Авторлардың қаламақысын төлеуді

Авторлардың қаламақысын төлеуді

Еліміздің шығармашылық өкілдерін тығырыққа тіреп жүрген маңызды бір жайт – қаламақы мәселесі. Табан ақы, маңдай терімен туғызған бейнетті дүниесінің зейнетін көре алмағандықтан да қаламгерлер қауымының шыр-пыр болуы заңды. Дегенмен еңбегін жарыққа шығарып қуантқаны болмаса, баспалардың көпшілігі әзірге оларды қомақты қаламақымен қуанта алмай отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзіне жүгінсек, еліміздің баспаларына наразылық білдірушілер қатары өз қаламгерлерімізді қойып, шетелдік авторлармен де толығып жатқан көрінеді. Яғни отандық баспагерлеріміз бірқатар шетелдік авторлардың еңбегін тәржімалап басуын басқанымен, оларға қаламақы төлеу қажеттігін «ескермепті». Ескерген күнде де бұл қолқаны орындауға біздің шамамыз жете ме? Осы орайда, мынандай сұрақ туындайды: мейлі, өз қаламгерлеріміз болсын, мейлі, шетелдік мықтылар болсын,  жалпы, бізде авторлардың қаламақысын төлеуді реттейтін нақты механизм бар ма?

Әлібек АСҚАРОВ, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, жазушы:

Иә

 – Қаламақы жағдайының бізде өте өзекті, жанды мәселе болып тұрғаны рас. Дегенмен мұны реттеуге болады және реттелуге тиіс те. Осыдан бірер жыл бұрын отандық баспалардан шығатын кітаптардың әр баспа табағына 150 000 теңгеге дейін қаламақы төлеу туралы шешім қабылданып, оны министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтен бастап, Нұрлан Оразалин бар, бәріміз жұртқа жариялап та жіберген едік. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, артынан қарасақ, сол қомақты ақшаның өзі кітапты басу шығынынан артылмай қалыпты.

Өйткені бізде кітапты шығаруға жұмсалатын шығын өте жоғары. Қарапайым ғана қағаздан бастап, полиграфиялық әрлеу, өңдеу техникалары, басу қондырғылары сияқты қажетті өнімдердің барлығын сырт елдерден сатып алатындықтан, кітап басу ісі бізге қымбатқа түседі. Ал авторлық қаламақы мөлшері көптеген мәселелерге, соның ішінде, негізінен, кітаптың басылу құны мен таралымына тікелей байланысты ғой. Кітап шығаруға қажетті материалдар өздерінде өндірілетін елдер, әрине, кітап өнімдерін анағұрлым арзанға сатады және таралымын да көбейте алады. Авторларға да соған тиісінше қаламақы төлейді.

Қазіргі уақытта біздегі баспалардың барлығы жекеменшік болып саналады. Яғни ЖШС болып қайта құрылған және кітап шығару жұмысы олардың іс-әрекет объектісінің бір түрі ретінде көрсетілген. Бұрыннан келе жатқаны бар, жаңадан ашылғаны бар, қазір тіпті баспа көбейіп кетті. Шығарып жатқан кітаптары да шаш етектен. Өкінішке қарай, өнімдерінің сапасы мен кәсібилік жағынан ақсап жатқандары көп. Ең бастысы, бүгінде баспалардың бірлі-жарымы ғана авторларға жақсы қаламақы төлеуге қабілетті.

Сондықтан да менің ойымша, былай істеу керек: мысалы, жылына мемлекеттік тапсырыспен 100 кітап шығару жоспарланса, соның 50-ін шығарып, қалған 50-іне бөлінген қаржыны қаламақы ретінде беру керек. Яғни авторларға қаламақы төлеуді, біріншіден, шығарылатын кітаптың санын азайту есебінен жүзеге асыруға болады. Екіншіден, қаламақы төлеудің арнайы көзін мемлекеттік тұрғыда қосымша қаржы-қаражат бөлу арқылы қарастырған жөн. Әйтпесе баспаларды мәжбүрлегеннен ештеңе шықпайды. Өйткені кітапты басу құнын да, авторларға төленетін қаламақыны да олар, айналып келгенде, өздеріне мемлекет бөлген қаржының көлемінде жүзеге асырады. Яғни көлденең табыс жоқ. Кеңсесіндегі компьютерлері мен басқа да жасау-жабдықтарын сатып төлемесе, авторларға қаламақыны олар қайдан төлейді? Әзірге кітап шығарып, байып жатқан ешқайсысы жоқ. Себебі қазақстандық кітап нарығында көршілес Ресей мен алыс-жақын шетелдің әрі сапалы, әрі арзан бағалы өнімдерінің мерейі үстем болып тұрғаны тағы рас. Мұның бәрі бір-бірімен сабақтас нәрсе ғой. Былайша айтқанда, еліміздегі кітап саудасы реттеліп, таралым мәселесі шешілген кезде авторларға қаламақы төлеу жағдайы да оң шешімін табады.
 

Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы, жазушы:

Жоқ

– Бұл жағдай мәселеге қай тұрғыдан қарауға байланысты. Мысалы, заңда «Авторларға қаламақы төленуі керек» деп жазылған. Енді біздің саламызды алайық. Біздікі – авторлар шығармаларының жария орындалуы, теледидар мен радио эфирлерінен берілуі, театрлар мен концерттік залдарда қойылуы іспетті шаралардан алынатын қаламақы жүйесін реттеу. Қазіргі таңда бұл мейлінше реттелген. Ал ақын-жазушылардың қаламақысының төленуі тұрғысынан алсақ, мен бұл сала бойынша шешілген нәрсені немесе соны реттейтіндей механизмді көріп тұрған жоқпын.

Өйткені қаламақының мемлекет тарапынан шешілген мөлшері деген нәрсе атымен жоқ. Бұрындары осындағы кітап шығаратын баспаларға қатысты қабылдаған бір құжаты бар еді, мен айтып, жазып жүріп, осыдан үш-төрт жыл бұрын күшін жойғызғанмын. Оның жарамсыз болатын себебі, біріншіден, онда бұрынғы кеңес дәуіріндегі ескі ставкаларды, ережелерді сол күйінде көшіре салған. Ал кеңес заңдарының күші одан әлдеқашан, сонау 1996 жылы жойылған болатын. Сол себепті де «Мұның бәрі – заңсыз» деп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберіп едім, олар түсіне де, тыңдай да қоймады. Содан Әділет министрлігіне жазып, әлгі құжатты кері қайтартқыздым. Одан бері де талай уақыт өтті, не болып, не қойып жатқанын білмеймін. Бірақ бір білетінім, авторлар өз құқын өзі қорғауға ниетті болуы керек те, көрінгенге жем болмауын ойлауы тиіс. Ал біздікілер қазақшылыққа салынып, аузын ашып отырады да, артынан құр мәселе көтеріп, ұлардай шулап жүреді. Осыдан кейін олармен кім санасады? Әйтпесе нан керек болса, бала-шағасына нәпақа табу керек болса, неге белсенділік танытпайды? Мысалы, үйіндегі дүниесін біреу сыпырып әкетіп бара жатса, ешкім қарап отырмайды ғой. Бұл да сол сияқты. Өзінің шығармасын біреу пайдаланған екен, демек, қаламақысын талап етсін, соған мүмкіндік беретіндей етіп, алдын ала шартқа отырсын. Жалғыз менің айтқанымнан ештеңе өнбейді. Бұған бүкіл қаламгерлер атсалысуы қажет. Мен кезінде Жазушылар одағының жиналыстарында да, газет-журналдарға берген сұхбаттарымда да: «Жалпы, ақын-жазушылар, бүкіл қаламгерлер болып, баспаларға байкот жариялауымыз керек» деп те айтқам. Соған байланысты: «Ондай жағдайда халтуршиктер көбейіп кетеді» деп қарсы дау айтқандар да болды. Алайда «халтуршиктерді» бір рет шығарар, екі рет шығарар, тіпті мейлі, онын шығар, бірақ үнемі шығара бермейді ғой. Шынайы шығармашылық иелерімен түбі бір санасуға мәжбүр болады. Өз басым кез келген баспамен алдын ала шартқа отырамын. Келіссе, келісті. Келіспесе, мен неге оның құр шығарғанына бола ғана кітабымды беруім керек? Одан да шықпай-ақ қойсын. Әйтеуір, бір уақыты келер...

Бейтарап пікір

Әшірбек СЫҒАЙ, профессор, сыншы:

– Еліміздегі шығармашылық өкілдерін қан қақсатып келе жатқан ең өзекті мәселенің бірі де осы – қаламақы жағдайы. Шетелде кез келген ақын-жазушы қаламының ұшымен ғана қыруар байлыққа кенеліп, шалқып-тасып өмір сүреді. Мысалы, қазір баяғы кеңес заманын жатып кеп жамандаймыз. Бірақ сол жүйенің бір жақсылығы – кісі ақысын жемеуші еді. Ақын-жазушы, композитор, суретші, режиссер деген сияқты шығармашылық өкілдерінің бәрі еңбегіне сай азды-көпті қаламақы алып, жырғап жүретін. Қолына қомақты қаражат тигендері тіпті соған машина, үй, саяжай сатып алуға да мүмкіндігі болатын. Ал қазіргі қаламақы төлемеу «үрдісі» адамды қанау емей, немене? Еңбегіңнің жемісін жемесең, жұмысың лайықты бағаланбаса, жалпы, не үшін тер төгесің? Мемлекеттік деңгейде құжат қабылдап, бір шешімін таппаса, қаламақы мәселесінің бітеу жара күйінде қалғаны – қалған. Қаламгер қауымының айтып, жазып, құр күңіренгенінен бәрібір ештеңе шықпайды.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста