз, ешкімнің ол жерлерде жұмыс істегісі келмейді. Неге аз, өйткені олар бір жүйеге бағынады, нарыққа жұмыс істеп, мол табысқа кенеліп жатқан жоқ. Кітапханалардың қалқайып тұрғаны да — сол, қолында билігі мен қаржысы жоқ, қаржысы болса, баспаларға өзі барар еді, солайша баспаларды да дамытар еді. Яғни бұдан шығатын қорытынды қандай, баспалар мен кітапханалардың өзіне дербес күн көруге жағдай жасау керек. «Ойбай, өліп қалады» деген түсініктен арылу керек. Қазақ тілі де, қазақ баспасөзі де өлмейді, уақытша қиналуы мүмкін, бірақ бәсеке болып, қайта ішінен мықтылары жеңіп шығады. Міне, меніңше, баспалар мен кітапханаларды дамыту үшін осылай ету керек.
Түйін
Әлемдік кітап нарығында жағдай біздікінен мүлдем бөлек. Әдеби агенттер жұмыс істеп, кітапты bestseller қылуға деген белсенділік өте жоғары. Соның арқасында сұранысқа ие кітап жазған автор қаламақысына шырт түкіріп күн көріп, әлемге танылып та үлгереді. Бізге де осындай болуға қадам жасау керек секілді.