Діни сектаның арбауына шырмалған ата-аналар әдетте балаларын да сол сенімге ерте кіреді. Жат дінге баласын кіргізгенімен қоймай, діни сектаның ұстанымына орай, баласының құқын бұзатын әрекеттерге де барады. Мәселен, иегова куәгерлері сеніміндегі ата-аналар үшін балалары ауыра қалған жағдайда ине салып, ем жасау – жат нәрсе. Балаларының туған күнін де ешқашан тойламайды, белгілі бір мамандыққа маманданатындай оқуға да түсірмейді. Өйткені бұл – иегова куәгерлерінің ұстанымына қарсы іс-әрекет. Ал бұл жағдайларда баланың құқы аяққа тапталып отыр деп айтуға негіз бар секілді. Тіпті шешім қабылдауға дәрменсіз жастағы баланы діни сектаға тарту арқылы миын улау қаншалықты дұрыс?! Осы орайда «Балаларды діни секталардан қорғайтын заң керек пе?» деген сауал көкейде еріксіз туындайды...
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты
Иә
– Бізге балаларды діни секталардан қорғайтын заң керек. Себебі сектаның алдын алмаса, оның арты өте қауіпті. Біз оны бұған дейін де ойластырған болатынбыз. Бір топ депутаттар болып «Дін туралы» Заңды қабылдауға ұсыныс жасағанымызда конституциялық қайшылықтар бар деп тыйым салып тастады. Дегенмен бүгінгі күні қоғамымызда орын алып жатқан құбылыстар аталмыш заңның қажеттілігін көрсетіп отыр.
Дін — идеологиялық тәлім-тәрбиенің бір бөлшегі. Сондықтан дінмен ойнауға болмайды. Кез келген қоғамның дамуы тәртіп пен тәлім-тәрбиеге байланысты. Егер ол қоғамның тәлім-тәрбиесі, идеологиясы мықты болса, қоғам алға жылжиды, ал қоғамға қауіп төндіріп отырған нәрселерге дер кезінде тыйым салып, заңға сай тәртіпке салу қоғамды тіпті алға сүйрей түседі.
Осы орайда біз діни секталарға тыйым салатын тәртіп енгізсек, ештеңеден ұтылмас едік. Бүгінгі күні діни сектаның етегінде кетіп жатқандар бірен-саран қаракөздеріміз болуы мүмкін. Бірақ оған бүгіннен бастап тыйым салып, балаларды арашалауға тырыссақ, алдын алғанымыз болар еді. Әдетте жаман әдет тез тарайтыны секілді мұның да ертеңгі күні етек жайып кетуі әбден мүмкін. Мәселен, діни секталардың әрекетінің қайсысы болсын біздің ұлттық ұстанымымызға қайшы. Ал балаларымыздың тумай жатып діни сектаға улануы – өте өкінішті жайт.
Осы орайда атап айта кетер жайт, балаларды діни сектадан қорғайтын заң қабылдау арқылы біз ата-аналардың діни бостандығына шектеу қоймаймыз. Керісінше, есін білмейтін, өз қалауын жасауға дәрменсіз жаста екеніне қарамастан, ата-анасының баланың құқына қол сұғуына тыйым саламыз. Шын мәнінде, балаларымыз өз қалауымен діни сектаның етегінде кетіп жатқан жоқ. Оларды ата-анасы жетектеп апарып енгізуде. Тіпті әрі-беріден соң ертеңгі күні ата-анасы қателігін түсініп, есін жиып сектадан шыққанымен, жастайынан уланған бала сектадан басын арашалай алмай қалуы да әбден мүмкін. Сондықтан біз осыған заң тұрғысынан араша болуымыз керек. Бүгінгі күні қоғамда ондай оқиғалар орын алып жатқаны жасырын емес. Ал қоғамда орын алған жат әрекетпен күресуге қоғамның дайын болмауы елге сын. Осы орайда балаларды діни сектадан қорғайтын заңды тез арада қабылдау керек дер едім.
Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты
Жоқ
– Жоқ, балаларды діни секталардан қорғайтын заң біздің еліміз үшін дәл қазіргі таңда керек емес. Өйткені қоғамда бұл заңның соншалықты қажеттілігін байқап отырғаным жоқ. Жалпы, бір елде заң қабылдау, тыйым салатын тәртіп енгізудің өзі – өте үлкен маңызды нәрсе. Заң қоғамдық қатынастар үлкен үрдіс алып бара жатқан кезде, мемлекет араласпаса болмайтын жағдайларда қабылдануы керек.
