Елбасының былтырғы жылғы қадау-қадау тапсырмаларының ішінде жұртшылық арасында алкоголь өнімдерін тұтыну деңгейін төмендету шаралары да бар болатын. Осы мақсатта Қаржы министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп, күні кеше осы құжат Мәжіліс табалдырығын аттады. Дәл осы заң жобасында «балалар мекемелері, білім беру ұйымдарының 100 метрге дейінгі аумағында спирттік ішімдіктер сатуға тыйым салу керек» деген қолданыстағы норма алынып тасталған. Бұндай ұсынысты депутаттардың бірі қолдаса, кейбірі қос қолын көтере қарсы болған еді. «Алаш айнасы»
Иә
Ардақ ТЕҢГЕБАЕВ, ҚР Қаржы вице-министрі:
–Біз аталған норманы алып тастауды ең алдымен алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатқаны үшін жауапкершілікті күшейту арқылы жүзеге асыратын боламыз. Сонымен қатар, бұл біздің ғана емес Бас прокуратураның ұсынысы. Не себеп дегенге келсек, балалар мекемелерінде және білім беру ұйымдарында «жүз метрлік радиуста алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу нормасы» қолданыста жүргелі бері ешқандай мәселені шешпеді. Қарапайым тілмен айтқанда, 101-інші метрден-ақ сөрелердегі алкоголь өнімін көргенде баланың қызығушылығы туындауы мүмкін. Ендеше, діттеген мәселе шешілмейді. Мәліметке сүйенсек, осы уақыт ішінде алкоголизм диагнозімен 3 473 кәмелет жасқа толмаған бала тіркелген, оның 589 –і 15 жасқа толмағандар. Екінші бір мәселе, спирт ішімдігіне тыйым салынғанымен, зияндылығы осыған ұқсас темекі бұйымдарын, энергетикалық сусындарды сатуға, компьютерлік клубтарды ашуға, жалпы өскелең ұрпаққа жаман әсер ететін басқа салаларға тыйым салынбай тұр.
Үшінші мәселе, бұл тыйым бизнес жүргізуге кедергі. Оның соңы сыбайлес жемқорлыққа да соқтыратыны белгілі. Оның үстіне алкоголь өнімдерін сатуға тиым салуды қолдану кезінде жүз метір ара қашықтықтың шеңберіндегі қындықтар туындаған. Мысалға алсақ елді мекендерде, қалалық шағын аудандарда жаңа мектептер және мектепке дейінгі мекемелер, шағын орталықтар пайда болып, оның аумағындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің едәуір бөлігі тиым салынған 100 метрлік аймақта қалып қойып жатыр. Бұндай жағдайларда кәсіпкерлер өз еріктерінен тыс Заң бұзушы болып шыға келеді. Дәл осы баппен 2013 жылы 163 субъект жауапқа тартылған.
Сондықтан біз әлгіндей тыйым салуды алып тастап, керісінше ондай алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатқандарға салынатын айыппұл мөлшерін екі есеге көбейтуді қарастырып жатырмыз.
Жоқ
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–Қаржы министрлігі бұған дейін қолданыста жүрген балалар мекемесінің, білім беру ұйымдарының 100 метрге дейінгі аумағында алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған норманы алып тастап отыр. Бұл мүлдем дұрыс емес қадам. Қолданыстағы норма қалуы шарт. Бұндай тыйым салатын заң нормасын алып тастау арқылы балаларды арақ-шараптан шектеуді алып тастап отырмыз. Ең аяғы осының өзі «мектеп оқушылары арақ сатып ала берсін, іше берсін» дегенге саятын ой тудырады. Әсілі бәрі керісінше болуы керек еді. Менің естігенім бір ғана уәж болды: прокуратура «бұл норма жемқорлыққа соқтырады» деп қорытыпты. Сонымен қатар, осы норманы қолдайтын менің кейбір әріптестерім де шатасып отыр. Бәлкім осы норманы қолдағандардың балалары мектепті бітіріп, есейіп кеткен шығар. Солай болса, біз бәріне қарапайым адамның, қарапайым халықтың тұрғысынан қарауға тиіспіз. Сосын, кәсіпкерлер де бұны қолдап отыр. Неге? Олардың сататын саудасы сол. Мектеп жанындағы іргелес 100 метр аумақта дүкен бола берсін, тек онда ешқандай арақ-шарап сатылмасын. Қандай фактілері бар екені де түсініксіз.
Айта кетейін, дәл осы норманы алып тастау туралы бұған дейін де үш рет ұмтылыс жасалды, үш ретінде де бетін қайтарған болатынбыз. Бұл жолы да солай болуы керек. Он жыл бойы осы норма жұмыс істеп келді. Сондықтан да, мен бұны кәсіпкерлер тарапынан қозғау салынып отырған мәселе деп ойлаймын.
Түптеп келгенде, мектептердің, балалар мекемелерінің аумағынан 100 метр ғана емес, одан да ары апару керек арақ-шараптың бәрін. Одан түк те пайда жоқ, керісінше жастарымыз, болашағымыз жапа шегіп жатыр. Сондықтан да, Қаржы министрлігінің осы ұсынысына қарсымын.
Бейтарап пікір:
Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–Заңның қолданыстағы нормасы солқылдақ екені де рас. Мәселен, әлгі балалар мекемесі мен мектептер аумағынан тыйым салынған «қызыл сызық» қай тұстан басталады? Қашадан ба, қақпадан ба, мектептің іргесінен бе? Ол қолданыстағы заңнамада нақтыланбағандықтан «100 метрдің» аумағын әркім өз бетінше санап жүр. Екіншіден, бұған дейін прокуратура да ұсыныс жасады, жемқорлыққа жол беретін басы артық норма осы деп. Әрине, қарсы пікірлердің болуы да орынды, дегенмен бүгін танысып отырғандықтан әлі де ортақ ұстанымға келетін уақыт бар. Қалдырмасақ онда нақтылайық! Оның үстіне бұндай шектеуді алып тастау мәселені шешеді деуге де келмейді, алып тастасақ балаларды қорғауды барынша күшейту қажет. Ең бастысы бұған дейінгі тәжірибені саралап, соның нәтижесіне жүгінейік.