Діни секталарға қатысты пікірлердің айтылып жүргеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Және дабыл қағып, заң қабылдайтындай діни сектаның жетегінде кетіп жатқан қаракөздеріміз де көп емес. Сондықтан заңнан басқа жолдармен-ақ діни сектаның ізіне ерушілерге тосқауыл қоюға болатын секілді. Ата Заңда дін мен мемлекеттің ара қатынастары анық жазылған.
Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі «кәмелетке толмаған балалардың жат қылыққа бармауына шара қолданамыз, ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз» деп мәлімдеді. Діни сектаның жетегінде жүрген бірлі-жарым адамдар үшін заң қабылдағаннан гөрі осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізу әлдеқайда тиімді секілді. Осындайда айта кетер жайт, әдетте не нәрсеге тыйым салсаң, сол нәрсенің салдары қалыпты жағдайдан асып түсіп жатады. Сондықтан тыйым салғаннан гөрі әртүрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан, мектеп, жоғары оқу орындары тарапынан түсіндіру жұмыстарын күшейткен жөн. Осы уақытқа дейін нақты тыйым салмасақ та, аталмыш жағдайдың алдын алуға жол бермей келе жатқан ел ретінде алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмыстар жүргізе беру керек деп санаймын.
Оның үстіне, төменгі сыныпта оқитын бүлдіршіндердің түсіну қабілеті де төмен болып келеді. Оларға ата-анасы қалай ықпал етеді, солай қарай бейімделіп кете береді. Оларға ата-анасы не айтса – сол заң. Сондықтан мұндай кезде көп жауапкершілік ата-анадан талап етілуі керек. Әлбетте, кез келген адамның қай дінді ұстанам десе де өз еркі. Бірақ әлі шешім қабылдауға қабілетсіз баланы жетектей енуі дұрыс емес. Қоғам бұған түсіндіру жұмыстары арқылы қарсы тұра білгені жөн. Осы орайда жергілікті атқарушы орындар, мектеп, жоғары оқу орындары тәлім-тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, оларды бақылауға алуы тиіс. Бұл олардың ата-ананың жеке басына, діни бостандығына қол сұққаны емес, баланың тағдырына араласуы деп түсінген жөн. Дәл қазіргі таңда діни сектаның жетегінде кеткен бала әр сыныпта әрі кетсе бір-екеу болуы мүмкін. Ал оған заң қабылдамай-ақ, мектеп ұжымының да әлі келеді.
Бейтарап пікір
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
– Балаларды ғана емес, жалпы халықты діни секталардан қорғау керек. Қазақстанда адамдардың діни бостандығына кепілдік берілген. Сондықтан Ата Заңды бұзып алмайтындай әрекеттерге бара отырып, күрес жүргізуіміз керек. Ең болмағанда ислам, христиан, буддизмнен бөлек, сатанистер, кришнайттер секілді кірме діндерге қатаң тыйым салу қажет. Ұлт бірлігіне іріткі салатын, ұлттық ұстанымдарға қайшы келетін әрекеттері бар секталарға тыйым сала отырып, дәстүрлі дінге деген үгіт-насихат жұмыстарын қатар жүргізу керек. Халықаралық келісімдерге қарайлаудың қажеті жоқ. Мәселен, АҚШ өздерін демократиялық мемлекет ретінде таныстырғанымен, көптеген халықаралық келісімдерге қарамастан, ұлт қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге сергек қарайды. Дегенмен мұсылман елдеріне келер болсақ, тыйым салудан гөрі түсіндіру жұмыстары пайдалырақ. Діни басқарма, жергілікті басқару орындары тарапынан тәлім-тәрбиелік мәні мол дәстүрлі дінімізді насихаттайтын жұмыстар жүргізілуі қажет. Неге ата-аналар өзге діннің жетегінде кетіп қана қоймай, балаларын да сол дінге тартып жатыр? Бұл – біздің діни мекемелер жұмысының әлсіздігінің белгісі. Кеше ғана Алматы қаласында құрықталған қаруланған қылмыстық топтың діни көзқарасы тексерілу үстінде. Кейбір деректерге сүйенсек, қылмыстық топтың басшысы Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» университетінің түлегі екен. Осы орайда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, еліміздегі діни оқу орындарының немен айналысып, шәкірттеріне қандай білім беріліп жатқанын да тексеру қажет. Осындай кешенді жұмыстар арқылы ғана біз діни секталардың әрекетіне тосқауыл қоя аламыз. Сондықтан діни секталарға қарсы құқық қорғау орындарының, Үкіметтегі діндер жөніндегі комитеттің, орталық діни басқарманың бірлескен кешенді жұмысы керек.